Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Маусым, 2016

1787

«Қымызмұрындық» мерекесі өтті

Павлодарда жыл сайынғы «Бір шаңырақ астында» жазғы фестивалі бастау алды. Аталмыш фестиваль шеңберінде 24 облыстық этномәдени бірлестік қала тұрғындары мен қонақтарын өз этносының өзіндік мәдениетімен және дәстүрімен таныстырады.

Осы жылы фестиваль қазақ халқының ең жарқын мерекелерінің бірі - «Қымызмұрындықпен» ашылды. Қымыз мерекесі кең ауқымды өтіп, үлкен халықтық сауық-сайранға айналды. Барлық қонақтарды қонақжайлылықпен, молшылықпен, халықтық таланттармен, әндермен және билермен қуантты.

Ата заманнан келе жатқан мереке осы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналды. Іс-шараны «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Дәстүр бойынша «Қымызмұрындық» мерекесі Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Қашыр, Май, Павлодар, Лебяжі және Успен аудандарынан қонақтарды жинады. Шақырылған  қонақтардың арасында – құрметті ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және қоғам өкілдері болды.

Осы шуақты күні қалалық саябақ нағыз қазақ ауылына айналды. Арнайы мереке үшін бір тоннадан астам қымыз бен жарты тоннадай бауырсақ дайындалды. Бауырсақтар саябақ алаңында қазанда пісірілді. Барлық қонақтар үшін 12 киіз үйдің есігі ашық болды, қалаған адамдар таңнан бастап емдік сусын мен ұлттық тағамнан ауыз тие алды. Ал мерекелік сахнада «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің облыстық және аудандық филиалдарының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен үлкен концерт өтті.

Ұлттық мерекенің терең тарихы бар. Ежелгі дәстүр бойынша бірінші саумадан жиналған қымыз көршілер мен қонақтарға таратылып беріледі. Қазақ шеберлерінің айтуынша, қымыздың  жиырма бестен астам түрі бар. Мамырдағы қымыз – уызқымыз – ең құндысы, ақ уыздан жасалады. Маусымдық – сарықымыздың сарғыш түсі болады, ал шілде айында дайындалатын құнарқымыз өзінің нәрлілігімен бағаланады.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қазбекұлы Қасенов өз сөзінде жыл сайынғы «Қымызмұрындық» мерекесі павлодарлықтар үшін дәстүрлі мерекеге айналды деп атап өтті. «Бұл - біздің мемлекетімізде тұрып жатқан барлық этностар арасындағы достықты нығайтатын, халықты біріктіретін мереке» деп атап өтті. Бауыржан Қазбекұлы сусынның тарихы және оның пайдалы құрамы туралы да айтып өтті. «Қазақстанның Алтай өлкесі аймағында қолға үйретілген аттың сүйегі мен біздің кезге дейін 5 мың жылдан астам уақыт өткен қымыздың майлы қалдықтары қалған ыдыстар табылды. Бұл емдік сусынның ежелгі тарихының айқын айғағы. Сондай-ақ, қымыз ағзадан радионуклидтерді шығаратын сусын екенін атап өту керек», - деді ол. Өз сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары аймақ тұрғындарының барлығына денсаулық пен амандық, сонымен қатар осы күндері егін салу жұмыстарын аяқтап жатқан дихандарға жемісті жыл тіледі.

 

Мақсат Айтпаев

Кейін қарай