Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Мамыр, 2022

773

«2022 жылғы референдум: жаңа саяси өлшем және Екінші Республика» тақырыбындағы республикалық әдістемелік семинар

2022 жылғы 20-21 мамырда «Қоғамдық келісім» РММ Алматы облысы Талдықорған қаласының Салтанат сарайында (7 мөлтек ауданы, 10) «2022 жылғы референдум: жаңа саяси өлшем және Екінші Республика» тақырыбындағы республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының өкілдері, сонымен қатар аналитикалық, зерттеу институттарының және орталықтарының сарапшылары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының «Қоғамдық келісім» КММ басшылары қатысты.

Семинар барысында ашық диалог форматында қатысушылар тарихи маңызды саяси бастамалар болып табылатын конституциялық реформаларды талқылады. Сондай-ақ, елде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына кешенді әсер ететін және билік пен азаматтар арасындағы сенімнің нығаюын қамтамасыз ететін бүкіл саяси жүйені «қалпына келтіру» кезеңіндегі Екінші Республиканың даму перспективалары қарастырылды.

ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғ.Құсманғали өз сөзін бүгінгі күнде қоғамда қызу талқыланып жатқан Президенттің конституциялық реформаларға қатысты бастамалары жөнінде бастады: «Баршаңызға мәлім, бүгінде еліміз үлкен тарихи оқиға мен саяси жаңарудың алдында тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІ сессиясының барысында Мемлекет басшысы жаңа конституциялық реформаларды қабылдау мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдумды өткізу жөнінде шешімін жариялады.

Сонымен қатар, Ғ.Құсманғали «Қазіргі әлемде орын алған халықаралық тұрақсыздық пен геосаяси ахуал жағдайында Референдум арқылы конституциялық реформаларды қолдау – бұл Мемлекет басшысының қазіргі бағытын, Жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен Екінші Республиканың идеяларын іске асыру жолында қажетті халық бірлігінің көрінісі» деп белгілеп өтті.

Сөз соңында Ғ.Құсманғали «Бүгінгі таңда трансформация тек қазақстандық қоғамда ғана емес, бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешуде, адамзат қарқынды прогресс пен ауқымды өзгерістердің жаңа дәуіріне аяқ басып отыр, біз осы процестерден тыс қалмай, өзгерістерге бейімделіп, жаңаша дамудың көшінде ілгері болуымыз қажет» - деп белгілеп өтіп, барша қатысушыларды 5 маусымда референдумға белсенді қатысуға шақырды».


Кейін қарай