Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Мамыр, 2016

1322

3000-нан аса қарағандылық диктант жазды

18 мамыр күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналған алғаш рет жалпықазақстандық ашық диктант өтті. Мемлекеттік тілдегі диктант облыстағы 9 қала мен 7 ауданда бір мезгілде басталды. Облыстағы түрлі деңгейдегі кітапханалар, оның ішінде оқу орындарының кітапханалары да іс-шараның басты қолдаушылары болды.

Қазақшасының дәрежесін тексеруге этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдарының мүшелері, зейнеткерлер, жоғары және орта мамандандырылған оқу орындарының студенттері қызығушылық танытса, тіпті өз бастамаларымен ерік білдіргендер де келіп қатысты. Жалпы есеппен, облыстық кітапханада диктант жазғандардың саны 110 адамды құрады.

230 символдан құралған диктантта Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің мазмұны егжей-тегжей баяндалған. Жазылған диктанттарды тексеруге арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Дина Аманжолова, аталмыш кітапхананың абонемент бөлімінің меңгерушісі Бақыт Әбеуова, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі этносаралық қарым-қатынастарды талдау және мониторингтеу бөлімінің қызметкері  Ләззат Мағзұмова кірді.

Диктанттың ресми ашылуынан кейін құттықтау сөз Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Тілеубек Камалиевке ұсынылды. Т.Камалиев өз сөзінде: «Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты - «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін насихаттау арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның қоғамдық маңызын арттыру», - деп атап кетті. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің астарында әрбір азамат үшін мәні терең: ел бірлігі, тұрақтылық, ертеңгі күнге сенімділік сияқты құндылықтардың жатқанын баса айтты. Сөз соңында ашық диктант жазу қатысушылар үшін қазақ тілін білу және сауатты жазу деңгейін тексеруге өзгеше мүмкіндік екенін айта келе, қатысуға белсенділік танытқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Қарағанды қаласында ашық диктант М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында да ұйымдастырылды. Онда облыстық ҚХА мүшелері, оқытушылар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және тілек білдіруші қарапайым тұрғындар да қатысты.

«Іс-шара міндеті – қатысушылардың сауаттылығын анықтап, мемлекеттік тіл мәрбесін көтеру. Сонымен бірге «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін дәріптеу. Сауатты жазу – сауатты сөйлеуді қалыптастыратыны сөзсіз. Сол үшін де, аталмыш акция қазақ тілінде тілдесу мәдениетін қалыптастырып, оны дамытуға оң әсер етеді», - дейді Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, комиссия мүшесі Дина Аманжолова.

Қарағанды облысы бойынша жалпықазақстандық диктантқа нақты есеппен 3479 тұрғын қатысты, оның ішінде 296 адам – этномәдени бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік қызметкерлердің саны 952 адамды құрады, 92-сі – қоғам қайраткерлері. Диктант нәтижесі бойынша қатысушылардың 30% «өте жақсы» деген баға алса, 44% «жақсы» деген көрсеткішті көрсетті.

Ең үздік диктанттарға алдағы уақытта Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен алғыс хаттар ұсынылады.

   

   

 

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

 

 

Кейін қарай