Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Ақпан, 2016

938

Ақсақалдар бас қосты

«Достық үйінде» ақсақалдар жиыны өтті. Тағылымды жиынға Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, облыстық және қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары,  ардагерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның мақсаты - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өту, ҚР Парламенті  Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама мен ҚР Президенті «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысын талқылау.

Кездесу ұйымдастырушылары Маңғыстау облысы әкімі апаратының «Қоғамдық келісім» КММ мен Маңғыстау облысы «Қазақ тілі» қоғамы.

Кездесуді жиын модераторы Маңғыстау облысы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Есберген Іңірбайұлы ашты. «2016 жыл еліміз үшін маңызды жыл болып отыр. Біз ел тарихындағы айтулы шараларды атап өтуді қолға алуымыз қажет. 2015-ші жылды маңғыстаулықтар абыроймен өткізді,  облыстағы 20 этномәдени бірлестік татулық пен бірлік жолында атқарылған істерге өздерінің ерекше үлестерін қосты. Алда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы сынды маңызды шара күтіп тұр. Бұл сайлауға баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалысуымыз керек», деді ол.

Іс-шара аясында мұнайлы аймақтағы татулық пен бірлік мәселелері де талқыланды. «Бірлігі жарасқан Маңғыстауда тұрғаныма ризамын, - дейді «Қазақстан кәрістері» Ассоциациясы Ақтау қалалық филиалының төрайымы Райса Маденова-Хван. - Мен Өзбекстанда туылдым, Қазақстанда өстім. Мен кең-байтақ қазақ жерін, қазақ халқын ерекше жақсы көремін. Себебі, Қазақстан маған қиналғанда қол ұшын созып, көмек берді. Мен осындай Қазақстанымды мақтан тұтамын».

Жиын барысында этномәдени бірлестік төрағалары өлке тарихын меңгеру үшін жастарға түрлі экскурсиялар ұйымдастыру жайында ақсақалдарға ұсыныс айтты. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өлке тарихын меңгертуіміз қажет, - дейді «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Ю.Шахшаев. - Біз өткен жылы республика көлемінде ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» атты экспедицияға қатыстық. Нәтижесінде біз Маңғыстау облысын түгелімен аралап шығып, өзімізге көп мәлімет алдық. Менің ойымша осы жобаны ары қарай қолға алып, тағы да экспедициялар ұйымдастыруымыз керек. Себебі, жастарға өлке тарихын түсіндіру шарт».

Іс-шара соңында ақсақалдар этномәдени бірлестіктердің мұражайымен танысты. Этномәдени бірлестіктер өкілдерімен өзара пікір алысқан ақсақалдар топтасып естелікке суретке түсіп, ризашылықпен тарқасты.

   

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай