Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Ақпан, 2016

914

Ақтау кәрістері Сольналь мерекесін атап өтті

«Қазақстан кәрістері ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалы Сольналь мерекесін атап өтті. Тағылымды іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б. Нұрғазиева, аталмыш бірлестік жастары мен қариялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығы,  Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері  қатысты. 

Сольналь кәрістер үшін отбасылық бірліктің символы іспеттес. Іс-шарада бірлестік жастары шараға келген үлкендерге деген сыйластығын білдіру мақсатында «себэ» рәсімін (бас ию) жасады. Ал, үлкендер өз кезегінде жастарға бата береді.

Бұл күнде жақсы көңіл-күйде болу жыл бойына жақсылықтардың көп болуына себепші болады, сондықтан да кәріс халқы бұл күнді кең ауқымды тойлайды. «Біз жылдағы әдетімізден жаңылмай биыл да өзіміздің жаңа жыл мерекемізді атап өттік. Бұл мереке біз үшін өте қымбат мерекенің бірі. Себебі, бұл күні біздің кішілеріміз үлкендерге өздерінің құрметін көрсетіп, оларға барынша қамқорлық жасайды. Біз бүгін өзіміздің этномәдени бірлестігіміздің үлкен буынын шақырып оларға қолдан келгенше сый-сияпатымызды көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар, бұл күні біз өмірден озған ата-бабалар әруағын еске аламыз. Бұл дегеніміз өз кезегінде өткенді ұмытпай, ұлықтау дегенді білдіреді»,-дейді Қазақстан кәрістері ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалының төрайымы Райса Маденова-Хван. Іс-шара аясында мерекелік концерт болды. Онда кәріс тілінде әндер шырқалып, бишілер би биледі.

Бұл мереке Қазақстан халқының әр алуандығын тағы бір еске түсіргендей, дейді шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева. - Бүгінгі мереке түрлі-түске боялған қызықты мереке болып отыр. Мұнда бүгін мереке иелері емес, біздің басқа да этномдени бірлестіктеріміздің мүшелері отыр. Мен бұл мерекені достықтың, татулықтың мерекесі деп айтар едім. Біз бүгін «Қазақстан кәрістері ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтау қалалық филиалымен екінші рет жаңа жыл мерекесін тойлап, керемет көңіл-күйде отырмыз. Мереке мерекеге ұлассын». 

Іс-шара барысында келген қонақтар кәрістердің ұлттық тағамдарынан дәм татып, кәріс тіліндегі өлеңдермен сусындады.

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай