Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Наурыз, 2017

1191

АҚТАУДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТТІ

 

Қарт Каспийдің жағалауында ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шарада әсем ән шырқалып, тәтті күйлер ойналды. Нақышты билер орындалып, көріністер қойылды. Түрлі көрмелер ұйымдастырылып, киіз үйлер қалашығы тұрғызылды.

Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан ерекше өрнектелген, көздің жауын алатын киіз үй тігілді. Киіз үйдің сырт пішіні мен келбеті қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін дүниелермен безендірілген. Оның ішіне ұлттық тағамдар мен сусындарға бай ақ дастархан жайылды. Қазақтың ұлттық киімдері мен бұйымдары қойылды. Қонақтарға арнап ас беріліп, ақсақалдарға бас тартылды.

Киіз үй маңында эномәдени бірлестіктер өкілдері халық әндерін орындап, түрлі аспаптарда ойнады. Көңілді әуендерге билеп, мерекенің сәнін

келтірді. Тұрғындарға бауырсақтар мен ыстық шай беріліп, палау тағамы ұсынылды.

Сонымен қатар, қазақ халқының тұрмыс салт-дәстүрлерінен театрландырылған қойылым қойылды. «Сырға салу» және «Қыз ұзату» көріністері ұйымдастырылды. Ақ бата беріліп, шашу шашылды. Мейрамда ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады. Жастар арасында қазақтың ұлттық ойын түрлерінен түрлі жарыстар өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы тіккен ақ қанатты ақ үйге Маңғыстау облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы Наурыз мейрамымен құттықтап келді. Ол ақ дастархан басында жиналғандарға ақ тілегін білдірді.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурызды маңғыстаулықтар осылай қарсы алып, атап өтті. Ақтың молаятын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі –Наурыз құтты болсын!

Кейін қарай