Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2017

1493

Алматы қаласының Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1931 – 1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты болды

2017 жылдың 31 мамырында, Алматы қаласының Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1931 – 1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары ескерткішінің ресми ашылу салтанаты болды. Аталған шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Хамедов Абилфас Муслимович, Алматы қаласының әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Мұрынова Жаннат Шарапханқызы, «Ирныхас» осетин мәдени ағарту орталығының төрағасы Мамсуров Казбек Владимирович, этномәдени бірлестіктердің басқа да төрағалары, репрессия мен ашаршылыққа ұшырағандардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қала белсенділері мен жастар қатысты.

Алматы әкімі монументтің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапрысмасымен ашылып отырғанынын айтты. 1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда түрлі деректер бойынша үш миллионнан астам адам опат болған, ал 1931-1933 жылдары 1 млн. 700 мың адам қырылып кеткен. 1937-1938 жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық репрессияға ұшыраған.

«Бүгін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті Алматыда да ашқалы отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өткен жылы біз осы ескерткішті жасауға байқау жариялаған едік. Оған жалпы саны 21 жоба түсіп, көпшіліктің, арнайы мамандардың талқылауына ұсынылды. Астанадағы мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен жобалардың ішінен баласын кеудесіне қысқан Ана бейнесі жеңімпаз деп танылды. Ана – барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлттың ұйтқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті – ел қасіреті. Аштықтан бұратылған болашағын – өз сәбиін құшақтаған Ананың қайғылы халі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Ашылғалы отырған ескерткіш өскелең ұрпақтың жазықсыз шейіт болған ата-бабалар мен аналардың рухына бас иіп, Тәуелсіздіктің тәттілігін, азаттық пен бейбіт өмірдің баға жетпес байлық екенін ұғына білетін киелі орын болсын деп тілейміз! Бұл ескерткіштің мәні – өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін - тағылым», - деді Б.Байбек.

Кейін қарай