Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қаңтар, 2016

898

Алматы жастары сайлауды қолдайды

2016 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде «ҚХА: «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру мәнмәтінінде  жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеу мәселелері» тақырыбы бойынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі болып өтті. Аталмыш іс-шараны «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Расул Ахметов жүргізіп отырды. Жастардың патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбиесі жөнінде өткен іс-шараға «Тұран» университетінің студенттері, Алматы жастар ұйымдарының төрағалары мен өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Құрылық әскері әскери институтының гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Құдабаев Болат Қалханұлы, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар саясатын дамыту бөлімінің жетекшісі Ақтаева Маржан, Украин мәдени орталығының төрайымы Агапова Тамара Алексеевна, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті Ахметов Мәди Абылайұлы, «Тұран» университетінің «Априори» пікірсайыс клубының жетекшісі Аққожа Дастан баяндама жасады.

ҚР ҚМ Құрылық әскері әскери институтының гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Болат Құдабаев: «Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында жетінші бағыт болып көрсетілген жаңа қазақстандық патриотизм жөнінде ой-пікірін білдірді. Сондай-ақ, жас буынның бойында патриоттық  құлшынысты ояту отбасынан басталатынын, бала ес білгелі «елім» деп, «жерім» деп өз ұлтына қызмет етуге дайындалуы керектігін, әр қазақ баласы мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, бағалау қажеттігін жадында тұтуы керек деп атап көрсетті.

Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс студенті Ахметов Мади: «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға арналған 7-бағыты туралы әңгімені жалғастырды. «Республика халқының құрамында 14-29 жас аралығындағы жастардың үлес пайызы 27,5-ті құрайды, яғни Қазақстандағы 5 млн тұрғын –  жастар, негізгі қозғаушы күш жастар болуы тиіс. Рухани, адамгершілік тәрбиеге көп көңіл бөлініп, жастардың әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін көрсету өз қолымызда. Еліне деген махаббатты әр адам өз қаласының тазалығынан бастау керек деп санаймын. Біз білімімізбен еліміздің өркендеуіне ат салысып, ерен еңбек етіп, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарында болуы үшін еңбек етейік» - деп өз пікірін білдірді.

Жиын соңында барлық жастар бірауыздан ҚР Парламенті мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Президент Жарлығын қолдайтындары туралы мәлімдеме жасады.   

   

Кейін қарай