Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Желтоқсан, 2025

87

Алматыда ҚХА 30 жылдығына және Ш. Айтматовтың 97 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық конференция өтті

2025 жылдың 12 желтоқсанында Республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Шыңғыс Айтматовтың 97 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық конференция өз жұмысын өткізді. Іс-шараның ұйымдастырушысы – “Қазақстан қырғыздары қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігі.

“Айтматовтың жаңғырығы: Алатаудан Ұлы далаға” атты конференция қазақстандық және қырғыз әдебиет қайраткерлерін, ғалымдар мен сарапшыларды, зиялы қауым өкілдерін, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, сондай-ақ Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттерін бір алаңға жинады.



Конференцияның ресми ашылуы барысында қатысушыларға бірқатар құттықтау хаттар таныстырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың құттықтауында Шыңғыс Айтматовтың терең гуманизмге негізделген шығармашылығы халықтар арасындағы мәдени байланыстарды күшейтіп, әлемдік әдеби мұраның ажырамас бөлігіне айналғаны атап өтілді. Сонымен қатар ұйымдастырушы тарапқа, оның ішінде Қазақстан қырғыздары қауымдастығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Шавкат Исмаиловқа ризашылық білдірілді.



ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтауында конференцияның тарихи-мәдени мұраны құрметтеудің маңызды нышаны әрі ортақ түркі рухани кеңістігін сақтау мен дамыту жолындағы елеулі қадам екендігі айрықша аталды.

Дипломатиялық корпус, ғылыми және шығармашылық қауым өкілдері өз баяндамаларында Шыңғыс Айтматов мұрасының халықтар арасындағы мәдени және рухани үнқатысуды тереңдетуге, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін жан-жақты атап өтті.

Ханой университетінің профессоры Нгуен Ван Чиен конференцияға аралас форматта қатысып, Шыңғыс Айтматов шығармаларының Вьетнамда аударылуы, ғылыми айналымға енуі және кеңінен танылуы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. 2024 жылы Қазақстан қырғыздары қауымдастығының қолдауымен Вьетнамда “Шыңғыс ханның ақ бұлты” шығармасы жарық көргені атап өтілді.



Өз сөзінде Шавкат Исмаилов жас буынды ғылыми-шығармашылық қызметке тартудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол “Шыңғыс ханның ақ бұлты” еңбегі Вьетнамда 1 500 дана тиражбен басылып, елдің жетекші университеттері мен кітапханаларына тапсырылғанын, сондай-ақ туындының даналары Алматы мен Астана қалаларындағы Достық үйлеріне және ұлттық кітапханаларға жолданғанын мәлім етті.

Жиын барысында қырғызстандық ақын әрі көркемсөз шебері Раимжан Курбановтың орындауындағы әдеби композиция қатысушылар тарапынан ерекше ықыласқа ие болды.

Конференция аясында “Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм” атты Халықаралық эссе байқауының қорытындылары шығарылды. Биыл байқауға 10 мемлекеттен 1 137 жұмыс қабылданды. Жеңімпаздарға және олардың ғылыми жетекшілеріне дипломдар, сертификаттар және алғыс хаттар табысталды.

Іс-шараның мәдени-музыкалық-поэтикалық бағдарламасы жазушының шығармашылық мұрасын көркемдік тәсілдер арқылы жаңаша қырынан танытып, конференцияның барлық негізгі бөлімдерін толықтыра түсті.

Кейін қарай

Ең оқылымды