
26 Қыркүйек, 2018
3786
Ғани Нығметов: «100 жаңа оқулық» жобасының астарында сананы рухани жаңғырту мәселесі жатыр
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің, жеріміздің тарихын әспеттеу үшін, рухани өсу үшін, алдымен, гуманитарлық салаға аса көңіл бөлінуі керектігін баса айтқан болатын.
Осыған орай Мемлекет басшысы «100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тиісті орындарға тапсырды. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастарымыздың өз деңгейінде білім алуы үшін, оқуын тереңдету мақсатында елде 100 жаңа оқулық жобасы қолға алынуы тиіс. Әр өңір, әр аудан, қала басшылары осы бағытта жұмыс істеп, еліміздің тарихынан, мәдениетінен, гуманитарлық білімінен сыр шертетін оқулықтардың қазақ тілінде басылып шығарылуына мән берілуі керек» деген болатын.
Міне, қазірде елімізде осы мақсатта бірқатар шаралар қолға алынып, облыс, қала, аудан көлемінде жаңа оқулықтар шығарылып жатыр. Бұған қатысты пікір білдірген мамандардың басым бөлігі «бұл шара Қазақстанның рухани кемелденуіне жол ашады» дейді.
Мәселен, бұл ретте тарих ғылымының кандидаты Бауыржан Мейірбеков «Жастарымыздың әлемдік ғылыми стандартқа сай білім алуы үшін ғылыми оқулықтардың қазақ тіліне аударылып, қайта басылып шығарылуы үлкен құндылық. Алдағы бес жылдықта осы шараны атқара алсақ, бұл көптен күткен жақсы істің орындалғаны болар еді. Мысалы, қазір көптеген Жоғары оқу орындарында ғалымдардың оқулықтары тек қана орыс тілінде басылып шығарылған. Ал, қазақ топтарында білім алатын студенттер үшін мұндай оқулықтарды өздері түсініп оқуына немесе аударуына тура келеді. Жастарды «100 жаңа оқулық» жобасы арқылы осындай қиыншылықтан құтқарсақ, бұл нұр үстіне нұр болады» деді.
Ғалымның айтуынша, «100 жаңа оқулық» жобасы бірінші кезекте осы мәселені шешуге көмектеседі. Сондықтан, Жоғары оқу орындарының мамандары Елбасының аталмыш бастамасын қолдап отыр.
Мамандардың пайымдауынша, бұл жоба арқылы техника ғылымы саласында білім алып жатқан көптеген мамандардың рухани мәдениетін арттыра аламыз. «Себебі, қазір осы салада жүрген мамандардың басым бөлігі ғалымнан аудармашыға айналып кеткен» дейді мамандар.
Бұл ретте бізге пікір білдірген техника ғылымының докторы Жаңаділда Баяхметов: «Қазір техника саласында жүрген ғалымдарымыздың көпшілігі орыс тілінен қажетті мәліметтерді қазақ тіліне аударып, әлекке түседі. Өйткені, бұл салада біз көбінесе орыс ғалымдарының еңбектеріне жүгінеміз. Осы ретте аталмыш жобаны пайдалана отырып, бізге қатысты оқулықтар қазақ тілінде көптеп шығарылса деймін. Біз қазір ғалымнан аудармашыға айналып кеттік. Ғылыми еңбектеріміз бірінші кезекте қазақ тілінде жариялануы керек. Ол үшін, әрине, орысша еңбектерді ақтарамыз, ізденеміз, зерттейміз. Міне, осындай сәтте уақытымыздың көпшілігі аударма жұмысына кетеді. Мемлекет басшысы көтеріп отырған бастаманың ең өзектілігі — шығарылатын кітаптардың қазақ тілінде болуы керектігі. Ендеше, мұндай бастаманы неге қолдамасқа?! Өз басым осы бастаманың арқасында «Робототехника және оның негіздері» деген кітабымды қазақ тілінде шығардым. Басқа да әріптестерімді осыған бағыттаймын. Қазақ тілінде ғылыми еңбектердің шығуы қазақ қоғамының рухани дүниесін жаңғыртады. Сондықтан, мұны өте жақсы бастама ретінде қолдаймын» деді.
Жалпы, «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша бірінші кезекте қазақ тілінде аударылатын кітаптардың тізімін жасау үшін Жоғары оқу орнының ғалымдарына ұсыныс тасталған. Осы бағытта қазірде 800 оқулықты қазақ тіліне аудару жоспарланып отырған көрінеді. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару үшін әр Жоғары оқу орнынан 200-ге жуық маман таңдалып алынған. 2017 жылы осы жобаны іске асыру үшін 18 оқулық қазақ тіліне аударылған. Аталмыш оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап Жоғары оқу орындарының білім жүйесіне енгізіле бастайды.
Бұл ретте Ұлттық аударма бюросының маманы Рауан Кенжеханұлы «Мұндай ауқымды жоба Қазақстанда бұрын-соңды жүзеге асырылмаған. Бұл жоба барысында, біріншіден, гуманитарлық сала бойынша әлемнің ең үздік 100 оқулығы қазақ тіліне аударылады. Екіншіден, гуманитарлық сала бойынша Студенттер пайдаланатын оқулықтар қазақ тіліне аударылады. Үшіншіден, бұл жоба Қазақстандағы аударма мектебінің мол тәжірибе жинақтауына үлкен ықпал етеді. Сондықтан, өз басым аталмыш жобаның нәтижелі болатынына сенімім мол» деді.
Жалпы, жобаға қатысты мамандардың айтар пікірі оң. Қазір ғылыми салада бәсекелестік артып тұрған тұста «мұндай бастамалар қазақ ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттырады» дейді мамандар.
Бұған қатысты экономист-ғалым Дәурен Арын «Жаңа гуманитарлық ғылым. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын қолға алу біздің ғылымға үлкен серпін береді. Осы жоба бойынша әлемдегі ең үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылады. Экономика, гуманитарлық сала, психология, педагогика, тарих саласына қатысты оқулықтардың қазақ тіліне аударылуын жетістік деп есептеймін. Бізде бір ғана экономика саласы бойынша қазақ тілінде қаншама оқулықтар жетіспейді. Әрбір аударылған оқулықтар 10 мың данамен таралады деп отыр. Демек, бұл арада білім кеңістігі кеңейеді. Сондықтан, аталмыш жобаның болашағы зор болғанын қалаймын» деді.
Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, «100 жаңа оқулық» жобасының қоғамға берері мол. Бұл жобаның басты мақсаты — жастардың санасына дүниежүзіндегі таңдаулы білімді сіңіру. Мысалы, бұл жоба аясында француз, италян, корей ғалымдарының еңбектерін де қазақ тіліне аудару жоспарланып отыр. Бір ғана француз философы Реми Хемс еңбектерінде қаншама ілім-білім жатыр?! Әлемге танымал, еңбектері аңыз болып қалған ғалымдардың еңбектерін қазақ жастары өз тілінде түсініп оқыса, бұл олардың білім көкжиегін кеңейтері анық.
Бұл ретте Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов: «Мұндай жобаларды қолдау өте маңызды. Бұл біздің қазақ жастарының, қазақ қоғамының рухани дүниесінің толығуына өз әсерін береді. Елбасы саясатының барысында қазір қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Өз көкжиегін кеңейткісі келген адамға барлық мүмкіндіктер ашылған. Шетелде білім алып келген қазақ жастары қазір түрлі қызметтерде өздерін танытып жүр. Сондықтан, бұл арада 100 жаңа оқулық жобасына бейтарап қарауға болмайды. Мұның астарында сананы рухани жаңғырту мәселесі жатыр. Сана рухани жаңарып отырса, адам капиталы ешқашан тозбайды. Ал, мемлекетке тозбайтын, шаршамайтын, қажымайтын, білімді, жұмыс істей алатын адам капиталы әрқашан да керек. Мемлекетіміздің өсіп-өнуі үшін білімді, саналы ұрпақ тәрбиесі қашанда маңызды» деді.
Осылайша, мамандардың сөзінен байыптағанымыздай, «100 жаңа оқулық жобасы» танымды байытып, рухани жаңғыруды арттыра түспек. Ендеше, біз де өз тарапымыздан осы жобаның басы-қасында жүргендерге сәттілік тіледік. Кітаптың сарқылмайтын қазына екені бұған дейін де айтылып келді. Ғасыр мен ғасырды, қоғам мен қоғамды тоғыстыратын кітап және ондағы түйдектелген білім екенін ескерсек, бұл жобаның да қазаққа берері мол екені даусыз. Олай болса, жобаның қадамы қарымды болғанын біз де қалаймыз...
Дата события ассамблеи: 26.09.2018
Ұқсас жаңалықтар
-
«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмалар аясында жастар бастамаларын талқылау» диалог алаңы өтті
-
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы басқармасының өкілдері Ақмола облыстық ҚХА корей этномәдени бірлестік белсенділерімен кездесті
-
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер және мәслихат өкілдерімен кездесу өткізді
-
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күнімен құттықтауы
-
Астанада «Қазақстан мен Беларусь: достық әуендері» атты Беларусь мәдениетінің фестивалі өтті
-
ҚХА Хатшылығында жұмыс отырысы: Солтүстік Қазақстан облысы
9 Шілде, 18:16
Алена Жапониядағы жарыстан жеңіспен оралды
11 Шілде, 20:09
«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмалар аясында жастар бастамаларын талқылау» диалог алаңы өтті
9 Шілде, 13:10
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер және мәслихат өкілдерімен кездесу өткізді
9 Шілде, 17:11
ҚЫЗЫЛОРДАДА ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯНЫҢ ХХVII СЕССИЯСЫ ӨТТІ
10 Шілде, 16:32
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы басқармасының өкілдері Ақмола облыстық ҚХА корей этномәдени бірлестік белсенділерімен кездесті
Ұқсас жаңалықтар
-
«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмалар аясында жастар бастамаларын талқылау» диалог алаңы өтті
-
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы басқармасының өкілдері Ақмола облыстық ҚХА корей этномәдени бірлестік белсенділерімен кездесті
-
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер және мәслихат өкілдерімен кездесу өткізді
-
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күнімен құттықтауы
-
Астанада «Қазақстан мен Беларусь: достық әуендері» атты Беларусь мәдениетінің фестивалі өтті
-
ҚХА Хатшылығында жұмыс отырысы: Солтүстік Қазақстан облысы