Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Ақпан, 2021

973

Қарағанды облыстық ҚХА Әлімхан Ермековке арналған тағылымды шара өткізді

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермековтың туылғанына 130 жыл толып отыр. ​ ​Алаш арыстарының кіндік қаны тамып, табаны талай тиген Қарағанды жері де біртуар тұлғаларды насихаттап, ұлықтау мақсатында бірқатар шараларды өткізуді бастап кеткен болатын.

Осыған орай Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ұлы тұлғаға арналған дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми-сараптама тобының, этномәдени бірлестіктердің, ​ "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының өкілдері қатысқан шарада ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, Әлімхан Ермековтың немересі, «Maryadi education» білім беру орталығының басшысы, экономика ғылымдарының докторы Олег Ермеков, Еуразия университетінің профессоры Қанат Өскембаев, "Қоғамдық келісім" басшысы Бахтиар Бекмұрзаев, ҚХА кафедрасының аға оқытушысы, шара модераторы Жарқын Түсіпбеков тұлға жайлы орамды ойларын ортаға салды.


Алғы сөз кезегін алған Ерлан Құсайын:

- Қазақ зиялысы ​ ​ Әлімхан Ермеков өз бойындағы тағдыр сыйлаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын Алаш үшін, ​ жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз. ​Өз еліміздің тарихын тану арқылы ғана ​ тәуелсіздігіміздің қадіріне жете аламыз. Қазақ халқының тарихына үңіліп қарасақ, еліміздің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы баһадүр бабаларымыздың, қайраткерлеріміздің жанкешті күресін​ аңғарамыз. Осынау ​ ​ күрес жолында ХІХ мен ХХ ғасыр тоғысындағы зиялылардың алатын орны ерекше. Соның бірегейі - Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – білім мен өнерге ерте қол созған, әйгілі ғалым, ірі қоғам қайраткері, әдебиет және мәдениеттің үлкен жанашары. Көзі тірісінде Алаштың ардақты ұлы өзі айтқандай, «Алаш партиясын құрудағы басты мақсат ол қазақ халқының болашақ тағдыры мен әлемнің озық мәдениетті елдерімен терезесі тең мемлекет құру болатын» деген екен. Бүгінгі тәуелсіздік - сол тұлғалардың мұраттарының орындалғанының дәлелі, - деді.

Әлімхан Ермековтің қоғамдық-саяси өмірі, Алаш қозғалысындағы ерен еңбегі жайындағы тарихи құндылығы зор деректермен Олег Мағауияұлы бөлісті.

Бұдан соң "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы облыстық штабының жетекшісі Нұрсұлтан Талипов деректі бейне сюжет ұсынды.

- Әлімхан Ермеков қазіргі мен білім алып жатқан Қарағанды техникалық университетінің іргесін көтеріп, соңына көп шәкірт қалдырған тұлға. Тар жол, тайғақ кешуге қарамастан зиялылық пен даналықты, берік азаматтық ұстамдылықты сақтай алды. Оның өнегелі өмір жолы бізге қашан да үлгі, – деп түйіндеді ол.


Кейін қарай