Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Ақпан, 2016

1204

Армяндардың ұлттық мерекесі

Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқытушысы Аракелян Сусанна Дерениковна оқушыларға «Көктемді қарсы алу» тақырыбын тереңдете ашу мақсатында Достық үйінің алаңында «Терендез» мерекесін ұйымдастырды. Бұл күні мектеп оқытушылары «Айреник» армян этномәдени бірлестігімен бірлесе отырып, балалар мен олардың ата-аналарын этнос мәдениетіне баулуға жағдай жасады. Бейбітшілік пен келісімді дамытуға бағытталған отбасылық мереке терендезге лирика, экспрессия, театрландырылған көріністер қосылды. 

Терендез – армян халқының ұлттық мерекесі болып табылады. Бұл мереке орыс халқының масленицасына өте ұқсас болып келеді.

Мерекенің түп-тамыры пұтқа және отқа табынудан көрініс табады. Алғашында бұл мейрам атауы «дерендез» болған, оның аудармасы «сіздің үйңіздің алдындағы орам шөп» дегенді білдіреді - ол амандық, саулық жер құнарлы болуының  тілегі болып табылады. Христиан дінін қабылдағаннан кейін бұл мереке терендез деп атала бастады. «Тере» – бұл жаратушы деген мағынаны білдіреді. Мейрамның басты қатысушылары жастар мен жаңа ғана отау құрғандар, сондай-ақ осы жылы үйленуді жоспарлайтындар.     

Терендез көңілді мейрам. Мерекенің басты символы алау болып табылады. Бұл мерекені қалай қарсы алсаң – сол жылды солай өткізесің деген сенім бар. Сондықтан жұртшылық бұл күнді көктем бақыт, молшылық әкеледі деген оймен көтеріңкі көңілмен қарсы алады.

Өз сөзінде «Павлодар облыстық «Айреник» армян қоғамдық бірлестігінің төрайымы Петросян Эльмира Бениковна барлық іс-шара қатысушыларына жақсы көңіл-күй және армандарының орындалуын тіледі.

Терендезге қатысушылар алауды жеті рет айналып оны үш рет секіріп өтті. Салт бойынша алауды бірінші болып бірін-бірі сүйетін жастар қол ұстасып секіріп өтуі керек. Бұл тапсырмадан қолдарын үзбей өткен жастардың өмірлері бақытты, махаббаттары мәңгілік болады деген сенім бар.

Жастар алауды секіріп өткен кезде үлкендер оларға бидай дәндерін шашады. Бұл салттың мағынасы жұбайлық өмірге шаттық тілеу болып табылады. Армян халқы бұл дәстүр кезінде от жаңарудың ерекше күшіне ие болады деп біледі. Алау сөнген кезде оның қалдықтары мен күлін күзде жақсы өнім болады деген сеніммен егістік даласына шашады.

Бұл күні Достық үйінің фойесінде армян халқының қолданбалы қолөнер туындылары мен әдебиет көрмесі ұйымдастырылды. Сахна төріндегі мерекелік бағдарламада «Айреник» этномәдени бірлестігінің «Наири» хореографиялық ұжымы «Тавих» биімен, «Эребуни» вокалдық ұжымы «Туған өлке» әнімен, ал ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары армян тілінде тақпақтар айтып ерекшеленді. Шара соңында барлық қонақтар ойындарға қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.

   

   

Айтпаев Мақсат

 

Кейін қарай