Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Тамыз, 2015

2932

Қасиетті, киелі мекен – Түркістан

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Ақсу шаһарының әкімі Қайрат Нүкеновтің қолдауымен ақсулық бір топ аналар қасиетті, киелі мекен - Түркістанға барып қайтты.

"Түркістан ежелден келе жатқан біріктіруші функциясынан жаңылған емес және түркі тілдес елдерді біріктіруші тірек болып табылады" 

Нұрсұлтан Назарбаев.   

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Ақсу шаһарының әкімі Қайрат Нүкеновтің қолдауымен ақсулық бір топ аналар қасиетті, киелі мекен - Түркістанға барып қайтты.

Хадисте "Алланың разылығы - ата-ананың разылығында, Алланың ашуы - ата-ананың ашуында" деп айтылады. Расында да, Ананың жақсылығын білмеген адамның жақсылығын білмейді, ал адамның жақсылығын түсінбеген жанның Алламен де ісі жоқ. Ана мен әйелдің ұлттық салт-санамыздағы, бүгінгі қоғамымыздағы қадір-қасиетін жете түсініп, аналардың ақ баталарын алуды ниет еткен қала әкімі Қайрат Теміршотұлына  аналар қауымы дән риза.

Шілде айының 25-інде қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева ақсулықтарға сәт-сапар тілеп киелі мекенге шығарып салды. Түркістанда бізді "Қуаныш" фирмасының директоры Роза Шүкенова мен "Әзірет-Сұлтан" мұражайының қызметкері Данияр Садуақасов қарсы алды.

"Әзірет-Сұлтан" мұражайының қызметкері ең әуелі аналарды Арыстанбаб кесенесіне бастап келді. Жол бойы Арыстанбаб атамыздың қасиетіне тоқталып, егжей-тегжейлі айтып отырды.

- Арыстанбаб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы мен руһани тәлімгері, діни дәруіш және уағызшы.

Уағызшы Арыстанбаб ХІІ ғасырда Отырар маңында өмір сүрген.   Арыстан уағыздаған қызмет пен идеялар туралы Ахмет Яссауи өзінің "Диуани Хикмет" кітабында жазады. Өлең жолдарында Арыстанбаб оның руһани ұстазы, тәлімгері болғаны туралы айтылады.

Қазіргі кезде Арыстанбаб мазарының үстінде алаңы 35х12 метр кесене тұр. Ол күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимарат үлкен күмбезді дәлізбен біріктірілген екі камералы қабірден және мешіттен тұрады. Жалпы, кесене көпкамералы кешен. Гурханның орталығы - Арыстанбабтың сәулетті құлпытасы, ал көрші орын-жайларда оның шәкірттері мен ізбасарлары - Хермет-Азыра, Қарға баба, Лашын бабалардың құлпытастары орнатылған.  

Жалпы құрылыс, әсіресе портал стилі Орта Азияға тән емес. Портал ХІХ ғасырдың еуропалық және орыс сәулет өнерінен алынған сәндік элементтермен жасалған. Құрылыстың ортағасырлық бөлшектері кесене құрылысының екінші кезеңінен (XIV-XV ғасырлар) сақталып қалған оюлы қос ағаш бағана. Тарихи деректер бойынша бұл кесене ХІІ-ХVІІІ ғасырларда бірнеше рет салынып қайта қалпына келтірілген.

Бүгінгі күні кесене Орталық Азиядағы мұсылмандық аруақты жерлердің бірі саналады. 1982 жылдан бері Арыстанбаб кесене-мешіті - мемлекеттің қорғауында.

Арыстанбаб кесенесінің жанында тілеу тілейтін орын бар. Мұнда құдықтан қасиетті  су алып ішуге болады. Аналарымыз кезек-кезек тілеулерін тілеп, қасиетті судан ішіп, өздерінің ризашылықтарын білдірді.

-Сан ғасырлық тарихты барынша қысқарта қайырса, 1598 жылы Қазақ хандығының қолына өткен Түркiстанды 1815 жылы Қоқан хандығы жаулап алады. Елу жылдан кейiн, 1864 жылы Ресейдiң қол астына өтедi. Ал 1872 жылы қала Түркiстан уезiнiң орталығы болады. Кеңес Одағы кезiнде, 1928 жылдан аудан орталығы саналады."Түркiстан" десе елең етпейтiн мұсылман қауымы жоқ. Өзiнiң "Даналық Кiтабымен" әлемге танылған әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауидiң есiмiн Түркiстаннан немесе керiсiнше Түркiстанды Яссауи атынан ажыратып қарау да мүмкiн емес. Сонау 1103 жылы дүниеге келген Қожа Ахмет Яссауи Түркiстанға тоқтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дiнiнiң өкiлi. Ақынды рухани басшы, "Әулие" санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан берi оның iлiмiмен бiрге жасап келедi. Бүкiл Шығысқа әмiрiн жүргiзген қолбасшы Ақсақ Темiрдiң ақынның қайтыс болғанына 200 жыл өткенде, қирап бiтуге таянған кiшкене ғана мазар орнына зәулiм ескерткiш орнатуы да тегiн емес.

Сол ХIV ғасырда салынған ғажайып құрылыстың үлкендiгi, қайталанбас сәулеттiлiгi және жекелеген декоративтi көрiнiстерi әлi күнге дейiн жұртшылықты таң қалдырумен келедi. 1978 жылы Ахмет Яссауи архитектуралық кешені музей болып ашылды.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат - қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.

Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз - киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.

Музей экспозициясы ескерткіштің құрылымы мен безендірілу ерекшеліктермен, ежелгі Түркістан қала құрылысымен, Қазақстан жеріндегі жазба мәдениетінің тарихымен, қазақ халқының қол-өнерімен таныстырады. Кесенеде жерленген қазақ халқының ел билеген хандары мен батырлары, игі жақсыларына тағзым еттік.

Келесі келген қасиетті орын - Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар ана мазары болды. Гауһар анаға арнап құран оқытып, қасиетті орыннан нан мен судан ауыз тидік. Бізге құран оқып берген шырақшы Гауһар ана жайлы айтып берді. Гауһар ана - емшілердің пірі. Бүгінгі таңда Гауһар ананың басына Қырғызстаннан, Өзбекстаннан дәрігерлер жиі келіп құран оқытады. Гауһар анамыз жұма намазын Меккеде оқыған, дейді шырақшы.

Келесі - қазақ жерінде салынған орта ғасырлық монша. Ол жайында "Әзірет-Сұлтан" мұражайының қызметкері Данияр Садуақасов әрі қарай әңгімесін сабақтады.

-Бертін келе шығыс моншасы бір құрылыммен салынып, бірнеше бөлмелерге бөлінетін болды. Бір ерекшелігі, мұндай моншалар ыстықты ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіп салынған. Олардың кейбірі екі бөлімнен, ерлер және әйелдер бөлімдерінен тұрды. Ал кейбірі бір күн ерлер, бір күн әйелдер түсетін етіп салынған. Мұнан бөлек әр тоқсанда мешіт, медіреселерде қазіргі душтарға ұқсас моншаның кішірек түрі жұмыс істеген.

Бүгiнгi Түркiстанда заманға сай тұрғын үйлер мен оқу орындары, мәдени демалу орындары мен саябақтары және т.б. ғимараттар бой көтерген. Қаланың қазіргі сәулетiне ерекше көркемдiк қосып тұрған Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрiк халықаралық университетiнiң ғимараты.

"Өткенiмен салыстыра отырып, бүгiнгiлер өмiр сүредi" дейдi ақын Олжас Сүлейменов. Түркiстан - Қазақстан жерiндегi ең ежелгi қалалардың бiрi. Оның өзiндiк кескiнi, өзiндiк тағдыры бар. Ғасырлар қойнауынан бiзге келген ол ежелгi байланыстарды нағыз елестететiп, қазiргi заманға да сай болып қала бермек.

Ғабит Мүсірепов: "Мақтасақ әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел - ана, барлық қиындықты жеңетін, сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе! Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те! Әйел-ана, дүниедегі жалғыз күш қой. Оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иеді! Ана-әйелді құрметтейік! Оның сүюі таусыла ма, бүкіл дүние соның емшегін еміп, ер жеткен емес пе?! Адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет" деп толғаныпты.

Қазақта мынадай тамаша бір сөз бар."Жақсының жақсылығын айт,нұры тасысын" деген.Осы сапарды ұйымдастырып, қасиетті жерге аналарды бастап барған жандарға аналардың ризашылығы шексіз

Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ.

 

Кейін қарай