Қазақстан халқы Ассамблеясы

17.09.2025

11

Шымкентте Достық үйі жанынан жастарға арналған комьюнити-орталық ашылды

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа жастар комьюнити-орталығы өз есігін айқара ашты. Заманауи кеңістік бір мезетте 200-ге дейін адамды қабылдауға мүмкіндік береді.

Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырма аясында жүзеге асырылып, ҚХА-ның 30-жылдығына арналды.

Орталық этномәдени бірлестіктер, «Ассамблея жастары» қозғалысының өкілдері мен ҚХА құрылымдары үшін бас қосу орнына айналады. Мұнда қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жобалар іске асырылып, шығармашылық бастамалар дамиды: хор және би студиялары, кітап клубтары, жастар форумдары және басқа да шаралар ұйымдастырылмақ.

Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек, Шымкент қалалық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, белсенділер мен жастар көшбасшылары қатысты. Қонақтар ұлттық мұра көрмесімен және орталықтың мүмкіндіктерімен танысты.

Әкім орынбасары бұл алаңның патриотизмді тәрбиелеу мен бірлікті бекемдеудегі маңызын атап өтті, ал ақсақал жастарға сәттілік тілеп, бата берді.

Іс-шара соңында әкімдік, этномәдени бірлестіктер мен жастар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, онда Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен ҚХА-ның XXXIV сессиясында қойылған міндеттер талқыланды.

Кейін қарай