Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Қазан, 2018

1334

Астана мен Будапешт арасындағы байланыс стратегиялық маңызға ие

Қазақстан Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның Тараптары Кеңесінің 8-ші сессиясында Мажарстаннан оған алдағы 3 жылда төрағалық ету өкілеттілігін қабылдады. 

Қазақстан Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы сенімді одақтас ретінде қарастырады. Бүгінде екі ел ауылшаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, көлік-логистика, туризм, құрылыс және инновациялар саласында бірқатар серіктестікке қол жеткізіп келеді. Екі ел арасында бірлескен ірі инвестициялық жобалар да бар.

2016  жылы өзара тауар айналымы 113 млн доллардан сәл асса, 2017 жылы 156 миллион доллардан асып жығылған. Бүгінгі күні Қазақстанда венгр капиталының қатысуымен 50-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Екіжақты достық қатынастар Шығыс пен Орталық Еуропа елдерімен ынтымақтастыққа да оң ықпалын тигізіп отыр.

Айта кетерлігі, Мажарстан мен Қазақстан арасында Стратегиялық кеңес, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес және тікелей инвестициялар қоры  жұмыс істейді. Мажарстан 1 шілдеден бастап, құрамына Польша, Чехия, Словакия және Мажарстан кіретін орталық-шығыс одағына басшылық етеді. Сондықтан да Мажарстан бұл аралықта Орталық Еуропа мен Орталық Азия арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының басымды бағыттарының бірі – білім. Қазақстанмен мәдениет және зерттеу салаларында қарым-қатынастарды дамытуға мүдделілік білдіріп отырған Мажарстан үкіметі осы жылы қазақ студенттері үшін 200 грант бөлгені белгілі. Алдағы уақытта  грант саны бұдан да арта түседі.

«Қазақстан мен Венгрия географиялық тұрғыда бір-бірінен алшақ жатқан елдер арасында тұрақты ынтымақтастықты нығайтудың ең негізгі жолы білім беру мен жастар арасында жақсы қарым-қатынас орнату деп білеміз. Сондықтан қазақ студенттерінің Венгриядағы жоғары оқу орындарында білім алуына барынша жағдай жасадық. Келешекте олар екі ел арасындағы әріптестікті дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», - дейді Мажарстан мемлекетінің Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто.  

Екі мемлекеттің өзара сенім мен достыққа негізделген ықпалдастығы оларды саяси-экономикалық тұрғыда стратегиялық серіктес етті. Экономика, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм салаларында тығыз байланыс орнаған.

Бүгінде екі ел арасында су ресурстарын басқару саласы маңыздылыққа ие болуда. Мажарстан Орта Азиядағы өзінің басты серіктесіне сумен қамту жүйесінің жұмысын жетілдіру бойынша жақсы шешімдер, озық технологиялар менноу-хаулар ұсына алады.

Бүгінде Қазақстан аумағының тұрғындарының 45 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін арттыру көзделуде. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қомақты инвестициялар тартып, ауқымды жобаларды іске асыру қажет. Венгрияның сыртқы істер және сауда министрі осы салада дүниежүзі бойынша үздіктердің қатарынан табылған мажарстандық компаниялар Қазақстанға көмек көрсете алады деп есептейді. Оларды қаржылық жағынан қолдау мақсатында  және бизнес ынтымақтастығын дамыту үшін Мажарстан үкіметі биыл 420 миллион еуро көлеміндегі несиелік желі ашқан.

Бұдан басқа тараптар энергетика саласындағы байланыстарды дамытуды көздейді. Сондай-ақ, фармацевтика саласының да орны бөлек. Мажарстандық «Рихтер» фармацевтикалық компаниясы Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда да аса танымал. Десе де, бұл елдегі фармацевтикалық өнімдердің Орталық Азиядағы негізгі тұтынушысы – Қазақстан.

Өткен жылы Қазақстан-Мажарстан арасында ауыл шаруашылығы саласына тікелей инвестиция құюды көздейтін қор құрылған болатын. Құрылтайшылары қазақстандық «Қазагро» холдингі мен мажарстандық Экспорт-Импорт банкі. Оның қоры 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа құрылымның қолдауымен осы уақытқа дейін азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған 2 жоба қолға алынды. Екеуі де табысты жұмыс істеп жатыр. Бірі қызанақ және көкөністердің басқа да түрлерін өңдеу кәсіпорыны болса, екіншісі негізінен жеміс өңдеумен айналысады. Алдағы уақытта ауылшаруашылығында өзге де жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жалпы бұл қор қазақстандық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Мажарстан тарапынан Қазақстан нарығында тамақ өнеркәсібінің өнімдеріне сұраныс жоғары. Бұл сала екіжақты тауар айналымын арттыруда маңызды рөл атқарады. Халықтың қолөнер бұйымдары да Мажар елінде үлкен сұранысқа ие.

Сондай-ақ, Еуропа елдері үшін энергетикалық ресурстардың жеткізілімін әртараптандыру ең өткір мәселелердің бірі. Осы орайда Қазақстан оны  шешуде көмек көрсете алатын ел ретінде қарастырылуда. Өйткені, Еуропада энергетикалық қауіпсіздік күрделі мәселе. Сол себепті де жаңа қуат көздерін іздеу, оларды жеткізудің тың бағыттары үнемі іздестіріліп келеді. Осы ретте мұнай экспортын еселеген Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі мүдделі тараптардың қызығушылығын арттырып отыр.

Осы жылдың 9 айында Венгрияға бару үшін виза алған қазақстандықтардың саны 40 пайызға артқан. Бұған қоса, Будапешт пен Астана арасында аптасына 2 рет қатынайтын әуе рейсі ашылғаны да белгілі. Сондай-ақ, мажарлық туристік компаниялар Қазақстанды өздерінің туристік бағыттар тізіміне енгізген.

Анықтама:

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық сипатқа ие. Берік шарттық-құқықтық база, Стратегиялық кеңестің, сауда-экономикалық және құқықтық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың, сондай-ақ парламентаралық достық топтарының табысты қызметі екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге ықпал етеді. 

Ширек ғасыр ішіндегі әріптестігіміздің арқасында сауда-экономикалық байланыс қарқынды дамып, бірқатар экономикалық жобалар ойдағыдай іске асырылды, тікелей инвестициялардың бірлескен ауыл шаруашылығы қоры құрылды, Астанада Мажарстанның Сауда үйі ашылды, біздің экономикамызға атсалысқан ірі инвесторлардың қатарына мажарлық «MOL» мұнай-газ компаниясы кіреді.

Көпжақты диалогты кеңейту жолындағы күш-жігерімізге Президент Н.Ә.Назарбаев (1994 және 2007 жж.) пен Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің (2014 ж.) Мажарстанға, сондай-ақ Президент П.Шмитт (2010 ж.) пен Премьер-министр В.Орбанның (2013 және 2015 жж.) Қазақстанға сапарлары күшті серпін берді.

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 18.10.2018

Кейін қарай