Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Желтоқсан, 2025

48

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығармашылық ұжымдары қауымдастығының Арт форумы өтті

2025 жылғы 4–5 желтоқсанда Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығармашылық ұжымдары қауымдастығының Арт форумы өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚХА Шығармашылық ұжымдары қауымдастығының төрайымы Құралай Туспекова, өңірлік үйлестірушілер, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, сондай-ақ елдің барлық өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдарды таныстырған мәдениет қайраткерлері қатысты.

Арт форумның мақсаты — шығармашылық бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, тәжірибе алмасу және мәдени бастамаларды дамытуға бағытталған ортақ күн тәртібін қалыптастыру. Өңірлік жобаларды қолдауға және қауымдастықтың алдағы жылға арналған жұмысын үйлестіруге ерекше назар аударылды.

Форум бағдарламасы мәдениет саласының жетекші қайраткерлері қатысқан панельдік сессияны қамтыды. Онда шығармашылық ортаны дамыту, сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтудағы ҚХА ұжымдарының рөлі талқыланды. Қатысушылар кескіндеме, хореография, театр өнері мен халықтық ән салу бағыттары бойынша мамандар жүргізген практикалық жаттығуларға қатысып, жаңа тәсілдермен, әдістемелермен танысып, кәсіби дағдыларын кеңейтті. Білім беру блогы аясында жобаларды басқару, фандрайзинг, маркетинг және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша тренингтер өткізілді. Бұл сабақтар қауымдастық үйлестірушілерінің жұмыс тиімділігін арттыруға және жергілікті деңгейдегі шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталды.

Форумның талқылау бөлімі шығармашылық индустрияларды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел және жобалардың презентацияларымен толықты. Қатысушылар өз жұмыстарын таныстырып, табысты тәжірибелерімен бөлісті және әріптестер мен сарапшылардан кері байланыс алды. Ашық пікірталастар жаңа идеялардың туындауына және болашақ ынтымақтастық жоспарын айқындауға мүмкіндік берді.

Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылының қорытындыларына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар өңірлердің маңызды бастамаларын, ҚХА-ның 30 жылдығына арналған іс-шараларға шығармашылық ұжымдардың қосқан үлесін, сондай-ақ жастардың мәдени жобаларға қызығушылығының артуын атап өтті. 2026 жылға арналған негізгі жұмыс бағыттары — желілік өзара іс-қимылды дамыту, мәдени бағдарламалар форматын жаңарту және шығармашылық топтардың жалпыұлттық бастамаларға қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды.

Кейін қарай

Ең оқылымды