Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Ақпан, 2026

10

Астанада ҚХА Журналистер клубының конституциялық реформаны қолдауға арналған отырысы өтті

2026 жылғы 9 ақпанда Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер клубының отырысы өтті.

«Жаңа Конституция жобасы: қоғамдық диалог және БАҚ жауапкершілігі» тақырыбындағы іс-шара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелерін қолдауға, сондай-ақ ауқымды саяси-құқықтық өзгерістер жағдайында қоғамдық диалогты қалыптастырудағы журналистік қоғамдастықтың рөлін айқындауға бағытталды.

Отырысқа модераторлық еткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев конституциялық реформаны қоғамдық талқылау кезеңінде журналистердің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Ол кәсіби стандарттарды сақтау, фактчекинг пен медиаэтиканы ұстану медиа кеңістіктегі жалған ақпарат пен бұрмаланған түсіндірулерге қарсы тұрудың негізгі құралдары екенін атап өтті.


Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских конституциялық реформа аясында әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл тақырыбында баяндама жасап, медиа сауаттылықты арттыру және мемлекет, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын және олардың мәнін азаматтарға қолжетімді әрі дұрыс жеткізудің қажеттігін атап өтті.

Азаматтық қоғамның конституциялық өзгерістерге көзқарасы туралы «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетінің бас редакторы, Алматы қаласы ҚХА Журналистер клубының төрағасы Олеся Клименко баяндады. Ол өз сөзінде өңірлік және этникалық бұқаралық ақпарат құралдарының қоғаммен сенімді байланыс орнатудағы рөлін ерекше атап өтті.


Адам құқықтары мен бостандықтары тақырыбын қоғамдық жауапкершілік контексінде «Ұйғыр авази» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ҚХА Журналистер клубының мүшесі Ершат Асматов көтерді. Оның айтуынша, Конституция жобасы адам құқықтарының құндылықтық өлшемін күшейте отырып, қоғамдық үдерістерге қатысушылардың барлығының жауапкершілігін бекітеді.

Пікірталас барысында ҚХА Журналистер клубының мүшесі, тележүргізуші Алла Гаврина реформалар кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер ретіндегі рөліне тоқталып, журналистік қоғамдастықтағы сенім мен кәсіби ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.


Отырыс өңірлердегі Достық үйлерінен онлайн форматта қосылу арқылы өтті. Қатысушылар ҚХА Журналистер клубы алаңының кәсіби пікір алмасу және конституциялық реформаны ақпараттық сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастырудағы маңызын жоғары бағалады.

Кейін қарай