Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қараша, 2025

76

АСТАНАДАҒЫ КОРЕЙ МӘДЕНИЕТІ КҮНІ: ДӘСТҮР, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДОСТЫҚ БІРЛІГІ

2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған Астана қаласының корейлер этномәдени бірлестігі ұйымдастырған Корей мәдениеті күні өтті.

Іс-шараның басты мақсаты - Қазақстандағы корей этносының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, полиэтностық қоғамдағы диалогты нығайту, этномәдени бірлестіктер арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тэ Чжо, Қазақстан корейлер қауымдастығы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Каспиан Груп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және Alatau City даму кеңесінің мүшесі Юрий Цхай, Астана қаласындағы корейлер ЭМБ төрағасы Евгений Цой қатысты.

Мереке аясында Қазақстан Республикасының Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры қойған «Үйге апарар жол» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.

Театр, музыка және хореография элементтерін біріктірген бұл туынды тарихи жады, ұрпақтар сабақтастығы мен Қазақстан жеріне деген алғыс сезімін көркем жеткізді. Бұған дейін спектакль Алматы қаласында да табыспен көрсетіліп, көрермендердің жоғары бағасын алған болатын.

Спектакль басталар алдында қонақтар дәстүрлі тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер мен архивтік фотосуреттер көрмесін тамашалап, корей этносының тарихымен және бүгінгі өмірімен танысты.

Қатысушылар үшін shopping & food аймақтары, тегін handmade шеберлік сабақтары мен фотозоналар ұйымдастырылды.

Демеушілер ұсынған жүлделері бар Random Dance мен корей музыкасы мен биінің табынушыларын жинайтын K-POP CONTEST көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиға - Корей мәдениеті күні жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінде өткізіліп, мәдени әралуандылықты құрметтеу, өзара түсіністік пен достықты нығайтудың символына айналып отыр.

Кейін қарай

Ең оқылымды