Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қыркүйек, 2015

2064

Атыңнан айналайын, Қарқаралы!

Республикалық тарихи-мәдени «Ұлы Дала Елі» экспедициясы 27 қыркүйек күні қасиетті Қарқаралы жеріне жетті.

Республикалық тарихи-мәдени «Ұлы Дала Елі» экспедициясы 27 қыркүйек күні қасиетті Қарқаралы жеріне жетті.

Көркемдігі таңдай қақтыратын Қарқаралы жері Орталық Қазақстанның ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Қала атауы қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі – қарқарамен байланысты. Тіпті, Қарқаралы тауларының алыстан қарағандағы пішіні қарқара бас киіміне ұқсап тұратынын барша жұрт мойындаған.

Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты. Әкесі Құнанбай қажы 1851 жылы салдырған көк шатырлы күмбезді мешіт – аудан орталығындағы ерекше маңызды тарихи құндылық. Экспедиция мүшелері мешітке келіп, ата-бабалар рухына тағзым етті. Абай тоқтаған үй, қазіргі күні Мәди Бапиұлы атындағы өнер мектебі. Экспедиция бұл жердегі өнер ізденушілерімен жүздесіп, халық әндерін орындап, ұлттық аспаптарда күй шырқаған жас әртістердің талантына еріксіз риза болды.

Қарқаралы жерінде талай танымал тұлғалар дүниеге келген. Өз заманының жанашыры, әділетсіздікпен күресуші композитор, ақын Мәди Бапиұлы да қасиетті жердің тумасы. «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясы мүшелері Мәди Бапиұлы басында зиярат етті. Бұл жерде әлеуметтік теңсіздікті сынағаны үшін қудалауға ұшыраған халық әншісінің құрметіне ескерткіш орнатылған. Ескерткіш жанында жас өрендер арнайы сапармен келген экспедиция мүшелерімен кездесіп, тамыры терең тарих, әдебиет және өнер жайында салмақты сұхбат жүргізді.

Әрі қарай аудан әкімі Халел Мақсұтовжергілікті тұрғындардың экспедиция қатысушыларымен арнайы кездесуін ұйымдастырды. Кездесу барысында экспедицияның маңызды мақсаты, алған қойған міндеті айтыла келе, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бағытын жүзеге асырудағы негізгі жолдары талқыланып, басты бағдары тағы да бір пысықталды. Қарқаралы мекеніндегі сапар осы жерде аяқталды.

Экспедиция Алаштың абызы, жыршы Бұқар жыраудың есімі берілген аудан орталығы Ботақара елді-мекенінде болып қайтты. Бұқар жырау бабамыздың еңселі ескерткішінің алдында экспедиция делегаттарын қарсы алған жергілікті жұртышылық республикалық экспедицияның Ботақара жеріне жеткеніне дән риза. Ұлы баба есімімен аталған жердің ұрпағы да ұлық екен. Бұқар жырау оқуларының жеңімпаздары баба жырларын оқып, экспедиция қатысушыларын ерекше таңғалдырды. Жас бүлдіршін 65 шығармасын, тағы бірі 25 шығармасын жатқа оқитынын айтып, көңіл қуантты. Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Ұлы Дала Елі» экспедициясының мүшесі Бекзат Алтынбеков Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан өзінің қаржылай демеуімен Бұқар жырау оқуларының бас жүлдесіне 100 мың көлемінде, Қарқаралы сапарында Қасым және Мади Бапиұлы атындағы жас тарихшылар арасында «Өлкетану» тақырыбына 100 мыңнан екі жүлде тағайындады. Елінің қамын ойлайтын азаматтың игі бастамалары барша жұртшылықты тәнті етті.

Экспедиция делегаттарының келесі нүктесі метталлургтер қаласы – Теміртау.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: kelisim@bk.ru

Кейін қарай