Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Маусым, 2023

486

Атырауда Аналар кеңесінің республикалық форумы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы 2014 жылы толеранттылық мәселелері бойынша Аналар кеңесінің I республикалық форумын өткізген еді. Сол уақыттан бері Аналар кеңесінің республикалық форумы дәстүрлі түрде жылсайын өтіп келеді.

Ал, Атырау облысы ҚХА Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы екі күндік республикалық форумы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен Атырау облысы əкімі жанындағы Әйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірлесе ұйымдастыруымен 26-27 маусым күндері өтті.

Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары М.Мурзиев, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Шанаи, республикалық Аналар кеңесінің және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі К. Әлпейісова, Атырау облысы əкімі жанындағы Әйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері, ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, ЭМБ төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрайымдары, ҮЕҰ белсенділері мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.


Білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие, діни сауатты жетілдіру, отбасындағы дағдарыс сынды мәселелерде, жалпы қоғамның барлық саласында Аналар кеңесінің қызметі орасан. Осы ретте, спикерлер TEDх форматты конференцияда жастар тәрбиесі, отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес, жасөспірімдер арасындағы суицид, ерте жүктілік сынды өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, оны тиімді шешудің жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Шанаи өңір басшылығы ескерер бірқатар жайтты алға тартты.

Аналар кеңесінің салтанатты басқосуында отау құрғандарына 50 жыл толған «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі З.Зубариевтың отбасы Құттықтау хат пен «Алтын шаңырақ» естелік сыйлығымен, «Сала қызметкерлерінің кəсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен көп балалы ана З. Өтешева марапатталды.

Форумның екінші бөлімі «Әйел атты ұлылық!» атты ақын Ф. Оңғарсынованы еске алуға арналған әдеби-сазды кешке ұласып, «Жастар» театрының актерлары, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері мен «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі А.Ревкова ақынның әйел тағдыры, Ана туралы, әкеге сағыныш, махаббат тақырыбындағы отты жырларын оқыды. Ал, қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры Р. Мүрсәлиева, ақын туыстары Г. Алдоңғарова, К. Мусина, жергілікті ақындар Ә. Дәулетбаева мен Б.Бабаш Ф. Оңғарсынова туралы естеліктерімен бөліссе, өнерпаз В. Машқалиева мен Т. Сағындықұлы ақын өлеңдеріне жазылған «Жақсы көру», «Анашым» әндерімен көрермен көңілін баурады. Сонымен қатар, форум қонағы Н. Шанаи «Қыз-ғұмыр» атты әсерлі толғанысында ақын хақындағы орамды ойларын, өткен күндер сағынышын жеткізді.


Салтанатты жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Л. Джылқышиева ақынның туыстарына естелік сыйлық табыстап, форум қатысушыларына шынайы ризашылығын білдірді. Қонақтар да өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыс айтып, өңірдегі Аналар кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.

Жоғары деңгейде өткен республикалық форум Аналар кеңесінің жұмысына және Аналар мектебі, Отбасы институтының қызметін дамытуға жаңа серпін бергендей.


Кейін қарай