Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2020

6944

Аймақтар Алғыс айту күнін атап өтті

Өткен аптада Қазақстанның барлық өңірлерінде Алғыс айту күні аталып өтті.


Осы мереке аясында Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында мерекелік шара өтті. Мерекелік шара этнос өкілдерінің киіз үйді құруымен басталды. Зиялы қауым және этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, этнос жастарының өнерін тамашалады.


Ал Павлодарда Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылдығына арналған салтанатты концерттік бағдарлама өтті.


Достық үйі фойесінде Павлодар облысының мемлекеттік архивінің қорынан тақырыптық көрме және Д. Багаев атындағы мемориалды үй-мұражайы қорынан фотокөрме ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында жер аударған халықтардың ұрпақтары сөз сөйледі.


Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті. Сонымен қатар Нұр Ана әлемі, татар-башқұрт, украин, славян, чуваш этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының құрама хорлары Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.


Қызылордада мерекелік шара Достық үйінің алдынан басталды. Келген қонақтарды облыстық этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен жастары қарсы алды. Салтанатты шараға қатысушылар Достық үйінде әзірленген бірегей экспонаттарды, этностардың ұлттық киімдерін, тұрмыс заттарын тамашалай алды. Кітаптар көрмесін көрді. «Облыстық ҚХА-на 25 жыл» ақпараттық баннерімен, облыстық ҚХА тарихынан сыр шертер естелік сәттері көрініс тапқан фотогалереямен танысты. Келген қонақтар ұлттық-аспаптар оркестрінің өнеріне риза болып, «Тілектер» талына жүрекжарды лебіздерін жазып іліп, «Алғыс» тақтасына жазбалар жабыстырды.


Сондай-ақ «Жұлдызды қалашық» Байқоңырдан келген өнерпаздар сахнаға шығып, арнайы əзірлеген бағдарламаларын ұсынды. Шараның тағы бір ерекшелігі этнос өкілдері қазақтың ұлттық биін, «Сыр сұлуы» әнін әсем орындап, шырқады.


ҚХА атынан сайланған депутаттың бірі, қызылордалық Наталья Жұмаділдаева да бейнеқұттықтау жолдады. Алғысқа толы тағылымды шараның соңында этнос жастары «Мекенім Қазақстан» әнін шырқады.


Ал Тараздағы Шахристан тарихи-мәдени кешенінде «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Меркелік шара «Достық дастарханынан» дәм татудан басталды. «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені бойымен шатырлар тігіліп, онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастархан жайылды.


Қала жұртшылығы мен қонақтар тағамдардан дәм ауыз тигеннен кейін қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ және ордабасы секілді ұлттық спорттық ойындардан өткен сайыс пен «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем - Қазақстан» атты мерекелік шараның ашылу рәсімін тамашалады.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мерекемен жиылған жұртшылықты құттықтады.


Бұдан өзге Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен этномәден бірлестік жетекшілері құттықтады.

Меркелік шара «Рахмет саған туған жер» атты концерттік бағдарламасымен аяқталды.


Ал Петропавлдағы Мәдениет үйінің холлында Қазақстан халқының бай мәдениетімен таныса алды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық киімдерде сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, түрлі тілдегі кітаптарды, сондай-ақ ұлттық тағамдарды қонақтардың назарына ұсынды.


Әрбір тілек білдіруші әзірбайжан пахлавасының, татар чак-чагының, поляк Faworkiнің ғажайып дәмін татты.

Іс-шара барысында №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары дайындаған «АЛЖИР» әсерлі қойылымы көрермендер назарына ұсынылды. Қойылым мектеп директоры Лаззат Жолмұқанованың, әкімшіліктің және мұғалімдердің орындауындағы «В небе беркут» әнімен аяқталды.

Осы қойылымның жалғасы ретінде экранда этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан халықтардың жер аудару тарихына арналған бейнеролик көрсетілді.


Сонымен қатар, іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жобаларының тұсаукесері өтті.

Іс-шараның ерекшелігі «Мүшел жас» атты қазақ ұлттық салт-дәстүрін көрсету болды. Ассамблея ардагерлері қатарына кірген этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері ұрпақтар сабақтастығын білдіріп, салтанатты түрде Ассамблея жастарына қазақ шапандары мен қамзолдарын табыс етті.


Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аясындағы Алғыс айту күнін шығысқазақстандықтар кең көлемде атап өтті.


Мерекеде өңірде мекен ететін ұлттардың сәндік-қолданбалы бұйымдары, тұрмыстық заттары мен ұлттық тағамдарының көрмесі қойылды. Сонымен қтара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған ғылыми еңбектер мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі ұсынылды.


Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келді. Жиналған қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар қайраткерлеріне алғыс хат табыстады.


Ақтөбедегі Достық Үйінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен 1 наурыз Алғыс айту күніне арналған «Мың алғыс саған, Қазақ Елі!» мәдени-көпшілік іс-шарасы өтті.


Ақтөбелік этномәдени бірлестік өкілдерінің «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталған шара, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жазылған кітаптар көрмесі, этнос өкілдері балаларының қолымен салынған «Менің Отаным - Қазақстан» суреттер алаңы, сондай-ақ, өңірдегі диаспоралардың ұлттық қолөнер бұйымдары мен тағамдары дайындалған көрмемен жалғасты.


Іс-шара барысында ақтөбелік этностар қазақ халқына алғыс айтып қана қоймай, биыл елімізде ерекше аталып өтетін айтулы күндерге тоқталып, Ұлы ақын Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, қазақ вальсінің королі атанған Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арнап сыған диаспорасының өкілдері «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сыған серенадасы» әндерін қазақ тілінде шырқап, халықтың қошеметіне бөленді.


Концерттік бағдарлама «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен шығармашылық ұжымдарының орындауында Орал – Қосай Байсеңгірдің «Мәңгілік ел - Қазақстан» әнімен аяқталды.


Қарағандының Мәдениет және демалыс саябағында этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық ҚХА мүшелері, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды.


Естеріңізге сала кетсек, Қарағанды саябағындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументін өткен жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысының кәрістері этномәдени бірлестігінің өкілдері қиын-қыстау жылдары оларға пана бола білген жер мен қазақ халқына деген деген алғыстарының белгісі ретінде көтерген болатын.


Алматыда да Алғыс айту күні атап өтілді. Достық үйінде «Мың тағдыр - бір Ел» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылы, сонымен қатар ұлтаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылық пен халықтың бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы пікір алмасты.


Айта кету керек, 2019 жылы Алматы этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның қолдауымен 182 қайырымдылық акциясын өткізді, 8 310-нан астам мұқтаж азаматтар көмек пен қолдау алды, 870 отбасына қолдау көрсетілді.

Өз кезегінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ жеріне ризашылықтарын білдіріп, этностардың достығындағы сабақтастықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Семейдің Достық үйінде қалалық желілік полиция қызметкерлерінің қатысуымен Алғыс күніне арналған дөңгелек үстел өтті.


ҚХА мүшелері, этномәжени бірлестіктердің жетекшілері ҚХА-ның еліміздің дамуындағы рөлі туралы айтып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, барлығына мемлекеттік тілді үйренуге, толерантты болуға, Отанға адал қызмет етуге шақырды.

Татар өнер мектебінің оқушылары дөңгелек үстелге қатысушыларды өздерінің музыкалық өнерлерімен тәнті етті.


Кейін қарай