Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Мамыр, 2016

926

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

"Шын жүректен" республикалық телемарафонына аймақтағы мәдени бірлестіктер де үн қосты. Маңғыстау облысындағы "Аллаяр" этномәдени бірлестігі мүмкіндіктері төмен отбасыларға азық-түлік үлестірді. Қарақалпақ ұлтының өкілдері "Бірлік" мерекесінің қарсаңында екі ұлттың достығын тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Ботагөз Қоңыратбаева Маңғыстау облысының тұрғыны. Жалғызбасты ана тағдыр тауқыметін кешіп, отбасын жалғыз асырап отыр. 9 жылдан бері үйсіз, пәтер жалдап келеді. Денсаулығы жоқ, әрең күнелтіп отыр. Кейде ішер ас та болмайды. "Шын жүректен" телемарафоны бұл отбасыға да жомарт жүректердің назарын аударды.    

- Жолдасым қайтқаннан кейін, оқушы қызымды аяқтандыра алмадым. Белім жұмысқа жарамайды. Сосын өздеріңізге хабарласып, көмек сұрадым. Рахмет айналайындар, – деп алғысын білдірді Ботагөз ҚОҢЫРАТБАЕВА.

Амангүл Жылқыбаева да қиын тұрмыс кешіп келеді. Тұрақты жұмыс пен  басыбайлы баспанасы болмағандықтан, кей сәттерде қиналып қалады. Отбасы бауырмал ұлттың көңілінің кеңдігіне риза болды. Материалдық қажеттілік екінші кезекте дегенімен, оларға ас та төк алғыс жаудырды.

Амангүл ЖЫЛҚЫБАЕВА:

-Мұндай көмек күткен жоқпын. Түрлі ұлт өмір сүріп жатыр. Бөтендігін көрсетпей, елеп, ескеріп жатыр. Үлкен көмек болмаса да, көңілімізді жасартып тастады.

Қарақалпақ ағайындар осылайша 9 үйге бірінші  қажеттіліктегі азық-түліктерді тарқатты. Киелі санға сүйенген сауапты іс шын пейілден туды.

Баһадүр ҚҰРБАНИЯЗОВ - "АЛЛАЯР" ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ

Шын жүректен телемарафоны аясында тоғыз үйге азық-түлік апарып беруді ұйғардық. Олардың көңілін көтеріп,өзіміздің де көңіліміз көтеріліп қалды.

"Шын жүректен" шыққан сыйға ие болғандар сияпат үлкен болмаса да, шынайы көмекке разы болды. 

   

 

МОӘА «Қоғамдық келісім»КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай