15 Қыркүйек, 2015
1739
Қазақ хандығы жәдігерлері ел ризығына айналды
Биылғы жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1465 жылы Керей мен Жәнібек құрған хандық туралы: «…бәлкім, ол мемлекет терминінің заманауи мағынасына сай, қазіргідей шекарасы бар, бүкіл әлемде бүгінгідей бедел мен танымалдыққа ие болмаған шығар. Бірақ сол дәуірдегі барлық басқа мемлекеттер туралы да осылай деуге болады. Бастысы, негіздің қалануы, ал біз – ата-бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз», – деген болатын. Елбасының бұл сөздері – музей қызметкерлерінің халық арасында тарихи білімді тарату бойынша жұмысты жандандыруына оң ықпал етіп, ынталандырған ойтүрткі болды.
Биылғы жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1465 жылы Керей мен Жәнібек құрған хандық туралы: «…бәлкім, ол мемлекет терминінің заманауи мағынасына сай, қазіргідей шекарасы бар, бүкіл әлемде бүгінгідей бедел мен танымалдыққа ие болмаған шығар. Бірақ сол дәуірдегі барлық басқа мемлекеттер туралы да осылай деуге болады. Бастысы, негіздің қалануы, ал біз – ата-бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз», – деген болатын.
Елбасының бұл сөздері – музей қызметкерлерінің халық арасында тарихи білімді тарату бойынша жұмысты жандандыруына оң ықпал етіп, ынталандырған ойтүрткі болды.
Қазіргі кезде музей мәдениеттің ажырағысыз институты мәртебесіне ие болып, халықтың білім деңгейін арттыруда, оларға эстетикалық тәрбие беруде тиісті рөл атқарып келеді. Халық өзінің өткеніне үңіліп, даму жолындағы тарихи оқиғаларға деген қызығушылығы арта түсуде. Бұл қоғамда патриоттық сезімдердің өсуінен, идеологиялық таптаурындардан арылып, мемлекетіміздің құрылуының шынайы картинасын қалпына келтіруге деген ұмтылыстан туындап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық музейдің ашылуымен ел музейлерінің қызметінің жаңа кезеңі басталды. Әлемнің музей қауымдастығы кешеннің инфрақұрылымын және Қазақстанның ежелгі ғана емес, қазіргі заманғы тарихына қатысты материалдардың мазмұнын атап көрсете отырып, бұл жобаның бірегейлігін мойындап та үлгерді.
Тарих ғылымының ең жаңа жетістіктеріне сүйеніп материал жинау, ауқымды ғылыми жұмыс жүргізу, музей ісі бойынша жинақталған мол тәжірибені пайдалану көп ұзамай-ақ Ұлттық музейді қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерделеу мен көпке танытудың аса ірі орталығына айналдырады деп үміттенеміз. Біз еліміздің 550 жылдық даму тарихындағы әлеуметтік, саяси және экономикалық тарихы, қоғамның рухани жай-күйі құжатталған дереккөздерді іздестіріп, зерттейміз. Ұлттық музей «Ұлт мұрасы» атты жинақ пен жаңа экспозициялар дайындауда, көп ұзамай оны отандастарымыз бен шетелдік қонақтарымыз тамашалай алады.
Қазіргі кезде Ұлттық музейде тарих пен мәдениеттің 170 мыңнан астам жәдігері сақталуда. Музей ғылыми-зерттеу мекемелерімен және жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ шетелдік әріптестерімен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Заманауи көрме технологияларының арқасында музей қорлары келушілер үшін қолжетімді бола түсті, көрсететін қызмет түрлерін де кеңейттік.
Музей экспозициялары әлем тарихы мәнмәтінінде қазақ мемлекеттілігінің алар орны мен рөлін айқындап, өткен замандардағы мемлекеттер құрылуларының түйінді сәттері мен дамуындағы сабақтастықтарды көрсетуі тиіс. Ұлттық музей экспозициясында мол орын берілген соңғы табылған археологиялық деректерге сүйенетін болсақ, Қазақстан аумағында жылқы өсіру қауымдастығы үстемдік құрған дәуірде-ақ бастапқы саяси одақтар және биліктің тиісінше атрибуттары пайда болған.
Скиф-сақтардың антикалық жазбаша дереккөздерінде б.э.д. І мыңжылдықтың орта тұсындағы тайпалар одақтары «патшалық» деп, ал оларды басқаратын топтар «патшалық скифтер» деп аталады. Ежелгі грек авторы Фукидид олармен (скифтермен), «еуропалық патшалықтар иық теңестіре алмайды, тіпті, Азияда да скифтерге, егер олар бірауызды болса, қарсы тұра алатын халық жоқ» деп атап жазған. Скифтердің орталықтандырылуы әлсіз болуының бір себебі олардың этностық-тайпалық құрамының әртүрлілігіне байланысты болған. Солай болса да, осындай әлсіз базада азиялық сақтардың, скифтердің, Қара теңіз жағалауындағы скифтердің мемлекеттері, Қырым патшалығы сияқты мемлекеттер құрылған.
Көшпелі мал шаруашылығының дамуы Орталық Азия тайпаларының бірқатарының тайпалық одақтар құруына алып келді. Бұл үрдіс нәтижелерінің бірі Қытайдың шашыраңқы жатқан жерлеріне көшпенділердің жиі шапқыншылықтар жасай бастауы болды. Сондықтан шығыстағы көршіміз шекарасында Ұлы Қытай қорғанын сала бастады. Қытай шежірелеріне сүйенсек, гунн билеушілерінің генеалогиясы Туман-шаньюден 1000 жыл бұрын өмір сүрген Шунь Вэйге барып тіреледі (б.э.д. III ғ.). Өкінішке қарай, күмәнді де күмәнсіз аз ғана жазба деректер Моде билеген (б.э.д. ІІ-III ғғ.) заманда пайда болғаны болмаса, бұл атақты тарих әлі күнге дейін зерттелмей қалып отыр.
Қазақ халқының мемлекеттілігін зерделеу тұрғысында біздің музейге қойылған даңқты Күлтегін ескерткішінің көшірмесінің алар орны бөлек. Онда ғажайып көшпенді империя – Ұлы Түрік қағанатының тарихы руна жазуымен тасқа ойылып жазылған.
Ортағасырлық қала мәдениеті Қазақстанның қазіргі аумағында X-XII ғасырларда шырқау биігіне жеткен. Бірақ осы өркендеу жолын моңғол әскерінің шапқыншылығы қиып, қалалар мен даланың көшпелі өмірі арасында қалыптасқан байланыстар үзілді. Тек XIII ғ. басында ғана қала өмірі қайтадан жанданып, бұрынғыдай қарқын алмаса да, халықаралық сауда және дипломатиялық байланыс салаларына араласа бастайды. Оңтүстік Қазақстан қалаларының экономикалық өмірінің жандануын көрсететін нумизматтық материал музей экспозицияларында кеңінен көрініс тапқан.
XIII ғ. орта кезінен бастап Отырарда монета сарайы жұмысын бастап, онда алтын динарлар, күмістелген дирхемдер, сондай-ақ жезден жасалған фельстер шығарылады. Отырар – монеталарды осындай дәстүрлі үш аталымда шығарған Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз қала.
Өлкенің және Сығанақ, Сауран, Отырар қалаларының экономикасын дамытуға олардың XIV ғасырдың басында, Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылым болған Ақ Орданың құрамына кіруі маңызды рөл атқарған. Музейде ол қалалардың сол замандағы әлеуметтік-экономикалық өмірі мен мәдениетін бейнелейтін экспонаттар лайықты орын алған.
Түркістан қаласы мен оған іргелес жатқан қоныстардың тағдырына Қожа Ахмет Ясауи кешенінің салынуы айтарлықтай әсер етті. Мұндай құрылыстың салынуына Ақсақ Темір билік құрған кездегі саяси өмірдің орнықтылығы, өңірдің экономикалық және мәдени өмірінің өсуі де ықпал еткені айқын. Ұлттық музейде Ясауи кесенесінің қасбеттеріндегі майолик тақтайшалары мен гурханның қырлы күмбезін салуға пайдаланылған сталактиттерді көруге болады.
Қазақ хандығының пайда болуы ұлан-ғайыр Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу мен Түркістан аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үрдістердің заңды қорытындысы еді. Соғыстар, рулар мен тайпалар арасындағы қақтығыстар, ойраттардың (жоңғарлар) үстін-үстін шабуыл жасауы Әбілқайыр ханның халықтың барша жігінің мүддесін қорғауға дәрменсіз екендігін көрсетті. Сондықтан XV ғасырдың 50-жылдарының аяғына қарай Дешті Қыпшақ пен Түркістаннан оңтүстікке – Мауереннахрға қарай, сондай-ақ батысқа – Жетісуға, Моғолстан аумағына қарай жаппай көшу орын алды.
Қазақ хандығы Ұлы дала тарихының өте күрделі де ауыр кезеңінде пайда болды. Америкаға, Үндістан мен Қытайға су жолдарының ашылуына байланысты бұрынғы керуен жолдарының босап қалуы, соған сәйкес әлемдік сауда орталығының Еуропаға қарай ойысуы Еуразия көшпенділерінің ұлы империясы Алтын Орданың түпкілікті ыдырауына әкеп соқты. Шыңғыс ханның кейбір ұрпақтарының дала империясын қайта жаңғыртуға жасаған талпыныстары оң нәтиже берген жоқ: Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы мен Әбілқайыр мемлекеті – солардың мысалы.
ХV ғасырдың 60-жылдары, Әбілқайыр мемлекеті ыдыраған кезеңде Ұлы даланың көшпелі тайпаларының Жәнібек және Керей сұлтандар бастаған бір бөлігі Моғолстан жеріне үдере көшеді. «Моғолстанға алғаш келген кезде олар шекаралас жатқан қалмақтар мен қырғыздарға жиі шапқыншылық жасап, үрейін ұшыратын, – деп жазады Махмұд бин Уәли, – сондықтан оларды сырттарынан «қазақ» деп атайтын». Керей мен Жәнібек бастаған қазақ-өзбектер моғолстан ханы Есенбұғаның арқа сүйері және бір жағынан, батыстан қатер төндіріп отырған Жүніс ханнан берік бекінісі, екінші жағынан XV ғасырдың орта тұсында өзбектер мен моғолдардың ұлыстарына жиі шапқыншылық жасайтын қалмақ-ойраттарға қарсы соғысында сенімді одақтасы болды. 1462 жылы Моғолстан әміршісі Есенбұға өлген кезде Әбілқайырды тастап шыққан тайпалар елде жаңа хандық құрылғанын жариялап, ол Қазақ хандығы деп аталды.
Бастапқыда ол Жетісудың батысында, Шу, Талас және Қозыбасы өзендерінің бойында орналасты. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл оқиғаларды 1465-1466 жылдары болған деп жазған. Өзбек-қазақтар мен моғолдар арасында XV ғасырдың орта тұсында құрылған бұл саяси альянс қазақ қоғамының дербес этностық тарихының бастапқы кезеңі болды. Бірте-бірте, Ноғай Ордасы әлсірей бастаған кезде қазақтардың этностық құрамына Батыс Қазақстанның көптеген тайпалары келіп қосылып, XVI ғасырдың ортасында Кіші жүз құралды.
Жалпы, қазақтар айтатын: үш жүздің бауырластығы және бұл жақындықты идеологиялық тұрғыдан бекітетін элемент ретінде, олардың Алаша ханнан тарайтыны туралы генеалогиялық түсініктеме тап сол кезде пайда болуы ықтимал. Қазақтардың дербес тарихы өмірге тиісті әлеуметтік-саяси институттарды әкелді. Субэтностық төре, төлеңгіт, қожа сияқты тұқымдар XV–XVII ғасырларда, Қазақ хандығы қалыптасуы барысында қалыптасты. Аталған кезеңнің ерекшелігі – қазақ этносының қалыптасуы аяқталып, оның аумақтық шекарасы айқындалып, жүздердің этностық құрамы, сондай-ақ, генеалогиялық иерархияның оңтайлы моделі тұжырымдалуында еді.
Деректер алғашқы қазақ хандықтарының айтарлықтай қуатты болғанын айғақтайды. Ханның шақыртуы түскен бойда мемлекет «әрқайсысының күш-қайраты жиырма жігітке татитын сауытқа оранған төрт жүз мың балуанды» сапқа тізіп бере алғаны деректерде сақталған.
Қазақтың атақты ақыны, ойшылы, тарихшысы, этнографы, шығыстанушы және халық ауыз әдебиетін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазақ халқы мен мемлекетінің пайда болуын аты аңызға айналған Алаша ханмен байланыстырады. Тарихшының пікірі бойынша, бұл оқиға бағзы заманда, Қоғам, Майқы, Қотан, Қондыгер және тағы басқалардың көзі тірі кезде болған. Алаша хан үш жүз жігіттің және он үш батагөй ақсақалдың басын қосып, Ұлытау даласында қазақ мемлекетін құрған…
Жүздіктердің басшысы ретінде ақсақалдардың ұлдары – Үйсін, Арғын және Алшын батырлар белгіленген. Аңыз бойынша, жігіттер Алаша ханды ақ киізге отырғызып, Ұлытаудың ең биік шыңына көтеріп шығарған. Сондықтан да, Алаш аты қазақтар үшін ұранға, жалпыұлттық идеяға айналған. Сол кезде ханның ізбасарлары: «жауға шапқанда «Алаш» деп ұран көтереміз, егер де кім де кім бұл ұранға қосылмаса, туған атасы болса да, аямау керек» деп келіскен деседі. «Алаш – алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген нақыл да сол кезден қалған.
Түріктер мен моңғолдар хан сайлаған кезде, жаңа билеушінің ұлықтығы мен басымдығын көрсету үшін оны ақ киізге отырғызып, үш рет көтеретіні белгілі. Қазақтар да осы ежелгі дәстүрден бас тартқан жоқ. Біздің музейге келушілер «Хан көтеру» диорамасын тамашалай алады. Суретшілер мен декораторлар тәж кигізіп, таққа отырғызу үрдісін ұсақ-түйегіне дейін өңдеп, жаңғыртты. Осы жерден XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы шығыс мектебінің зергерлері жасаған, биліктің алтын мен күмістен құйылып, бағалы тастармен безендірілген атрибуттарын да көруге болады.
«Хан көтеру» ғұрпы туралы А.И.Левшин «Описание киргиз-казачих или киргиз-кайсатских орд и степей» атты еңбегінде: «рәсім өткізіледі деп белгіленген жерге кілемдер мен текеметтер қатар-қатар жайылып, сұлтандар мен ақсақалдар, билер мен ру басылары жасына және атағына немесе билігіне қарай жайғасады, ал қарапайым халық олардың артында тізіліп тұрады… халық жиналған уақытта жеке кеңесулер басталады. …Хан сайланған соң атақты бірнеше сұлтан мен ақсақалдар оған барып, бұл жайында хабарлайды, сосын оны жұқа ақ киізге отырғызып, бастарынан асыра көтереді де, жерге түсіреді. Бұдан кейін халық жапа-тармағай ұмтылып, олар да қуана шулап, жаңа билеушіні жоғары көтереді. Ақыр аяғында, хан көтерілген киізді, ал кейде, тіпті, ханның киімін жыртып, әміршіні сайлаудың қатысушысы болғанының айғағындай етіп, әркім өзімен бірге бір-бір тіліктен алып кетеді», деп жазады.
Қазақ хандығының күшеюін және соның нәтижесі ретінде Ұлы Далада сот ісінің пайда болуын деректер Жәнібектің баласы Қасымның атымен байланыстырады. Алаша хан туралы жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттің мүддесіне қызмет ететін елеулі түзетулер осы кезеңде жасалуы ықтимал. Осылайша, қазақтың этнос ретінде қалыптасуы және мемлекеттік ортақтық туралы түсініктемелердің жаңа нұсқалары пайда болады. Орталық Қазақстанда аты аңызға айналған Алаша ханға кесене де осы кезеңде тұрғызылған. Бұл қасиетті кесененің макеті Ұлттық музей экспозициясында құрметті орын алады.
Қазақ хандығының аса көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің бірі Тәуке хан – қазақ тарихының ХVІІ–ХVІІІ ғасырларында мемлекеттік билікті дамыту ісіне елеулі өзгерістер енгізген тұлға. Мемлекетті нығайту, халықаралық қатынастар жүйесінде сыртқы саяси позицияларды бекіту, билік жүргізу жүйесіне өзгерістер енгізу, билер кеңесінің қызметін жүйелендіру сияқты жаңашылдықтар оның есімімен тікелей байланысты. Көп ұзамай-ақ билер кеңесі қоғамда тікелей және кері байланысты жүзеге асыратын маңызды мемлекеттік органға айналады. Ұлттық музейде сақтаулы тұрған Төле би мен Қазыбек бидің жеке тұтынған заттары, Әйтеке бидің Нұрата кесенесінен (Өзбекстан) алынып, антропологиялық реконструкцияланған бас сүйегі – осы заманның ескерткіштері.
Қазақ қоғамы тарихының XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы кезеңде батырлардың рөлі зор болды. Жоңғар агрессиясына тиімді тойтарыс беруді ұйымдастыру қажеттігі бастапқыда әскери, одан кейін саяси сахнаға халық батырларының шоғырын алып шықты. Жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысында тап осындай батырлардың қаһармандығы мен әскербасылық талантының арқасында еліміздің елдігін, жеріміздің кеңдігін сақтап қала алдық.
Ұлттық музейде сақталып тұрған «Бес қару» жауынгерлік сауыт-сайман сол замандағы қазақ батырын көз алдымызға әкеледі. Біздің экспозицияларда Абылай ханға байланысты: мөрінің көшірмесі, өңделген шапаны, хаттары және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен алынып, антропологиялық реконструкцияланған бас сүйегі сияқты материалдар бар. Абылай хан сол дәуірдегі жарқын саяси тұлғалардың бірі және көрнекті мемлекет қайраткері және қазақ мемлекеттілігінің жаңғырып, қайта өркендеуі соның есімімен байланысты.
Ішкі саясатта Абылай хан мемлекеттік басқаруда орталықтандырылған жүйенің белгісі ретінде хан билігін нығайту жолын мықтап ұстанды. Сондықтан да, ол кейбір ру басылары мен сұлтандардың өз бетімен билік жүргізуіне жол бермей, басып тастап отырған. Сондай-ақ, төрелік соттардың өкілеттіктерін шектеп, олардың өлім жазасына кесім шығаруына рұқсат бермеген. Ол билік еткен жылдары өлім жазасына үкім шығару құқығы тек ханда болған. Абылай хан бұрынғы заңдар бойынша хандардан алынып қойылған артықшылықтардың барлығын қалпына келтіріп, Орта жүз бен Ұлы жүздің жерлерін ұлдарына еншілеп бөліп берген.
Сыртқы саясатта Абылай Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтауға ұмтылып, сыртқы саясатты асқан икемділікпен жүргізген, елдің қорғаныс қабілетін арттырып, төлеңгіттерден тұратын жауынгерлер ұстаған. Абылай хан көршілес Ресей, Қытай, Бұхар хандығы және басқа мемлекеттермен экономикалық байланыстардың нығаюына баса мән берген. Олармен сауда жүргізу үшін керуендер мен сауда жолдарының күзетілуін қамтамасыз ете отырып, шекаралас өңірлерде сауда жасау үшін арнайы аумақтар бөлді. Осындай шаралардың арқасында Абылай заманында көршілес мемлекеттер Қазақ хандығымен тығыз байланыста болды. Ал ең бастысы, Абылай жоңғар хандығы мен қытай империясының шапқыншылығына қарсы жорықта қазақтың үш жүзінің басын қосуда орасан зор рөл атқарған тарихи тұлға ретінде тарихта қалды.
XVIII-ХIХ ғасырларда өмір сүрген хандар мен сұлтандар: Айшуақ хан, Ералы хан, Жәңгір хан Бөкейханұлы, Махамбет, Кенесары мөрлерінің көшірмелеріне музейге келушілер асқан қызығушылық танытады. ХIХ ғасырдың бірінші ширегінде Ресей империясы қазақ даласына барған сайын сұғынып ене бастады. Олардың Қазақстанды отарлау саясаты халықтың ашу-ызасын тудырып, тап осы кезеңде Кенесары хан қазақтардың ұлт-азаттық күресінің көсеміне айналды. Замандастары оның ақылын, асқан тапқырлығын және басшы ретіндегі жаратылысын атап көрсетеді.
Ұлттық музей экспозициясында мемлекеттіліктің жоғары деңгейде дамуының жәдігерлері молынан жинақталған. Олардың тарихи құндылығы күн өткен сайын арта түсуде. Музей, ғылыми жұмыс жүргізіп, саяси институттар мен мәдениеттің дамуын көпшілікке танытып, насихаттайтын қуатты тетік. Жақсы музей өз қызметін ежелгі заттардың сақтаушысы ретінде шектемеуі керек, оның тәрбиелік және ағартушылық әлеуеті мол.
Ғылыми дүниетанымның елеулі компоненті – қоғамымыздың тарихи санасы. Осы ретте музей әлеуетінің эстетикалық және психологиялық тұрғыдан дұрыс құрылуы, экспозициялар мен көрмелердің материалдары тарихи тұрғыдан сауатты іріктелуі тарихи сананың оң қалыптасуына әсер ететінін есте сақтаған абзал. Адамдардың көбі өткен замандар тарихын дұрыс қабылдауы еліміздің даму ерекшелігін және Қазақстанның қазіргі әлемде қандай орын алатынын түсінуге көмектеседі. Осы ретте музей атқаратын міндет жүгі салмақты.
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Ұлттық музейінің директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
Егеменді Қазақстан газеті 2015ж. 13 қыркүйек
Ұқсас жаңалықтар
-
Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің дөңгелек үстел өтті
-
Петропавл қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
-
Астанада «Вайнах» қауымдастығының белсенділері марапатталды
-
«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмалар аясында жастар бастамаларын талқылау» диалог алаңы өтті
-
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы басқармасының өкілдері Ақмола облыстық ҚХА корей этномәдени бірлестік белсенділерімен кездесті
-
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер және мәслихат өкілдерімен кездесу өткізді
1 Тамыз, 19:35
Қызылордада ҚХА Төрағасының орынбасары этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті
3 Тамыз, 15:02
Марат Әзілханов Қызылордада салынып жатқан жаңа Достық үйінің құрылысымен танысты
5 Тамыз, 22:50
ЭТНОМЕДИАЦИЯ - БЕЙБІТ ДИАЛОГ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ: АҚТАУДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОМЕДИАТОРЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ
Ұқсас жаңалықтар
-
Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің дөңгелек үстел өтті
-
Петропавл қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
-
Астанада «Вайнах» қауымдастығының белсенділері марапатталды
-
«Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Президент жүктеген тапсырмалар аясында жастар бастамаларын талқылау» диалог алаңы өтті
-
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы басқармасының өкілдері Ақмола облыстық ҚХА корей этномәдени бірлестік белсенділерімен кездесті
-
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер және мәслихат өкілдерімен кездесу өткізді