Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Ақпан, 2015

1126

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің ҮНДЕУІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының кенесі мүшелері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттық тобына, саяси партиярға және барлық Қазақстан халқына ҚР Президенті сайлауын кезектен тыс өткізу жөнінде өз ұсыныстарымен шықты.

 

    Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді сезіне отырып, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақтастары әрі Отанымыздың патриоттары ретінде халыққа үндеу жолдаймыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясына еліміздің барлық өңірлерінен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы көптеген азаматтар өтініштері келіп түсуде.
    Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өзінің азаматтық борышы деп санайды.
Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылады.
    Елімізді жаһандық сын-қатерлер кезеңінен алып шығу үшін еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа жалпыхалықтық сенім мандаты берілуі қажет.
    Әлемде тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние жүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет.
    Сонымен қатар Елбасына жаңа сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз.
    Бүгінде «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді біріктіруіміз керек.
Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу арқылы еліміздің одан әрі қарқынды дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.
    Сондықтан осы күрделі кезеңде біз барша қазақстандықтарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төңірегінде топтасуға шақырамыз.
Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсімін нығайту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастамаға шын мәнінде басқа балама жоқ.
    Сонымен бірге ендігі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында екі сайлауды әртүрлі уақытта өткізген жөн.
    Қазақстан халқы Ассамблеясы Отанымыздың орнықты дамуы мен алға жылжуына бағытталған бастамаларды қашанда қолдап келді және болашақта да солай бола бермек.
    Осы жалпыхалықтық бастаманы көтере отырып, қазақстандықтар тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдауға ие боламыз деген сенімдеміз, өйткені біз халқымыз бен еліміздің биік мүддесін көздеп отырмыз.
    Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
    Қазақстан жылдан жылға гүлденіп, әлемнің белді әрі беделді мемлекетіне айнала берсін!
    Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобын Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтеруге шақырамыз.
    Қазақстандықтар еліміздің әлемнің ең озық отыз экономикасы қатарына енуіне мүмкіндік беретін «Қазақстан-2050» Стратегиясын жалғастыруды қалайды!
    Қазақстандықтар «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» бағдарламасын қолдайды!
    Қазақстандықтар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуды, одан әрі дамуды қалайды!
    Біз барша Қазақстан халқын, саяси партияларды, азаматтық секторды және еліміздің патриоттарын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз!

Астана, 2015 жылғы 14 ақпан.

Кейін қарай