Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Мамыр, 2015

853

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының ХҮІІІ сессиясы

 

30 сәуірде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХҮІІІ сессиясы болып өтті. Сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясынан туындайтын міндеттер сөз болды. 

Аймақ басшысы биылғы жылдың қазақстандықтар үшін айрықша жыл екендігіне тоқталды. Уақыттың өзі Қазақстан Республикасы Президентінің тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасуындағы алғашқы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы көреген шешім қабылдағанын көрсетіп отыр. Азаматтық қоғам мен этносаралық келісімді сақтау мен нығайтуда бірегей қоғамдық институт болып саналатын Ассамблеяны дүниежүзі мойындады. 

Облыс әкімі облыстық ассамблея жалпымемлекеттік міндеттерді шешуге белсенділікпен қатысуы қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ, облыстық ассамблея хатшылығына облыстық ішкі саясат, мәдениет және білім басқармаларымен бірлесіп Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырған реформаларын жан-жақты қамтитын бағдарлама әзірлеу қажеттігін тапсырды. Оларды жүзеге асыруға барлық этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар белсене араласуы қажет.

Қызылорда облысында Ассамблея жұмысын оның жаңа мәртебесіне сәйкес күшейту, жаңа деңгейге көтеру бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асуда. Өткен жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Республика бойынша біздің өңірде ғана аудандарда аталған мекеменің этносаралық мәселелер жөніндегі эксперттері жұмыс істейді.

Облыстық ассамблея жұмысының мазмұнын тереңдету мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Облыстық ассамблея жанында ғылыми-сарапшылық топ, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңесі жұмыс істейді.

Биылғы оқу жылынан бастап ассамблея бастамасымен көпұлтты мектептерде толеранттылық клубтары құрылуда.

Көптен бері асыға күткен “Достық үйі” қыркүйек айында пайдалануға беріліп, облыста жұмыс істейтін барлық ұлттық мәдени орталықтар мен ассамблеяның ортақ шаңырағына айналмақшы.

Ассамблея жылы аясында республикада бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі - «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» эстафетасы.  Оның символы – Тайқазан жалпы құны 46 млн. теңгеден асатын қайырымдылық істерімен толды. 

Сессия барысында ҚХА ХХІІ сессиясына қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур Хамидов сессияның жоғары деңгейде өткізіліп, мемлекет тарихында өшпес із қалдырғанын айтты. Облыстық ҚХА мүшесі Ильдар Гафуров Мемлекеттік басшысының көтерген Қазақстан халқының ырыс мен бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған бес реформаны жүзеге асыруға тоқталды. Жас ақын Назгүл Брдіқожа Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған өлеңін оқып берді. 

Сондай-ақ, сессияда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ң «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, т.ғ.к. Нұрлыбек Мыңжас, Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал» ауылындағы № 108 орта мектептің мұғалімі Милана Ногай, Жаңақорған ауданындағы «Сығанақ» этнобағытталған бірлестік мүшесі Светлана Нещерет, Арал аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұралы Оспанов, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, оқу озаты Даниэль Михайлов, Қазалы ауданындағы № 95 шағын орталығының тәрбиешісі Наталья Баркова да сөз сөйледі. Олар мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлаудың Қазақстанның әрі қарай дамуындағы маңыздылығы, Мемлекет басшысының реформалары аясында барлық этномәдени бірлестіктердің ұйысуы,  өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге баса назар аудару, өңірде бейбітшілік пен келісімді нығайту қажеттігі жайлы пікірлерін білдірді.   

Сессия қорытындысы бойынша облыс басшысы Қырымбек Көшербаев барлық деңгейдегі әкімдерге, мемлекеттік құрылымдар басшыларына, облыстық ассамблея хатшылығына тапсырмалар берді.

Мәжілісте облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болып корей этномәдени бірлестігінң төрайымы Елена Ким тағайындалды. Облыс әкімі осыған дейін орынбасар болған Ашур Хамидовке алғыс білдірді.  

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан үлесі үшін ҚХА қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал» ауылындағы «Достық Жер»  ЖШС директоры Милияр Арифов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры Қылышбай Бисенов және М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры, «Қызылорда облысының Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы Әлима Әбдіхалықова марапатталды.  

Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатрды «Достық үйіне» сыйға тартқан жеке кәсіпкер Әнипа Тапалова облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен барлық этномәдени бірлестік жетекшілері марапатталды.

 

Кейін қарай