Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Шілде, 2016

822

Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени серіктестік

Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясында «Қазақстан мен Украина әріптестігіндегі этносаралық, конфессияаралық және мәдени мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына облыстық ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайын, Қазақстандағы Украина Елшілігінің гуманитарлық әріптестік, Қазақстандағы украина диаспорасымен қарым-қатынас бойынша бірінші хатшысы Леонид Ясинский, «Болашақ» академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының кандидаты  Гүлнәр Рысмағамбетова, облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, облыстық ұлттық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, аймақтағы жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, облыстағы білім және мәдениет қайраткерлері қатысты.  

ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайын өз сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қазақстандық моделінің қазіргі таңда жоғары бағаға ие болғанына тоқтала келе:

- Бүгінгі күні қазақстандық этносаясаттың нақты артықшылығы қаланған: біріншіден, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатының арқасында этностық және діни айырмашылығына қарамастан азаматтардың құқығы тең. Екіншіден, Қазақстандағы этностардың өкілеттігі мен мүдделерінің жүзеге асуы мемлекеттік деңгейде қарастырылады. Сонымен бірге, этностардың мәдениеті мен дәстүрін, ана тілін дамытуға мемлекет тарапынан жағдай жасалып, үлкен қолдау көрсетілуде, - деп айтып кетті.

Л.Ясинский «Украинаның конституционализмге қосқан үлесі мен жетістігі» тақырыбындағы баяндамасымен таныстырды. Баяндамасында Л.Ясинский Қазақстан мен Украина өзара достығы мен ыстық құрметінің тарихи байланысы бар екенін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың да жанданып келе жатқанын жеткізді. Мәдени серіктестікті нығайтатын жаңа жобалардың іске қосылып жатқанынан хабардар етіп, екі ел арасындағы аталмыш саладағы әрекеттестігінің жемісті болатынына сенімін білдірді.

- Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігі жанындағы ғылым және мәдениет орталығы мәдени байланысты жаңғыртуда түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Жақында ғана қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның шығармашылығы мен өмір жолына арналған дөңгелек үстел өткіздік. Соныдай-ақ, ҚР Украина Елшілігінің ресми сайтында «Шевченко және Қазақстан» тақырыбындағы виртуалды энциклопедия ғаламтор қолданушыларына қолжетімді болды. Қазақстандық ғалымдар, өнертанушылар және жазушылардың қолтаңбасы қалған көптеген зерттеу және әдеби материалдар табылып, виртуалды энциклопедияға енгізілді, - деп Л.Ясинский атқарылған жұмыстарды айып берді.

Дөңгелек үстел қатысушылары тәуелсіздік жылдарында екі ел арасында қалыптасқан мәдени байланысты талқылап, гуманитарлық әріптестікті құру мен Қазақстанда тұрып жатқан этникалық украиндықтардың тарихи отанымен орнатқан қарым-қатынасына кеңінен тоқталды.

Соңғы статистикалық көрсеткішке сүйенсек, елімізде 300 мыңнан астам украиндықтар тұрып жатыр.

   

   

 

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

 

Кейін қарай