Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Қазан, 2018

1033

Қазақстан Сириядағы дағдарысты бейбіт жолмен шешуге шақырды

Бүгін Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан делегациясы Сириядағы дағдарысты еңсеру үшін Астана процесінің шеңберіндегі келіссөздерді одан әрі жалғастыруға шақырды. 

Сонымен қатар, Женева процесін жан-жақты қолдау қажеттілігіне баса назар аударды. Біздің дипломаттардың пікірінше, ұзаққа созылған дауды шешу жолдарының бірі - сириялық конституциялық комитетін құру.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыштың айтуынша, «сириялықтар өздері ғана халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Сирия елінің болашақ саяси жүйесін құруын бастау керек».

Сонымен қатар, Қазақстан барлық мүдделі тараптарды ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, 17 қыркүйекте қол қойылған Меморандум шарттарын ұстануға шақырды. Айта кету керек, Астана процесінің кепіл мемлекеттері Ресей мен Иран Сирияның Идлиб қаласындағы деэскалация аймағында жағдайды тұрақтандыруға келіскен. Бұдан бөлек, біздің республика өкілдері  мүдделі тараптарды елдің барлық өңірлеріне гуманитарлық көмекті ең қысқа жолдармен қауіпсіз және кедергісіз жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.

Бір айта кетерлігі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің осы отырысында ұйымның бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура қараша айының соңында өз қызметінен кетуге ниетті екенін жариялады. Оның Сириядағы дағдарысты бейбіт жолмен шешу бойынша атқарған жұмысына жоғары баға беріліп, ризашылық білдірілді.

Өз кезегінде Стаффан де Мистура қалған уақыт аралығында жаңа конституция жобасын әзірлеу мақсатында сириялықтардың комитетін құруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Сонымен қатар ол қазан айының соңына дейін Астана процесінің кепіл мемлекеттердің өкілдерінің кездесуін Женевада ұйымдастыруға уәде етті.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Сириядағы соғысты тоқтату жоланыдағы Астана процесі мен Женевадағы келіссөздердің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Сириядағы жағдайды реттеу мақсатында Астанада тоғыз мәрте келіссөздер ұйымдастырылған. Тұңғыш рет Сириядағы қарсылас күштер Астанада бір үстелдің басында кездескен болатын. Тіпті, бір-бірін дұшпан деп санайтын түрлі күштер Астана процесінде бір мәмілеге келіп, Сириядағы қантөгісті тоқтатуға мүмкіндік туды.

Астана процесінің тоғыз раундында тараптар соғыс қимылдарын тоқтату, деэскалация аймақтарын құру және гуманитарлық көмек көрсетуді реттеу жөнінде бірқатар нақты келісімдерге қол жеткізді.  

Асан Қалиахмет

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 18.10.2018

Кейін қарай