Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Қыркүйек, 2018

3528

Қазақстанда тіркелген сайттардың әрбір бесіншісі – қазақтілді

Жыл сайын Тілдер мерекесі республика көлемінде түрлі іс-шаралар арқылы аталып өтіп жатады.

«Үш тұғырлы тіл» саясатын ұстанған еліміз, Қадыр Мырза Әлі атамызша айтқанда, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидасын ұстанып отыр.

Яғни, еліміз үш тілді меңгеріп қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесінің күн санап өсуін де қамтамасыз етуде. Халқымыздың жастары ғана емес, орта буын бөлігі де қазіргі таңда бірнеше тілді меңгеруге тырысуда. Ал, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Тіл тұжырымдамасы» тілге қатысты бұл ұстанымның өз дәрежесінде орындалуын қамтамасыз етеді. Соның айғағы — бірнеше тілді қатар білуге қатысты көзқарасты ұстанып отырғанымызбен, ана тіліміз — мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, қоғамымызда өз орнын айқындап келеді.

Мемлекеттік тіл еліміздегі барша ұлт пен ұлысты ұйыстыруда өз міндетін атқарып отыр. Тілдер мерекесі кезінде еліміздегі барша ұлттың тіліне де құрметпен қарап, олардың сақталуына, дамуына жағдай жасап отырғанымызды да атап өту керек. Бүгінде кәріс, неміс, жапон тілдерін үйренгісі келген барша жұрт Ассамблея жандарынан ашылған жексенбілік мектептерде шет тілдерін тегін үйреніп жатуы – осының айғағы. Бұл жөнінде Тіл тұжырымдамасында «Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізуіміз керек» деп көрсетілген. Демек, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлттың тілінің сақталуына ықпал ете отырып, қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеде дамуына жағдай жасалып отыр деуге болады.

Жалпы, тілге қатысты ұстаным Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ айқындалған болатын. Өйткені, сол кезде Кеңестік дәуірде жойыла бастаған тіліміз, тарихымыз, мәдениет пен әдет-ғұрпымызды қалыпқа келтіру міндеті тұрған болатын. Одан бері де бірнеше рет «Тіл туралы» заңды қайта қарап, арнайы мемлекеттік бағдарламалар да қабылдап, тіліміздің тұғыры биіктеуі үшін қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде Тіл тұжырымдамасының орны бөлек. Аталмыш құжат мемлекеттік тілдің құқығын байыпты түрде, қоғамымыздың барлық саласында кешенді қалыпта орнын айқындап, уақыт өткен сайын сұранысқа сай тілге айналдырып келеді.

Тілді білу мектептен басталады

Шынын айту керек, бір кездері елімізде «орыс тілін білмесең өмір сүре алмайсың» деген көзқарас қалыптасқан кездер болғанын да еске алу керек. Балаларын жаппай орыс мектебіне беретін ата-аналардың саны артып, Алматы қаласында бар болғаны жалғыз қазақ мектебі жұмыс істеген кездерді де халқымыз басынан өткерді. Қазақ тілі қанша қысым көріп, шеттетілсе де, бүгінгі күні еңсесін тіктеп, мәртебесінің артып келе жатқаны көңіл қуантады.

Мәселен, 2011 жылдары республика бойынша 3828 — қазақ мектебі, 1573 орыс мектебі тіркелген. Оған қосымша бірнеше тілде білім берілетін 2164 мектеп болған екен. Ал, сол жылдары үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласында таза қазақтілді 50 мектеп болса, таза орыстілді 76 мектеп тіркеуде болған. Жеті жылдың ішінде жағдайдың анағұрлым жақсарғаны байқалады. Қазір республика бойынша қазақтілді мектептер саны бұрынғыдан екі есе көбейген. Ал, Астана қаласында биылғы оқу жылынан бастап орыс сыныптарын біртіндеп, кезең-кезеңімен қазақ сыныптарына ауыстыруға орай пилоттық жоба іске асуда. Осылайша, барша орыс мектептерін қазақ мектептеріне ауыстыру идеясы жүзеге асып жатыр. Бұл күштеудің арқасында емес, елдің қазақ мектептеріне деген сұранысын ескергендіктен жасалып жатқан шара. 

Ел ішінде жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде қала жастарының тоқсан пайыздан астамының қазақ тілін түсінетінін, орыс тілінің ағылшын тілінен де кейінгі екінші деңгейлі тілге айналғаны байқалып келеді. Осыны түсінгендіктен, бірнеше жыл бұрын қазақтілді қоғамның сұранысы артқанын байқаған Елбасы қазақ мектептері мен балабақшаларын шұғыл көбейту туралы шешімге келді. Нәтижесінде Алматы мен Астана қалаларынан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ мектептері ашыла бастады. Қала шетіне қоныстанған, ауылдан көшіп келген қазақтардың есебінен ғана емес, қала ішінен де қазақтілді мектептердің жетіспеушілігін тез арада жолға қою қажеттілігін сезініп үлгердік. Ата-аналар балаларын орыс мектептеріне бермеуі үшін тез арада қазақ мектептерінің санын көбейту басты мақсат болған еді. Көптеген аралас мектептер қазақтілді мектептерге көшіріліп, ал, орыс мектептерінің ішінен қазақ сыныптары ашыла бастады. Бүгінде әлі де болса қазақтілді мектептер санының жеткіліксіздігі байқалады, бірақ, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Осылайша, 2020 жылға дейін қазақ тілін қолдануды барынша көтеру мақсаты орындалатынына сенім мол.

Тілді дамытуға Ассамблея да атсалысты

Елбасымыз еліміздегі қоғамдық келісімнің әлеуетін нығайту үшін мемлекеттік тілді дамытудың маңыздылығын әлденеше рет айтып өтті.  «Мемлекет барша қазақстандықтардың қазақ тілін біртіндеп үйренуі үшін барлық жағдайларды жасап отыр. Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруінің жалпыұлттық үдерісіне басшылық жасауы керек. Ол үшін ешкімге қысым жасамай және ешкімді төмендетпей, қажетті шаралар кешенін жүйелі де табанды жүзеге асыру қажет. Мемлекеттік тіл — ол халық бірлігінің негізгі факторы» деді мемлекеттік тілге қатысты ойын білдірген Нұрсұлтан Назарбаев. Осылайша, еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы да мемлекеттік тілдің қанатының кең жаюына атсалыса бастады. Нәтижесінде Аассамблеяға мүше талай өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге ден қойып, балаларын да қазақ мектептеріне бере бастады.

Тіліміздің тұғыры Бұқаралық ақпарат құралдары саласында да биіктей түсті

Шын мәнінде, ұлтымыздың қазақтығын танытатын, ұлттық құндылықтарымыздың ең биік төрінде қазақ тілі тұр. Дәл қазір ұлтымызды ұйыстырып, танытып тұрған факторлардың бірі де, осы — қазақ тілі. Биік мінберлерден қазақ тілінің жанашырлары мемлекеттік тілді дамыту туралы тұщымды ойлар мен пікірлер, ұсыныстар айтуда. Мемлекеттік тілді өркендету үшін талай шаруалар да атқарылуда.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тілінің жаршысы болар ақпарат агенттіктері де пресс-релиздерді тек орыс тілінде әзірлеп, мемлекеттік тілді елеместен, пресс-конференцияларда қазақтілді спикер маман тартуды ойламайтын да еді. Талай рет қазақтілді журналистердің құқығы аяққа тапталып жатса да, амалсыз орыстілді маман берген пікірді қазақшалап, ал, пресс-релиздерді өзі аударып алып жүретін кездерден де өттік. Бүгінде елімізде ақпарат агенттіктері міндетті түрде пресс-конференцияларда орыстілді маманмен қоса, қазақтілді спикердің де болуын талап етіп, пресс-релиздерді де екі тілде беретін болды. Шын мәнінде, мұның барлығына «2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту жөніндегі Тіл тұжырымдамасы» бағдарламасының арқасында қол жеткізу мүмкін болып отыр. Бұл уақыт өте мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде құқығының қорғала бастағанын көрсетеді.

Тіліміздің орны — төрде

Бүгінгі күні халқымыз да тіліміздің тұғырының биік болуына атсалысуда. Кез келген қызмет көрсету орнына барғанда мемлекеттік тілдегі бланкілерді сұратып, қазақтілді маманды талап етуде. Соның арқасында қазір еліміздегі барлық мекемелер мемлекеттік тілге бет бұра бастады. Олардың халықтың пікірімен санасып, қазақ тіліне бет бұруы, қазақ тілінің болашағы жарқын екенін аңғартса керек. Жалпы, Елбасымыз, ең алдымен, қазақ тіліне жергілікті халқымыз бет бұруы қажет екенін осыған дейін бірнеше рет ескерткен болатын. Сондықтан, халықтың бетбұрысы уақыт талабымен жеткен жетістігіміз деуге болады. Осылайша, мемлекет тарапынан іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуін талап ету үрдісіне халықтың да талап-тілегі қосылып, бұл үдерісті, тіпті, жеделдетіп жатқаны көңіл қуантады.

Қазір қазақ тіліне жергілікті ұлт өкілдері ғана емес, елімізде тұрып жатқан этностар да көңіл бөле бастаған. «Абай оқулары», «Мұқағали жырлары» секілді ақындарымыздың өлеңдерін жатқа айтуда топ жарып, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің балалары жиі кездеседі. Сол секілді ұлтына қарамастан, қазақша тәрбиеленудің арқасында бүгінде балалар үйіндегі барлық ұлттың балалары тек қазақ тілінде сөйлеседі, қазақтілді ұрпақ болып қалыптасты, қазақтілді мектепке баруда. Бұл да елімізде дұрыс жүзеге асып жатқан тілге қатысты саясаттың арқасы.

Бір анығы, қазір қазақ тілінсіз Қазақстанның болашағы жоқ екенін жаппай халқымыздың түсінуі, тілдің қолданыс аясы кеңеюі үшін, алдымен, халықтың мүдделі болуы қазақ тілінің болашағының жарқын екенін көрсетуде. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын. Ұлт ұстазының сөзінен-ақ ұлт үшін тілдің қаншалықты маңызды, қаншалықты қасиетті екенін түсінуге болады. Ел ішінде өз орнын тапқан қазақ тілі ұлттық компаниялар мен Мәжіліс, Сенат отырыстарында да ойып тұрып орын алса, қазақ тілінің ертеңіне алаңдамайтын күнге жеткендей болар едік. Тіл тұжырымдамасы арқылы оны да қаматамасыз ете алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар мен қазақ тілін үйретуге арналған тегін тіл курстары мен телеарна бағдарламалары, нормативтік құжаттар жұмыс істеп жатқанын да естен шығармауымыз керек. Яғни, туған тіліміздің тұғыры биік болуы үшін кешенді түрде жұмыстар жүргізілуде.

Тіліміз терминология саласында

Тәуелсіздік алғалы бері шамамен 25 мыңнан артық термин бекітілді. Химия, металлургия, филология, медицина, фармацевтика, космонавтика  секілді негізгі салалардың өзінен әр сала бойынша кемінде 15 мың термин керек екенін есепке алсақ, жалпы 500 мыңға дейін жаңа термин қажет екенін көреміз. Әрине, термин жасау дегеніміз — барлық халықаралық сөзді қазақшалау емес, халықаралық қағидаттарға сәйкес нормаларын сақтай отыра өзімізге бейімдеу. Бүкіл дүние жүзінде мамандарға ортақ терминдер мүмкіндігінше сақталғаны дұрыс. Тіліміздің терминология саласындағы есесі ешкімге кетпеуі үшін әлі де жұмыстар жалғаса бермек.

Жақында кез келгеннің «тісі бата бермейтін» салалар бойынша «100 жаңа оқулық» жарық көрді. Жалпы, ана тіліміз «мемлекеттік тіл» мәртебесіне лайық, сөздік қоры аса бай, фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық, əлеуметтік-лингвистикалық тұрғыдан барлық талапқа сай келетін, көпқырлы қызметті болуға лайық. Яғни, қазақ халқының болашағына қызмет ете алатын құдіретті тіл.

 

Тіліміздің құқығы ғаламторда қалай сақталуда?

Осы орайда айта кетер жайт, мемлекеттік тіліміздің ғаламторда қолданыс аясының біртіндеп кеңейіп келе жатқаны. Бұрын қазақтілді ақпараттар аз болса, бүгінде қазақ тіліндегі сайттар көбейіп, елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы қызмет көрсету орындары мен барлық мемлекеттік мекемелердің ғаламтордан халыққа қазақ тілінде қызмет көрсететін сайттарының ашылуы бұл үрдісті тіпті тездете түсті. Қазақ тілінің Googl-дегі тілдердің қатарына қосылуы да тіліміздің тынысын аша түсті.

Ғаламтордағы қазақ тілін дамытуға қатысты көптеген іс-шаралар өтуде. Бұл мақсат нәтижесіз де емес. Интернетте қазақтілді контенттің үлесі бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Қазақ тіліне бет бұрған жастардың ғаламтор желілерінде де құқығы бұзылмасы үшін елімізде IT технология саласына бетбұрыс жедел түрде жүрді деуге болады. Рас, жаңа смартфондар мен планшеттердің көбісінде қазақ тілі жоқ. Амалсыз кириллицамен қазақша төл дыбыстарымызды бұзып, қазақ тілін қатемен жазуға мәжбүр болудамыз. Сондықтан, бүгінде арнайы қазақша әріптердің жүктемесін жүктеу арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға мәжбүр. Еліміз сандық технологияға айтарлықтай көңіл бөлгенін ескерсек, аз уақытта бұл кемшіліктің де жойыларына сенеміз.

Статистикаға сүйенсек, бүгінгі таңда қазақтілді сайттардың саны күн санап көбейіп келе жатқаны байқалады. Жалпы, еліміздегі сайттардың ішінде қазақтілді сайттар 30 пайызын құрап отыр екен. БАҚ-тың да электронды нұсқалары, телеарналардың сайттары ашылған үстіне ашыла түсуде. «Қазақ ғаламторы» қауымдастығының президенті Серікқазы Кәкібаланов: «Ғаламторда мемлекеттік тілді дамыту мәселесі соңғы жылдары жылдам қолға алына бастады. Дегенмен, интернетте қазақ тілін алға жылжыту үшін әлі көп істер жасалуы тиіс. Әлі де болса техникалық мәселелер, терминдер мәселесі бар. Ғаламтордағы қазақ тілінің сапалық деңгейін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек» дейді. Демек, қазақ тілінің ғаламтордағы дамуы бағытында әлі де жұмыстар атқарыла бермек. Тілге қатысты жасалып жатқан осынау жұмыстардың барлығы, жасыратыны жоқ, қыруар еңбек, қажыр-қайратты талап етеді. Алайда, мемлекетіміздің дамуы үшін мемлекеттік тілдің де өз дәрежесінде дамуының маңызы зор.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының барлық шарттарын санамалап отыру мүмкін емес, дегенмен, бүгінгі қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілдің дәрежесін осыдан аз уақыт бұрынғы жағдаймен салыстыра отырып, жағдайдың біршама жақсарғанын анық байқаймыз.

Әрбір ұлт үшін тілдің маңызы зор! Ана тіліміз тұғырына қонып, мемлекеттік тіл мәртебесіне сай күшейіп келе жатқаны қуантады. Тіл қазақыланған соң, қоғам қазақыланып келеді. Тіл жанашырлары да көбею үстінде. Соңғы бірнеше жылдың ішінде тек қана Алматы қаласы бойынша 200-ге жуық көшеге ұлт қайраткерлерінің есімі берілген. Солтүстік облыстарымыздың да қазақыланып келе жатқаны байқалады. Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда орыстанған бірқатар аудандар бұрынғы, қазақи, тарихи атауларын қайтаруда. Жоғалтқанымызды тауып, ұмытылғандарымыз жаңаруда. Демек, Тіл тұжырымдамасы өзінің  көздеген мақсатына жету үстінде.

 

 

Дата события ассамблеи: 26.09.2018

Кейін қарай