Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қыркүйек, 2018

1312

Қазақтілді медиаторлардың санын көбейту керек

Қазір Қазақстан үшін билер соты құндылық саналып отырған кезең. Осыған орай, елімізде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, 2011 жылы «Медиация туралы» заң қолданысқа енгізілді.

Осы кезеңнен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Медиаторлар кеңесі де құрылды. Бүгінде медиаторлардың кеңесіне жүгіну, олардың қызметін тұтыну да өз деңгейінде өсіп келеді. Еліміздің әр облысында медиаторлар мектебі ашылып, сауатты мамандар даярлануда. Бүгінде медиаторлардың қызметіне жүгіну арқылы отбасы мәселелері жеңілдеп, бірқатар іс сотқа жетпей, бітімгершілікпен аяқталған. Бұл ретте «Шаңырақ» медиаторлар мектебінің әлеуметтанушы маманы Аймара Тілеукина қазіргі таңда медиаторлардың тәжірибесі де артып, өз істерін жетік білетін медиаторлардың санының толыға түскенін алға тартады. 
«Жуырда Алматы облысында бір әйелдің мәселесін шештік. Азаматша қанша мәрте сотқа жүгінсе де, бұл мәселені шеше алмаған. Баласының денсаулығында кінәрат болып, анасы баласын қайта-қайта шетелге барып емдетеді екен. Әрбір шетелге барған сайын ажырасқан жолдасынан рұқсат алуы керек. Ал, ол рұқсатты алу үшін әркез дау-жанжал, ұрыс-керіс туындап отырған. Міне, осы мәселе бойынша әйел әкесіне баласынан бас тартуды сұрайды. Ал, баланың әкесі «алимент төлемейтін болсам ғана баладан бас тартамын» деген ұсыныс тастайды. Сот, заң бойынша, бұл мәселені шеше алмайды. Сот әкелік құқынан айырса да, әке алимент төлеуге міндетті. Осыған байланысты баланың анасы бізге келіп жүгінді. Біз бұл мәселені екеуара келісіммен шешіп бердік. Балаға әкесі алимент төлемейтін болды. Әкелік құқынан бас тартты. Одан әрі қарай шетелге бару үшін әйел одан рұқсат сұрамайтын болды. Әйел оның ақшасына зәру еместігін, алименті қажет еместігін дәлелдеді, құжаттардың барлығын жинады. Осыған орай мәселе де шешілді», деді Аймара Тілеукина. 
Дәл осы сияқты мәселелер қаншама. Мұндайда көмекке келетін медиаторлардың қызметінің ерекше екенін айта кету керек. 
Медиатор болуға қызығушылық артып келеді 
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, туыстардың арасындағы дау-жанжалды, ерлі-зайыптыларды бітістіруге, ауқымды қарыздарды қайтаруға келгенде медиаторлардың қызметіне жүгінетіндердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл ретте Алматы қаласы, Жетісу аудандық Медиаторларды даярлау мектебінің маманы Зарина Ақаеваның өз айтар ойы бар. Оның алға тартып отырғанындай, болашақта медиаторлардың саны қазіргіден екі есеге арта түсетініне сенім де, мүмкіндік те мол. 
«Өз басым, техникалық оқу орнын бітірдім. Бұдан соң екі жыл жұмыссыз жүрдім. Инженер болу үшін зауыт-фабрикаларға жұмыс істеу керек болды. Ал, мен денсаулығыма байланысты ондай жұмыс орындарына бара алмадым. Ақырында, 2016 жылы бір жыл оқып, медиатордың сертификатын алдым. Содан бері осы іспен айналысып келемін. Қазіргі кезде белсенділігім артып, әрбір курстан деңгейді өсіру үшін қалмаймын. Жуырда Астанада өткен медиаторлардың курсына қатыстым. Қазір бұл мамандыққа қызығушылық артып келеді. Өйткені, әлемдік тәжірибенің өзі осыған бағыттап отыр. Нью-Йоркта, Лондонда, Израильде медиаторлардың еңбегі жанданып келеді. Негізінен, медиация дегеніміз — алқа билер сотынан бастау алған сала ғой. Кезінде біздің ата-бабаларымыз дау-жанжалда екі жақты бітістіріп отырды емес пе? Бұл қызметті қазіргі заманға сай лайықталған түрі деп есептеймін. Сондықтан, өз басым, медиаторлар қызметі болашақта жанданып, мамандар саны екі еселене түсетініне сенемін», деді Зарина Ақаева. 
Медиатор Зарина Ақаеваның айтуынша, қазір медиатор болғысы келетін жастар көп. Осыған орай, маман болашақта «медиатор мектебі көбірек ашылғаны жөн» дегенді де атап өтті. 
Медиация мектебі жаңалықтың жаршысы 
Негізінен, мамандар алға тартып отырғандай, бұл сала Қазақстанға жаңалық алып келді. Елбасының бастамасымен көтеріліп отырған бұл жобаның өміршең болатынына кепілдік мол. Бұл ретте заң ғылымының докторы, профессор Жанәділ Сағадиев «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медиаторларды оқыту керектігі жайында ұсыныс тастап, Қазақстан халқы Ассамблеясына арнайы тапсырма берді. Қазір медиация мектептері ашылды. Медиаторлар даярланып жатыр. Былтырдан бері медиаторлардың сот отырысына қатысуы да белсенді жүзеге асып келеді. Жуырда сот отырысы болды. Бір кәсіпкер көп пәтерлі үйдің бірінші қабатынан дүкен ашыпты. Ал, жоғары қабатта тұратын көршісінің әлгі кәсіпкерге шағымдануы жиілейді. Осыдан барып дау-дамай көбейіп, ақыры көрші сотқа жүгінеді. Мәселе сотқа дейін жетеді. Кәсіпкер медиаторлардың қызметіне жүгінеді. Ақыр соңында 10 сағатқа созылған келіссөзден кейін екеуі келісімге келді. Көршісі дүкен иесіне шағымданбайтын болды. Ал, дүкен иесі төбесінен су ақса, тағы басқа жайсыздықтар туындаса, көршісіне шағым жасамайтын болып келісті. Бір жағынан, осындай қызықты жайттар да кездеседі. Ұсақ-түйек мәселе көрінгенімен, бұған да бітімгер керек болды. Медиаторлардың қызметіне жүгінетіндердің көбі тұрмыстық мәселелерді алға тартады. Ал, тұрмыстық жайттар сотта ұзақ қаралады. Бұл арада медиация қызметі мұндай істерді сотқа қарағанда тез жүргізеді», дейді. 
Кетісудің емес, келісудің жолы 
Жалпы, деректерге жүгінсек, 2013 жылы судьялар 1,25 млн істі қараса, 2017 жылы 2,6 млн істі қараған. Соңғы 4 жылда судьялардың жүктемесі екі есеге артқан. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесіне қарасақ, оларда құқық бұзушылықтың 70 пайызы бітімгершілікпен аяқталады. Сондықтан, бізде бұл мәселенің қанат жайып дамуы заман қажеттілігі болып отыр. Осыған орай, «Мемлекет басшысы бұл мәселені арнайы ұсыныс етіп, тектен-текке шығарған жоқ» дейді мамандар. 
«Сотқа жүгінудің бір қиыны — сот істі ұзаққа созады. Судьялардың жүктемесі көп болғаннан кейін де, тергеу мәселесінде шиеленіскен жағдайлар туындағаннан соң да іс ұзаққа созылады. Бұдан соң соттың қаламақысын төлеу қажет болады. Мемлекеттік баж салығын төлейсіз, заңгер жалдайсыз. Осындай кезеңдерден өткенмен, соттың шешімінің сіздің пайдаңызға шешілетіне де 100 пайызға кепілдік жоқ. Сондықтан, қарапайым халық үшін медиация қызметі бұл арада тиімді болып отыр. Ең дұрысы, дауласу емес, бітісіп келісімге келу. Медиация мәмлеге келтіру үшін таптырмас дүние болып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы тектен-текке көтерген жоқ. Негізінен, бұл жайттың астарында үлкен мағына бар. Дау-дамайсыз ел болмайды. Ал, болашақта біз сол дау-дамайды сотқа жеткізбей шеше алатын, сауатты қоғам құра білсек, ұтқанымыз осы болмай ма?! Ендеше, бұл бастаманың тереңдеп дамуы үшін болашақта медиаторлар легі сауатты болуы керек», деді экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов. 
Медиаторлар қазақша білуі тиіс 
Медиация жайлы сөз еткенде заңгер ғалымдардың басым бөлігі елдегі медиаторлардың азаматтық істерде белсенді екенін алға тартты. Мәселен, заңгер Елдос Жайлаубаевтың айтуынша, медиаторлар араласқалы бері азаматтық істер 2017 жылы 30 пайызға қысқарған. 
«Медиаторлар азаматтық істерде белсенділік танытады. Олар үшін мұндай істерді бітімге келтіру жеңіл әрі тиімді. Отбасылық дау-жанжал, ажырасу, баланы бөлісе  алмау, еңбек дауы, тұтынушылар құқы, коммуналдық төлемдерге қатысты даулар — осының көпшілігі медиаторлардың келісімге келтіруімен аяқталған. Әрине, бұл жақсы.  Алдағы уақытта қазақтілді медиаторлардың көбейгені дұрыс. Себебі, елдегі 300 медиатордың 80 пайызы орыстілді медиаторлар екен. Сондықтан, болашақта қазақтілді қауымның сұранысын қанағаттандыру үшін «қазақша білетін, тілге қанық медиаторлар легі қалыптасса» деген ұсынысым бар. Сонда бұл бастама да қоғамға сіңісіп, нәтижесін бере бастайды», деді Елдос Жайлаубаев. 
Абзалында, мамандар айтып отырғандай, бітімгерлік қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан да, бұл жоба болашақта өз нәтижесін бере бастауы тиіс. Себебі, қазақ әу бастан «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жастанып оқып, өзіндік принциптерін ұстанып келе жатқан халық. «Ендігі кезекте медиация деңгейін де биік тұғырға көтеріп алсақ, бұл бағыт қоғам үшін тиімді болатынында сөз жоқ» дейді мамандар. 

Дата события ассамблеи: 30.09.2018

Кейін қарай