Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Наурыз, 2015

915

Батыс Қазақстан облысында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жоба аясында Жәнібектіктер Қазталовтық делегацияны қарсылады.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында мегажоба аясында «Бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның таңдауы» атты дөңгелек үстел оздырылды. Оған қос ауданнан дербес бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері,  ардагерлер кеңестерінің төрағалары, жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. – Жылы шыраймен қарсы алғандарыңызға рахмет, – деп бастады өз сөзін Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова. – Іргелес жатқан екі ауданды сабақтастыратын тарихи тамыр тереңде жатыр. Әрине, бұл үшін ардагер аға буынға айтар алғысымыз шексіз. Алда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай ауданымызда үлкен қам жасалуда. «Қазталов – отты жылдарда» атты деректі фильмнің Орал қаласындағы қазақ драма театрында тұсаукесерін жасаған болатынбыз. Бұл көрсетілімді жәнібектіктердің назарына ұсынғалы отырмыз. Бірлік – береке бастауы. Бұл тұрғыда біздің ардагерлердің Ресей Федерациясындағы Волгоград облысына барып, екі елдің ардагер буындарының тәжірибе алмасуына, әріптестік орнатуына жағдай жасамақпыз. Одан әрмен сөз алған облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысы Александр Ажығалиев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай өңірде атқарылып жатқан шаралардың тиімділігін тарқатып айтты. Ынтымақ – ел ырысы. Татулық биік тұғырға жетелейді. Ауданымызға келген делегация мүшелері осы игілікті мүддеге пікірлерін негіздей сөйледі. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев Ұлы Отан соғысында із-түзсіз, хабарсыз кеткен боздақтарды түгендеу жұмысы қолға алынғанын, бұл бағытта жәнібектіктерден үлгі алатындарын айта кетті. – Елбасының салиқалы саясаты арқасында ел ынтымағы берік болуда. Ұлтым – қырғыз. Қазақ халқынан алалық көрмедім. Жалпақтал тұрғынымын. Осындағы колледжде педагогтік қызмет атқарып жатырмын. Қазақпен құдандалы болып, елге әбден сіңістім. Бәрімізге Алла Тағала аманшылығын, игілігін берсін, – деді ақжарқын көңілмен Қазталов ауданы Кіші Ассамблеясының мүшесі Бахрам Рахманов. Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекет Әліпқалиев, аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев, Е.Ниетқалиев атындағы мектептің мұғалімі Венера Григорийқызы Суровцева меймандардың сөзін қош ала сөйлеп, мегажоба тынысына бір кісідей үн қосты. Ал, аудандық газет редакторы, өлкетанушы, соғыс тақырыбын жете зерттеп жүрген Ахмедияр Қуанов меймандарға ғаламтордағы мұрағат негізінде тапқан Ұлы Отан соғысында қаза болған, хабарсыз кеткен 17 майдангердің құжатын тапсырды. Басқосу соңында көршілес аудандар арасындағы әртүрлі сала бойынша ортақ мәселелерді бірлесіп шешу жолына арналған меморандумға қол қою рәсімі өтті. Дөңгелек үстелді жүргізген Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Қадырбеков аудан көлемінде атқарылған игі істер жөнінде қысқаша баяндады. Қазталов ауданының көркемөнерпаздары мәдениет үйінде мерекелік концертін қойды. Аудан әкімінің орынбасары Аманжол Қадырбеков Қазталов делегациясынан эстафетаны салатанатымен қабыл алып, қос тарап бір-бірімен картиналар, символдық белгілермен алмасты.

«Қоғамдық келісім» КММ- сі .

Кейін қарай