Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Ақпан, 2017

1139

Батыс Қазақстан облысының Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы

Батыс Қазақстан облысының әкімі А.С.Көлгіновтың басшылығымен Достық үйінде облыстық қоғамдық келісім кеңесінің бірінші отырысы өтті. Оның жұмысына БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, БҚО Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, басқармалар басшылары, қала кәсіпкерлері, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер төрағалары, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері қатысты.

«Бірегейлік пен бірлік» атты төртінші реформаны жүзеге асыру шараларына мониторинг жасауды қамтамасыз ету бойынша «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сатым Ғалымұлы Шауенов сөз сөйледі. Оның баяндамасында 2016 жылдың жоспарына сәйкес, барлық мүдделі мекемелер 2 мыңнан астам шараны жүзеге асырды.  Ауқымды шаралардың бірі – «Үлкен Ел – Үлкен отбасы» республикалық акциясының аясында «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы бастау алды. Оған 14 мыңға жуық адам қатысты. Шараны өткізу барысында аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетілді.

М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының кандидаты, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Павел Анатольевич Добряев «Әлеуметтік сауалнамалар материалдарын өңірде мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда пайдалану туралы» тақырыбын түсіндірді. Өз баяндамасында ол ұлтаралық қатынастар жай-күйінің әлеуметтік мониторингі біздің қоғамдағы тұрақтылықты көрсететіндігін атап өтті.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасының жобасы туралы БҚО ҚХА хатшылығының меңгерушісі, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғ.Х.Қапақов айтып берді. Отырыстың қатысушыларына Тұжырымдаманың аталған жобасын қарау және ұсыныстар енгізу ұсынылды.

Отырысты қорытындылай келе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.И.Искалиев қоғамдық келісім кеңесінің мүшелеріне 2017 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын ұсынды. 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын зерделеп шыққан соң, ол көпшілік дауыспен бекітілді.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов қорытынды сөзінде «Еднання» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Иванович Тарасенконы 70 жасқа толуымен құттықтап, оған зор денсаулық, ұзақ өмір мен игілік тіледі. Осындай жылы шырайда қоғамдық келісім кеңесінің бірінші отырысы өз жұмысын аяқтады.

 

Кейін қарай