
20 Қыркүйек, 2018
3382
Бес тілді полиглот Мижгона Нұралиева: Тәжік ұлтынан болсам да, өзімді қазақ санаймын
Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Мижгона Нұралиева бес тілде еркін сөйлейді.
Ол өзінің ана тілі тәжікше, өзбекше, орысша, қазақша және ағылшын тілдеріне судай. Бес тілде өз ойын еркін жеткізіп, қатесіз жаза да алады. Полиглот қыз assambly.kz тілшісіне өзінің армандары туралы айтып берді.
– Мижгона, сен қашаннан бері өзге тілдерге ден қоя бастадың?
– Бірінші сыныпқа барғанда ана тілім – тәжік тілін ғана білетінмін. Ата-анам мені қазақ мектебіне берді. Басында қиын болды. Бір жылда қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алдым. Ағылшын тілін де мектеп бағдарламасы бойынша үйрендім. Біздің мектептің оқушыларының барлығы орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ал өзбек тіліне келер болсақ, екі жыл бұрын оны мүлде білмейтін едім. Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылындағы әжеме жазғы демалыс күндері жылда барамын. Барлық туыстарым да сол жақта тұрады. Өзбекстанмен шекаралас болғандықтан ба, ауыл тұрғындарының өзбек киноларын көп көретінін аңғардым. Мен де туыстарыммен бірге өзбек киносын көріп жүріп, аз уақыт ішінде өзбек тілінде еркін сөйлей алатын халге жеттім. Ол менің ана тілім тәжік тіліне ұқсас екен. Түбі түркі тілдес болғасын оны меңгеру қиынға соққан жоқ.
– Сонда сен өзбекше кино көріп жүріп, сол тілді еркін меңгере алдың ба?
– Тілді оқулықтар, түрлі бағдарламалар мен әдістемелік құралдардың көмегімен оқығаннан гөрі, кино, музыка, көркем әдебиет арқылы меңгерген тиімді екендігіне көзім жетті. Мен бес тіл білетін болғандықтан оқу процессі маған қиынға соқпайды. Бір тілде сөйлеп тұрып, екіншісіне еркін ауыса беремін.
– Оқу озаты екіндігіңді ұстаздарың жарыса айтып жатыр, мектепте қандай пәндерді сүйіп оқисың?
– Әрине, ағылшын тілі, биология, алгебра сабақтарын жақсы көремін. Мектепті тәмамдаған соң Назарбаев университетіне түсуді армандаймын. Болашақта аудармашы болғым келеді.
– Таңдауың Астанаға түскен екен ғой...
- Иә, Астана – мемлекетіміздің бас шаһары, үлкен мүмкіндіктер қаласы, жастарға арналған қала. Елорда - адамның одан әрі дамып, дүниетанымын кеңейтуге жағдай жасайды. Мақсатым - мектепті үздік аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, ата-анамның үмітін ақтау. Жеке тұлға ретінде қалыптасып, өз ойыңды еркін жеткізе алатын азамат болудың өзі де мемлекетке үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Сол арқылы еліме қызмет еткім келеді. Бес тіл білсем де, тәжік ұлтынан болсам да, өзімді қазақ санаймын. Осы елге қызмет етемін.
– Ұстаздарың сені ізденімпаз деп те мақтап жатыр, тілдерден өзге немен айналысасың?
– Бос уақыт бола бермейді, алайда оны тиімді пайдалана білгенді ұнатамын. Би үйірмесіне қатысамын. Мектепішілік «Гәкку» би ансамблінің мүшесімін. Би өнері жас қыз үшін өте маңызды деп ойлаймын. Мерзімді басылымдарға мақала жазып тұрамын. Облыстық, қалалық газеттерде мақалаларым шығып жүр.
– Отбасың туралы айта кетсең...
-Үйдің тұңғышымын,сондықтан маған артылар жүк ауыр. Өйткені менен кейінгі бауырларым маған қарап бой түзейді. Әрдайым алдыма мақсат қойып, соған жете білуге ұмтыламын, өз ісіме жауапты болғым келеді. Сабаққа да, қоғамдық жұмыстарға да үлгеруге тырысамын.
– Қазақ тіліне деген сүйіспеншілік қалай оянды?
– Ата-анам мені қазақ мектебіне берген соң, амал жоқ, үйрендім. Кейін «Абай жолы», «Көшпенділер», «Ұлпан», «Махаббат қызық мол жылдар» сынды шығармаларды оқып, қазақ тіліне деген құрметім артты. Тіл – әр халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін бейнелейді. Өзбек тілін сол ұлттың тілінде көп кино көру арқылы меңгерсем, қазақ тілін классиктердің шығармасын оқып жүріп үйрендім. Әсіресе Мұхтар Әуезовтың шығармалары ұнайды. Кез келген тілді әдебиет, кино, музыка арқылы меңгеру жеңілірек болады деп ойлаймын. Сосын көп тәжірибе керек. Өзің үйренгің келген тілде қысылмай сөйлей беру керек. Егер ұялатаны болсаң, тілді ешқашан еркін меңгермейсің. Мейлі, басында жұрт күле берсін, кейін бәрі сенің біліміңді мойындайды. Менің Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсуім – жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ағылшын тілін бұрынғыдан тереңірек меңгердім. Мұғалімдеріміздің бізге берген рухани азығын бойыма сіңіріп жүрмін. Химия, биология, алгебра пәндерінде кейбір терминдарды ағылшын тілінде оқимыз.
– Жарайсың, ал алдағы жоспарыңда қандай тілдерді үйрену тұр?
– Қазір француз тілінің курстарына барып жүрмін. Көп тіл білу заман талабы ғой. Одан кейін жапон тілін меңгергім келеді. Ол елдің мәдениеті ғажайып қой.
– Іске сәт. Армандарың орындала берсін.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.
Дата события ассамблеи: 20.09.2018
Ұқсас жаңалықтар
-
«Ассамблея жастары» делегациясы Өзбекстандағы халықаралық іс-шараларға қатысты
-
Астанада «Қазақстан мен Беларусь: достық әуендері» атты Беларусь мәдениетінің фестивалі өтті
-
ҚХА Хатшылығында жұмыс отырысы: Солтүстік Қазақстан облысы
-
Көкшетауда Журналистер клубының кезекті отырысы өтті
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ZOOM форматында жұмыс отырысы өтті
-
ҚХА медиасаласын дамыту мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті
30 Маусым, 16:36
ҚХА Хатшылығында жұмыс отырысы: Солтүстік Қазақстан облысы
2 Шілде, 15:38
Астанада «Қазақстан мен Беларусь: достық әуендері» атты Беларусь мәдениетінің фестивалі өтті
вчера, 18:04
ҚХА Ведомствоаралық ғылыми-сараптамалық құрылымының алғашқы отырысы өтті
вчера, 14:19
«Ассамблея жастары» делегациясы Өзбекстандағы халықаралық іс-шараларға қатысты
Ұқсас жаңалықтар
-
«Ассамблея жастары» делегациясы Өзбекстандағы халықаралық іс-шараларға қатысты
-
Астанада «Қазақстан мен Беларусь: достық әуендері» атты Беларусь мәдениетінің фестивалі өтті
-
ҚХА Хатшылығында жұмыс отырысы: Солтүстік Қазақстан облысы
-
Көкшетауда Журналистер клубының кезекті отырысы өтті
-
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ZOOM форматында жұмыс отырысы өтті
-
ҚХА медиасаласын дамыту мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті