Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Қаңтар, 2017

1464

«Бірлігіміз жарасқан» Қазақстан спортшыларына қолдау көрсету акциясы өтті

Бүгін Тараз қаласының төрінде орналасқан «Тараз Арена» спорт кешенінде елімізде алғаш рет өткізілетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысатын спортшыларға қолдау көрсету аясында «Бірлігіміз жарасқан» атты акция өтті. Аталмыш іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы және физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары ұйымдастырды.

Қолдау акциясына Рио-де-Жанейро (Бразилия) қаласында өткен XV жазғы параолимпиадалық ойындарда ел тарихында тұңғыш рет жүзуден параолимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Зульфия Габидуллина, Лондон олипиадасына қатысушы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғани Жайлауов және қазақ күресінен әлем чемпионы, халықаралық дережедегі спорт шебері Дәулет Пахрединов қатысты. Алғашқы сөз Рио-де-Жанейро қаласында өткен XV жазғы параолимпиадалық ойындардың чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Зульфия Габидуллинаға берілді. 

«Бұл іс-шара спортшыларымызға рухани және психологиялық тұрғыда үлкен күш-қуат береді. Өйткені, дайындалып жатқан адам тек өзін ғана емес, елінің абыройын сақтау, оны биік дәреже көрсетуді ойлайды. Осындай акция арқылы спортшыларымыз біздің қолдауымызды, оларға жеңіс тілейтінімізді  біліп отыруы тиіс. Ел намысын қорғаушыларға жеңіс тілеймін!» - деді чемпион. 

Іс-шара соңында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары спортшыларымызды қолдау  мақсатында флешмоб көрсетіп, сондай-ақ облыс спортшыларының тілек хаты жолданды. 

Кейін қарай