Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Сәуір, 2021

2185

Бірлік пен бейбітшілікке толы 30 жыл

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті.


Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Ол: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл. 1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты болды. Соның барлығын басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады», - деді Елбасы.

Сонымен қатар сессия барысында үндеу қабылданды, онда «30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті – ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды деуге болады.

Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша екенін атап өту керек.

Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді. Ассамблея қызметінің арқасында еліміздің этностық және мәдени сан алуандығы дамудың және реформалардың маңызды факторына айналды. Ассамблея – барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және ұлттың адами әлеуетін нығайту, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру бағытындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген дамудың жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруға шақырады.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы көптеген ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Бұның барлығы Елбасының сындарлы сасатының арқасында жүзеге асып отыр. Елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Біз, тәуелсіздік пен бірлікті нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізетінімізге нық сенім білдіреміз! Тәуелсіздігіміз туы желбірей берсін, елімізде тыныштық бейбітшілік, ұлтаралық келісім орнай берсін!

Гусейнов Шамсадин Аллахвердиоглы,

«Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы


Кейін қарай