Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Мамыр, 2016

943

«Достық» фестивалі мен «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мега-жобасы бастау алды.

Орал қаласындағы Достық үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында этномәдени орталықтардың қатысуымен XVII облыстық «Достық»  фестивалінің ашылу салтанаты  өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі  Нариман Төреғалиев қатысты. Дәстүрлі фестиваль аясында республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы»  мега-жобасы салтанатты түрде бастау алды. 

Іс-шараны облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырып, облыстық тілдерді дамыту басқармасы және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы қолдау көрсетті.                                                       

Облысымызда тұратын этностарға бейбітшілік пен келісім идеясын насихаттау, қазақстандық патриотизмнің нығаюына ықпал ету, ұлттық дәстүрімізге құрмет пен толеранттылыққа тәрбиелеу жобаның басты мақсаты болды. Сондай-ақ жоба аясында  барлық аудандар қамтылып, түрлі  фестивальдар мен  концерттер, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлануда.

Салтанатты іс-шарада сөз алған Алтай Сейдірұлы еліміздегі  ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, түрлі этностардың салты мен дәстүрлерінің сақталуына қолайлы  жағдай жасалғандығын атап өтіп, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі. Бұдан кейін өңір басшысы республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега – жобасының эстафетасының символын  Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке табыстады.

Мерекелік іс-шарада көрермендер түрлі  этномәдени бірлестіктердің халық әндері мен билеріне куә болды. Олардың ішінде  әзірбайджан этномәдени орталығының «Бірлік» бишілері тобының «Лезгинка» биі, кәріс этномәдени бірлестігінің кәріс биі, орыс этномәдени орталығының  «Фантазия» бишілер тобының «Калинка» биі көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, татар этномәдени бірлестігінің әншісі Раиса Сагадиеваның татар халық әні «Дослығым», Наталья Сидрованың орыс халық әні «Ивушка»,  белорусь этномәдени орталығының әншісі Анастасия Сафина «Қазақстан алға» және белорусь халық әнін орындауын көпшілік  жылы қабылдады.

«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега – жобасы енді облыс аудандары мен ауылдарында жалғасын табатын болады.

   

   

 Т. Нұрқуатова

Батыс Қазақстан облысы  әкім аппаратының  «Қоғамдық келісім» КММ – нің баспасөз хатшысы 

Кейін қарай