Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Мамыр, 2022

488

ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Бірлік пен татулық – біздің ең асыл қазынамыз. Бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін қаралы қаңтар оқиғаларында әрбір азамат сезінді. Осы құндылық Жаңа Қазақстанның іргетасы болуы да заңдылық.

«Бірлік ауырды қозғайды, тарих дәуірді қозғайды» демекші екі бірдей ғасырдың табы сақталған қара шаңырақ – Достық үйі жайында сыр шертпекпіз.


1999 жыл. Өткен дәуірдің өшігі қалып, тұтас ғасырдың сабақтасқан тұсы. Жаздың мамыражай мезгілінде құлан жортса тұяғы тозған, қыран ұшса қанаты талған қазақтың байтақ даласында, Тәуелсіздіктің таңы атқан алып шаһар – Алматыдағы ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырған Достық үйі қайта жөндеуден өтті.

Осы сәттен бастап тамыры тереңге жайылған қасиетті достықтың қастерлі тариhы жаңа беттермен толыса түсті. Бұл қуанышты сәтке жиналған иін тірескен қала жұртшылығы да куә болып, марқайып қалған болатын.

Сөз сүлейлері мен ел естілерінің жалынды жырларының ұстыны болған «Достық» ұғымы осы шаңырақтың іргетасы, кірпіштей тетігін тауып қаланған тұрақтылық пен татулық қабырғасы десем асылық болмас. Елдің елдігін, қоғамдағы әділеттілік пен халықтың теңдігін мұрат еткен абыройлы іс – бақ пен берекені нәсіп етер саралық. Бұл ғимараттың құрылу мақсаты да осы болды.

Бүгінде киелі достықтың тұрағы, оралымды ойдың шырағы болған ордада ел рухын асқақтатуға, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған келелі шаруалар жүзеге асырылуда. Ел тізгінін ұстаған ерлер, алты Алаштың асыл азаматтары мәжіліс құрып, бар салтанатын паш етіп Құрылтай шақыратын ортаға айналды. Ғибратқа толы ғимаратты ортақ шаңырақ етіп, ынтымақтасып отырған 19 республикалық этномәдени бірлестік егеменді еліміздің баянды болашағына бағытталған игі бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің мәйегі болған келешегі кемел, әлауқаты артқан, әділ Қазақстанды қалыптастыруға елеулі үлестерін қосуда. Осылайша республикалық Достық үйі еліміздің қарышты дамуына септігін тигізіп отырған орда.

Достық пен татулықтың жаршысы болған Достық үйіне биыл
50 жыл. Жарты ғасырлық шежіресі бар мәуелі орда алдағы уақытта да абыройлы ісін жалғастыра бермек.

Тариhи экскурс

Сұлулығымен сүйсіндіріп, биіктігімен тамсандырған ақбас Алатаудың баурайында табан тіреген аяулы Алматыда өткен ғасырдың 70-ші жылдары Республика сарайы, биік таулы «Медеу» мұз айдыны, қала ландшафтына үйлескен Оқушылар сарайы сияқты бір қатар тарихи-мәдени маңызы бар ғимараттар салынған болатын. Осындай сәулет өнерінің туындысы ретінде 1972 жылы аяулы Алматының төрінде шет елдермен байланыстардың артуына байланысты делегацияларды қабылдау үшін Достық үйі де бой көтерді.

Ғимараттың архитектуралық шешімінде ұлттық және сол заманға тән сәулет элементтері қолданылып, интерьерді безендіруде ұлттық ою-өрнектер пайдаланылған. Дөңгелек конференц-залдың ішкі көрінісі қазақ киіз үйіне ұқсас болып келеді...

«Достық үйі» ғимараты 1972 жылы «Алмаатагипрогор» институтының сәулетшілері: Р.А. Сейдалина, Л.А. Тимченко, Х.А.Якупбаева; инженерлер: А.А. Фурду, Ю.К. Красикованың жобасы бойынша құрылды. 1974 жылы ғимарат сәулетшілері «Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының» иегері болды1.

1979 жылғы 4 сәуірде «Достық үйі» ғимараты жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие болып, мемлекеттің қорғауына алынды және Алматының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген2.

Қызықты факт

1991 жылғы 21 желтоқсанда Достық үйінің қабырғасында бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған он бір республиканың басшылары дөңгелек үстел басына жиналып, сол мезеттегі межеден болашақта бағындырар белестерді айшықтаған маңызды стратегиялық құжатқа – «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы» келісімге қол қойды. Бұл құжат тарихта «Алматы декларациясы» деген атпен белгілі.

Декларацияны қабылдаудың нәтижесінде жалпы экономикалық кеңістікті сақтап, ортақ еуразиялық нарықты дамытуға, ел арасындағы тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға жағдайлар жасалды және жалпы ауқымды интеграциялық үдерістерге жол ашылып, ТМД елдерінің ынтымақтастығын айтарлықтай арттырды.

Алматы қаласындағы республикалық Достық үйі өзінің миссиясы мен мақсатында және тарихи-мәдени тұрғыдан зор маңызға ие. Себебі бұл Қара шаңырақ – қасиетті достық пен баянды бірліктің берекелі бесігі.


1. (Алма-Ата. Энциклопедия / Гл. ред. Козыбаев М. К.. — Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1983. — С. 238. — 608 с. — 60 000 экз.)

2. Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі. Өтініш беру күні: 10 қараша 2010. 2019 жылдың 27 қаңтарында мұрағатталған

Ж.Шыныбеков,

ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММқызметкері


Кейін қарай