Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Шілде, 2016

1165

Достық үйіндегі «Ауыз ашар»

Рамазан айы –  мұсылманның  асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін, айлардың сұлтаны ретінде мойындалған қасиетті ай. Оразаның - адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы көп. Рамазан айының құрметіне халыққа қызмет көрсету, қасиетті айдың келуіндегі қуанышты сезіндіру, сауапты амалдардың маңыздылығын ұғындыру, қайырымдылық көрсету, халыққа жеңілдіктер жасау сияқты ізгі істер кіреді.

Қасиетті айдың маңыздылығын білдіре отырып, «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясын  орындау аясында, Маңғыстау облысының Қазақстан xалқы Ассамблеясы, “Қоғамдық келісім” КММ-сі және «Жас қанат» жастар ұйымының ұйымдастыруымен тұрмысы төмен отбасыларына, аузы берік жандарға «Берекелі Рамазан»  дастарханы жайылды. Бұл іс-шараға Ақтау қалалық Бекет-Ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Қасниязов, этномәдени бірлестіктер өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, жастар ұйымының белсенді жастары қатысты.

Арнайы шақырылған бас имам туыстай қауыштыратын, мейірімділік пен қайырымдылыққа бастайтын басқосу береке-бірлік пен жұртшылықтың ауызбіршілігін нығайтатынын сөз етті. Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы уағыз айтып, сауапты айда құлшылық-ғибадатты арттыруға үндеді.

Сондай-ақ, игілікті іс-шарада қонақтар ізгі тілектерімен бөлісіп, ораза тұтқан жамағатқа ауызашар дастарханын жайған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасыларына кәде-сыйлық табыс етілді.

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай