18 Маусым, 2015
972
Еңбектің тәтті наны
Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша қарғалылық Кофлер отбасы бірінші орынға қол жеткізді. Қарапайым шаруа отбасы мүшелерінің тірлігі көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны рас.
Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша қарғалылық Кофлер отбасы бірінші орынға қол жеткізді. Қарапайым шаруа отбасы мүшелерінің тірлігі көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны рас.
Картоп, алма және балық
Бұл неміс әулетінің арғы бабалары кезінде Польша жерін мекен еткен. Кейін, яғни 1945 жылы осы әулеттен тараған ұрпақтар Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбенің Қарғалы ауданының Петропавл ауылына келіп қоныстанады. Отағасы Эдуард Кофлер мен оның зайыбы Ольга Кофлерден тараған үш баланың алды үйлі болып, бүгінде ата-әже атанған олар келін жұмсап, немере сүйіп отыр.
Кофлер отбасының дәл бүгінгідей жетістікке қол жеткізуі — Эдуард пен Ольганың өмір бойы қара жұмыста жүріп, маңдай термен тапқан еңбектерінің нәтижесі. Қазір отағасы «Алма» шаруа қожалығын басқарады. Шаруашылықта негізінен картоп және бау-бақша өнімдері өсіріледі. Бұдан бөлек Кофлер отбасының иелігінде алма бағы мен қолдан салынған бөгетте балық шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндік жасалған.
Бүгінде береке-бірлігі жарасқан, еңбексүйгіш отбасының балалары да еңбекке ерте жастан араласып, ата-анаға қолғабыс етіп жүр.
Эдуард пен Ольганың қара жұмыстан қашқақтамай, білек сыбана еңбек етуі — олардың ата-анасынан көрген тәлім-тәрбие. Бүгінде ерлі-зайыптылардың шаңырағында кезінде олардың ата-анасына берілген бірқатар мемлекеттік марапаттарды көруге болады. Сонау кеңестік кезеңде нәтижелі еңбектің арқасында Кофлер отбасының аталары туралы жазылған мақалалар газет-журнал беттерінде жарық көріпті. «Еңбектің тәтті нанын жеуді бала кезімізден сезініп өстік. Ата-анамыз да біз секілді шаруа адамдары болды. Олардың қазақ елінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор. Біз де еліміздің болашағы үшін мақсатты түрде жұмыс жасап жатырмыз. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің астарында терең мән-мағына жатыр. Отбасында сыйластық пен жарасымдық орнаған жағдайда ғана көп жетістікке қол жеткізуге болады. Әрине, бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы — отбасы екенін де естен шығармаймыз», — дейді Эдуард.
Қолдау мен құрмет
Эдуард Кофлер де әкесінің жолымен еңбекке ерте араласқан жан. Жан аямай еңбек еткенде ғана бар тілегінің орындалатынын ол жастайынан сезініп өсті. Нәтижелі еңбектің арқасында Э.Кофлер 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталыпты. Бұдан өзге Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, өзінің туған өлкесі — Қарғалы ауданының «Жыл адамы» атағын иеленіпті. Аудан әкімі тарапынан берілген Алғыс хаттар мен грамоталар оның өңірдің өркендеуі үшін қосқан сүбелі еңбегінің жемісі.
Шаруа қожалығының иесі ретінде ол өзіне берілген жерді игеру жұмыстарына жыл сайын мақсатты түрде дайындықпен кіріседі. Жеткілікті түрде агротехникасы да бар. Ол жақсы өнім алу үшін жердің құнарлылығын сақтау, жерге күтім жасау, қорғау секілді жұмыстарды алғашқы орынға қояды. Жерді тиімді пайдалану үшін озық агротехнологиялар енгізу арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын ол жақсы біледі.
— Қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында, яғни мемлекеттік бағдарлама арқылы заманауи техникаға қол жеткіздім. Картоп жинайтын комбайн — еңбек өнімділігін арттырады әрі картоп егістігінің көлемін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мен мемлекеттік бағдарлама арқылы жоғары өнім беретін картоп тұқымын алдым. Осындай қолдаулардың арқасында біздің шаруашылық жыл сайын жоғары өнімге қол жеткізіп жүр, — дейді Эдуард Кофлер.
Қазір Кофлерлер еңбек әулетін жалғастырып келеді. Эдуард Кофлердің әкесі бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге арнады. Қарапайым шаруадан сол кездегі мықты кәсіпорындардың бірі саналған «Казсельхозтехника» мекемесінде бас инженер лауазымына дейін көтеріліпті. Ал Эдуард Кофлердің өзі бүгінде облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірін құрып, соған жетекшілік етіп отырса, оның үлкен ұлы Артур да әкесінің жолын қуып, қазір «Эко Агро» шаруа қожалығын ашып, жемісті еңбек етіп жатыр. Болашақта Артур қаз өсіретін ферма ашып, қой шаруашылығымен айналысуды жоспарлап жүр.
Кофлерлер – интернационалдық отбасы. Әулиеттің отағасы Эдуардтың ұлты — неміс, зайыбы Ольга — украин. Қазақтан келін алып отырған отбасының бүгінгі тірлігіне көпшілік қызыға қарайды. Береке-бірлігі жарасқан отбасында үш ұлттың салт-дәстүрі қатар сақталып, дәріптеледі. «Бір қадам артқа емес, бір орында емес, тек қана алға, тек қана бірге!». Бұл — Кофлер отбасының ұранына айналған басты қағида.
Қанат БАХТИЯРОВ,
Қарғалы ауданы.
«Ақтөбе» газеті 18 маусым 2015 жыл №76-77
Ұқсас жаңалықтар
-
Сенатор Ольга Александровна Булавкинаның ШҚО этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті
-
Жаңа жыл – әлем халықтарының отбасылық мерекесі
-
Петропавлда қоғамдық сананы жаңғырту контекстіндегі ұрпақтар сабақтастығының рөлі талқыланды
-
Қарағандыда татарлардың ең тәтті мерекесі - «Чак-чак байрам» аталып өтті
-
Көкшетауда ҚХА облыстық аурухананың кішкентай емделушілеріне тәтті сыйлықтар үлестірді
-
Атыраулық оқушылар интеллектуалдық викторинаның арқасында ҚХА қызметі жайлы ой-өрістерін кеңейтті
30 Шілде, 15:10
ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Халықаралық достық күнімен құттықтады
1 Тамыз, 19:35
Қызылордада ҚХА Төрағасының орынбасары этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті
3 Тамыз, 15:02
Марат Әзілханов Қызылордада салынып жатқан жаңа Достық үйінің құрылысымен танысты
Ұқсас жаңалықтар
-
Сенатор Ольга Александровна Булавкинаның ШҚО этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті
-
Жаңа жыл – әлем халықтарының отбасылық мерекесі
-
Петропавлда қоғамдық сананы жаңғырту контекстіндегі ұрпақтар сабақтастығының рөлі талқыланды
-
Қарағандыда татарлардың ең тәтті мерекесі - «Чак-чак байрам» аталып өтті
-
Көкшетауда ҚХА облыстық аурухананың кішкентай емделушілеріне тәтті сыйлықтар үлестірді
-
Атыраулық оқушылар интеллектуалдық викторинаның арқасында ҚХА қызметі жайлы ой-өрістерін кеңейтті