Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Наурыз, 2020

1726

Елбасы кітапханасында ҚХА-ның 25 жылдығына арналған көрме ұсынылды

Елбасы кітапханасында келушілер назарына Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен» көрмесі ұсынылды.


Көрме жәдігерлері еліміздің саяси жүйесіндегі Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) рөлі мен орнын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы мен саяси рөлі арқылы паш етуге арналған.

Жаңа көрменің экспозициялары Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі ретінде саналатын Ассамблея идеясының өркендеуін терең ұғынуға мүмкіндік беретін толық, жүйелендірілген түрлі материалдар кешенінен тұрады. Көрермендер назарына Елбасының жеке архивінен алынған құжаттар мен фотоматериалдардың көшірмелері, Тұңғыш Президенттің қоғамдық марапаттары, кітаптары, ұлттық киімдер және басқа да Елбасы кітапханасы жинақтарының материалдары қойылған.

Көрме үш бөлімнен тұрады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қалыптасуы» бөлімі архивтік құжаттар мен фотоматериалдар негізінде ҚХА тұғырнамасындағы дамудың және бірлік пен келісім идеясының нығаю тарихын ұсынады.

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» бөліміне Елбасының өңірлерге жұмыс сапары барысында ел тұрғындарымен кездесулерге арналған фотоматериалдар енгізілген.

«Бірліктің кілті» бөлімінде ұсынылған фотосуреттерде Елбасының Қазақстанның этномәдени орталықтарына барған сәттері бейнеленген.


«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз үшін ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету шешуші саяси міндет болды. 1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Президент өз Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, оны елдегі этностық топтар арасындағы диалог алаңы ретінде ұсынды. Елбасының осы шешімінің арқасында Қазақстан ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің іскер формуласын жасап, этносаралық және дінаралық жанжалдарға жол бермеді, посткеңестік оқшаулану дағдарысынан аман өтті. Әлеуметтік-экономикалық реформалар нәтижелі түрде жүзеге асырылды», - деп атап өтті Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы (2007 жылдан бастап Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы), ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылды. Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы, тәуелсіздіктің біржылдық мерейтойына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында кеңесші орган ретінде Ассамблеяны құру идеясын айтқан болатын. 2007 жылы Елбасы бастамасымен жүргізілген конституциялық реформаның нәтижесінде Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріліп, Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Бұл ҚХА-ның саяси-басқарушылық рөлін айтарлықтай арттырды.


presidentlibrary.kz

Кейін қарай