Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Сәуір, 2020

6292

Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына ҚХА мүшелерінің пікірлерінің топтамасы

Елбасы бүгін Қазақ еліне үндеу жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан сөздерін жаны қазақ адам ғана толық түсініп қабылдайды.


Бұл жұмыс құжаты, я бағдарлама емес. Ең алдымен, Елбасының сөзі - бұл қиын-қыстау заманда халыққа айтылған Ұлт көсемінің батасы. Бата - қасиетті дүние. Батада үлкен мән-мағына, үлгі-өнеге, үлкенді сыйлаған дәстүріміз бен салтымыздың нышаны бар. Тарихи тұлғаның, рухани көшбасшысының сөзін тыңдау, одан бата сұрау - тәрбие мен тектіліктің көзі деп білеміз. Қазақ «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», - деген сөзді бекер айтпаған.

Біз ашаршылық, репрессия, отаршылдық секілді қиын-қыстау жолдардан аман-есен өткен, сөйте тұра, ешкімге ешқашан құл болмаған, мыңжылдық тарихы бар халықпыз. Сондықтан біздің бірлігіміз бен берекеміз, шыдамдылығымыз арқылы бүгінгі қиындықтан да сәтті өтетініміз анық.

Ел ішінде дүрбелең тудыруға жол бермей, бар мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ - әлбетте, жеңімпаз болып шығамыз. Елбасы алдағы аға буынмен бірлесе отырып жаңа Қазақ мемлекетінің негізін салып, бізге, кейінгі ұрпаққа, аманат етіп берді. Оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап, ары қарай дамыту - бәрімізге ортақ өмірлік миссия емес пе?

Әлеуметтік желілерге байланып, негативті жалған ақпараттарды қабылдап, таратқанша, алтын уақытымызды оңды істерге пайдаланғанымыз жөн. Бизнесті қалай дамытамыз, ішкі процесстерді қалай өзгертеміз, дағдарыстан кейінгі нарықта үлкен сұранысы бар маманға қалай айналамыз дегенді ойлайтын заман қазір.

Кітап оқып, қарым-қатынастарымызды реттеп, үй ішін таза ұстап, физикалық жаттығу жасап, онлайн дағдыларын игеріп, позитивке аса мән беретін болсақ - дағдарыстан жаңаша күймен шығамыз, Абай айтқандай, «толық адам» болып шығамыз.

Пандемия - ақыр заман емес. Ол да кетеді. Одан кейін адам да, заман да өзгермек. Жаңа әлемге жаңа кәсіп пен білім қажет. Бәріміз оған лайықты өз орнымызды табуымыз қажет. Жүректегі ақыл, білектегі күш, ынта мен жігерді қоса ұстасақ, бар қиындықты жеңеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты Елбасымен бірге бастан өткердік. Бүгінгі қиындықтан да өтеміз. Аман болайық! #BizBirgemiz

Максим Споткай,

ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық

жастар қозғалысының төрағасы

Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған мақаласы әрбір тұрғынның көңілінен шығып, көкейіне қонды. Қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға арналған маңызды қадамдар жасалды, экономиканың өсуінде іс-шаралар жоспары ауқымды!

Ең қиын уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның басында тұрды және сенімділігінің арқасында біз биік белестерге қол жеткіздік, әлемдік деңгейдегі беделге ие болдық.

Елбасы - Қазақстан халқының тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі. Елбасы саясатының арқасында біз балаларды таза аспан астында, бейбітшілік пен келісімде, ертеңгі күнге сенімді өмір сүруге және өсіруге мүмкіндігіміз бар.

Нұрсултан Әбішұлының саясаты Еліміздің дамуына маңызды қадамдары мен басымдықтарын кезең-кезеңімен көрсете отырып, Қазақстан халқы әлемнің мықты мемлекетіне айналғанын растады.

Бүгінде Елімізде Пандемиямен күресуге арналған тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіп­сіздігі - бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мем­лекет қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қал­майды», деп атап өтті. Қазақстан халқының Тұңғыш Презиенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осы қиын кезеңде бізбен бірге екені жүрегімізге жылылық пен сенім ұялатады.

Ризайдин Айсаев,

Алматы облыстық ҚХА жанындағы

Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі



Құрметті жерлестер! Бүгін Тұңғыш Президент - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласын ел болып оқып шықтық. Бүгінгідей алаң-елең уақытта қалың жұртын сабырға шақырып, тілегін жеткізді.

Біртұтас ел болып, бейбіт күн кешуіміз - сауатты да сабырмен жүргізілген саясаттың жемісі, Елбасының еңбегі. Босағамыз бекіді, шекарамыз шегенделді. Бейбітшіл, тұрақтылығы мен татулығы жарасқан ел ретінде алыс-жақынға танылдық.

Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғауды басты мақсаты тұтқан сарабдал саясаткер кез-келген қиындық адамды шыңдайды, басқа да мүмкіндіктерге бастайды деді. Дәл қазір - жұмылып жұдырық болып, бірлігімізді көрсететін уақыт.

Бірлігі кеткен елдерді де көріп жүрміз. Қазағым ыкылымнан бері парасатты, ұлы халық қой. Жарасқан бірлігімізді сырттан алакөздеп отырғандарға ермей, жастарымызды да тәртіпке бағынуға шақырайық. Дәл қазір әлем бойынша жарияланған пандемия кезінде тек тәртіп пен сабыр керек бізге. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған құзырлы ұйымдар барлық мүмкіндікті жасауда. Олай болса, тәніміздің саулығы үшін тәртіпке бағынайық.

Күліш Төлеуханова,

Қарағанды облысы ҚХА

Аналар кеңесінің мүшесі,

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жариялаған үндеуін толығымен оқып шықтым. Қашан да өзінің көрегенділігімен ерекшеленген Елбасы тағы да халқымызды сабырлыққа, бірлікке шақырды.

Құрметті ағайын, шынында да Бауыржан Момышұлының «Тəртіпке бас иген ел - құл болмайды, тəртіпсіз - ел болмайды» деген қанатты сөзі осы уақытқа арналған сияқты. Өйткені, пандемияны қытай елі темірдей тəртіптің арқасында аз ғана шығынмен жеңіп отыр. Ардақты ағайын, біз де өзіміздің бірлігіміздің үлгісін көрсете білейік. Екі аптадай үйден шықпай əрқайсымыз өз үлесімізді қосайық!!!

Біз үшін күн-түн демей еңбектеніп жүрген дəрігерлерге, құқық қорғау органы қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, еріктілерге, əскери сарбаздарға алғысымызды айта отырып, олардың жұмыстарын жеңілдетуге барлықтарыңызды атсалысуға шақырамын.

Аблай Рысбеков,

Түркістан облысы «Қырғыз мəдени

орталығының» төрағасы

Бүгін республикалық ақпарат құралдарында Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы үндеуі жарияланды. Бұл мақала Елбасының әрқашан да халықпен бірге екенін көрсетіп, ел ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін берді.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз түрлі қиындықтарды бастан өткерді. Тұңғыш Президенттің сындарлы саясаты арқасында ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасалып, стратегиялық жоспарлар қабылданды.

Айрандай ұйыған көпұлтты мемлекетіміздің бірлігі арқасында жоспарларымызды жүзеге асырып, айқын мақсаттарға қол жеткіздік. Сондықтан қазіргі қоғамда орын алған әлемдік деңгейдегі мәселелерді бір ел болып еңсереміз деген ойдамын.

Елбасы үндеуінде қазақ халқына сенім артатынын және туындаған қиындықтарды бірлесіп жеңетінімізді жеткізді. Сонымен қоса, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Абайдың «Кімге достығың болса, достық – достықты шақырады» деген нақыл сөзін басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен достық қарым-қатынас орнатқанын тілге тиек етті. Қазір елімізге күн туғанда басқа елдердің қол ұшын беріп, көмектесіп жатқандығы оған куә.

Әлемді жайлаған індетпен күресте еліміздің алдыңғы қатарлы ғалымдары іргелес елдердің данышпандарымен бірлесіп, жұмыс жасауда. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің үндеуінде әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етсе ғана індетті жеңеміз деген еді.

Сондай-ақ ол, жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемияның экономикалық дағдарысқа әкеп соққанын айта келіп, еліміздің болашағына арналған ұлттық қордың барын тілге тиек етті. Оның қазіргі қиын-қыстау заманда пайдасы тиетіні сөзсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін» - дей келе, қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық деп тілек білдірді.

Үндеуін ең алдымен аға буынға арнаған Елбасының сөзінен кез келген азамат тағылым алары анық. Халқымыз қысыл таяң тұста үлкенге – құрмет көрсетіп, кішіге – қамқор болатын абзал қасиеттері арқасында ғана бірлесе қиындықты жеңетініне сенемін.

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үндеуі әрбір қазақстандықтарға қанат бітіріп, алға жетелейтіні сөзсіз!

Гүлшат Смағулова,

ШҚО «Ақниет» ансамблінің жетекшісі

Әлем халықтарын алаңдатып отырған пандемия біздің елді айналып өткен жоқ. Көліктер мен ұшақтар тоқтап, адамзат тіпті жақын-жуығымен қатынаспай қалды. Планетаны дүрліктірген індетті бүгінде 1,4 миллионнан астам адам жұқтырып алса, ондаған мың адам осы дерт салдарынан көз жұмған.

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып кіріскендігі туралы өз мақаласында атп өтті.

Үндеумен толыққанды таныса отыра ауыр індеттің зардабы қабырғамызға аяздай батып тұрса да, оны ел болып жеңетінімізге сенімділігім арта түсті. Әрине бұл күндердің де өтетіні ақиқат. Алайда, осы дерттің салдарынан қаншама бауырларымыз жап шегіп жатыр. Қайта дер кезінде атқарылып жатқан тиісті сақтандыру шараларының арқасында әлемнің кей елдеріне қарағанда біздегі жағдай бір қалыпты екені байқалады. Біз өз еліміз бен жерімізді аман сақтау арқылы әлемді құтқаратынымызға тағы бір мәрте көзім жетті.

Еліміздің бүгінгі бейбіт күні уысымызға оңай олжа болып түспегені анық. Қазақстан қазіргідей бірігу мен бірлесуге негізделген саясатын ұзақ жылғы еңбек пен Елбасының мықты саясаткерлік қабілетінің арқасында қалыптастырды.

Болашақ үшін, алда күтіп тұрған алмағайып замандардың сын сағатында сынбай, керісінше, еңсеру үшін қаншама игі істердің атқарылғанына тағы бір мәрте илансам, жүзеге асқан сындарлы саясаттың жемісін көріп отырғанымызды өмірдің өзі дәлелдегендей.

Әлемге ауыр батпандай батып тұрған індетті тек халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімнің арқасында алып шығатынымыз, ол үшін бізге қажетті қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түліктің жеткілікті әрі оғана абыржып, алаңдаудың еш себебі жоқ екендігі де мақалада ерекше айтылған.

Сонымен қатар әрбір жан өзінің және отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жауапкершілікпен қарау керектігі айтылған. Себебі әрбір отбасы – халықтың, ал халық мемлекеттің басты негізі.

Міне, елін сүйген, халқын аялаған, сын сағатта елдің қасынан табылған Ер осындай болмақ. Елбасы мақаласын оқыған әрбір жанның көкейіндегі күдік сейіліп, сенімділігі артады, тек бүгінгі таңдағы жағдайда ғана емес, кез-келген уақытта көңілдеріне медеу болатынына кәміл сенімдімін.

Бахром Муминов,

Жамбыл облысы өзбек

этномәдени бірлестігінің төрағасы

Ел бірлігін өзінің өмірлік ұстанымы ретінде ту еткен Елбасының бірлікке шақырған мақала-үндеуін оқып, біз, тарихшы-ғалымдар әрбір пікірдің тұжырымдалық маңызын ерекше бағалаймыз!

Шынайы деректік негізде, жүректен шыққан халымыздың рухын көтеретін мақалада бірлік пен сабырлық, сыйластық, Отанға деген сүйіспеншіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы да бір айқын көрсетілген.

Тұтас Қазақстан болып бірлескен тәртіпке бағынған елде жеңіске жететінімізге сендірді! Тамыры тереңде жатқан қатпарлы тарихымыз бірлікпен ғана іргеміз сөгілмейтінін дәлелдеді.

Олай болса, байбаламға салмай, бойымызға әке қанымен, ана сүтімен сіңген қажырлығымызды, сабырлылығымызды көрсететін кез келді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барынша мүмкіндікті жасап, тек ел үшін тиісті жұмысты жүйеледі. Еңбектеген баланың, енкейген қарияның бас амандығы үшін тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Осы бағыт,осы ұстаным - біздің ұранымыз! Біз осыны қолдаймыз! Біз біргеміз!

Нұрсахан Бейсенбекова,

Қарағанды облысы ҚХА

Ғылыми-сараптама тобының мүшесі


Бүгін Елбасы, Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың қазақ халқына арнайы үндеуі жарияланды. Мақаламен танысып шықтым. Бұл жолы да Тұңғыш президент қандай жағдай болмасын, әрдайым халқымен бірге екенін танытып, осындай қиын сәтте ел-жұртты сабырлыққа, шыдамдылыққа шақыра отырып, өзінің тілеулі сөздерін жеткізді.

Олай болса, осындай қиын сәтте елдің бірлігі мен ынтымағы одан сайын артып, елімізде орын алған төтенше жағдайдан аман-есен шығайық деп тілейік!

Фандаль Сахибгареев,

Маңғыстау облыстық «Булгар»

татар этномәдени бірлестігінің төрағасы


Елбасы Н. Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында елімізде және әлемде қалыптасқан қиын жағдайға қатысты өзіндік сараптамасын жасаған. Қазіргі кезеңдегі короновирус пандемиясының адамзат үшін қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіре отырып, Қазақстан халқын сабырлық пен төзімділікке шақырды.

Елбасының мақаласында тарихта «миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер аз болмаған» деп көрсетуі бізді өткенге көз жүгіртуге итермелейді. Расында да қазақ халқы өз тарихында көптеген індеттер мен нәубеттерді басынан кешірді.

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, сүт, ет секілді таза табиғи өнімдермен қоректеніп, ат құлағында ойнаған ата-бабаларымыздың иммунитеті мықты болды. Алайда ауру-сырқау көп жағдайда көршілес елдерден келетін еді. Ортағасырларда Ұлы Жібек жолы, жаңа заманда көршілес Ресей империясы арқылы тараған індеттер мыңдаған адамдардың өмірін қиды.

Ал ХХ ғасырда қазақ даласында жаппай белең алған оба, тырысқақ, шешек аурулары көптеген жанұяларды жақындарынан айырып, зар жылатты. Осындай түрлі індеттер мен нәубеттерге қарамастан ата-бабаларымыз осынау ұланғайыр атырапты бізге аманат етіп кетті.

Мақаладағы тағы бір ой адамдардың қашықтықтан жұмыс істеуімен байланысты болып отыр. Қазіргі таңда көптеген қызметкерлер дәстүрлі қағазбастылықтан арылып, карантинге байланысты онлайн режимде қашықтықтан қызмет көрсетуге көшті. Бұл өз кезегінде ғылым мен технологияны дамытуға жол ашары сөзсіз. Өйткені түрлі компьютерлік бағдарламалар, байланыс контенттері, мобильді қосымшалар тұрғындардың, соның ішінде жастардың ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар сілтейді деген сеніміміз мол!

Атамыз қазақ «Үш нәрсенің алдын ал: аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта қозған даудың алдын ал», - деп бекерге айтпаған. Сондықтан бұл індетке бірлесіп қарсы тұру – ортақ міндет! Ол үшін мемлекет тарапынан қабылданып отырған шараларға қолдау көрсетіп, тәртіпке бағынуымыз қажет! Біз біргеміз!

Саялбек Ғиззатов,

БҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

Елбасы бүгінгі мақаласында отандастарымызды сабырлыққа шақырып, елде коронавирусқа қатысты жағдай тәулік бойы бақылауға алынғанын тағы бір қадалап тұрып айтып берді.

Елбасы атап өткендей, «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында жеңіп шығамыз», дей келе, береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайтынын атап өтті.

Сонымен бірге еліміздің Тұңғыш Президенті Қазақстан халқына жолдаған өзінің ақ тілеулі сөзінде халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеді.

Елбасының мақаласын негізге ала отырып мынаны айта кеткім келеді. Қазақстанда халықтың бақытты болашағы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі орасан зор. Береке мен бірлігіміз бәрін де жеңеді! Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет.

Сақтапберген Жұбатқанов,

Қызылорда облыстық қырғыз

этномәдени бірлестігінің жетекшісі

Шынымен, бүгін біз әлемнің өзара байланысты екендігінің куәсі болып отырмыз. Телдидардан көретін қорқынышты індеттің біздің де елге келгенінің куәсі ғана емес, тікелей қатысуышысына айналдық. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауы жаһандық экономикаға, оның ішінде бізге де, әсерін тигізуде.

Осындай әлемдік экономикалық күйзелістерге қарамастан, Қазақстан қауіпті індеттің алдын алуға алғашқылардың бірі болып кірісті. Коронавирус пандемиясының алдын алу мен экономикалық дағдарыстан шығуға бағытталған тиісті шаралары жасалды.

Бүгінгі күннің қатерлері мемлекеттік органдардан жаңа форматта жұмыс жасай білуді талап етуде. Карантин мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық саласы мен ұйымдастыра білуіне ғана сын болған жоқ. Сонымен қатар білім, ғылым, медицина саласы мене азық түлік, ақпараттық қауіпсіздігіне де үлкен сын болды.

Барлық сынақтардан бірлігі бекем мемлекет қана сүрінбей өте алады. Сондықтан бірлігімізге бекем болайық.

Дастан Көшербаев,

Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және

конфессияаралық қатынастарды зерттеу

орталығы басшысының орынбасары


Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу арнап, әлем халықтарын әбігерге түсірген індеттің таралуына байланысты жұртшылығымызды сабырға шақырып, ақ тілеуін жеткізді.

Дүниежүзін шарпыған қауіпті дерттің алдын алу бағытында еліміз әлем елдерінің ішінен алғашқылардың бірі болып пәрменді шаралар қабылдап, індет жұқтырғандар санының күрт артуына жол бермеді.

Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясының ел аумағында таралуын қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп, отандастарымыздың денсаулығын қорғау бағытында бұрын-соңды болмаған алдын алу кешенді іс-шараларын ұтымды ұйымдастыруға жағдай жасады.
Қауіп-қатермен бетпе-бет келген Қазақстан халқы осындай сын сағатта ішкі бірлігін, өзара жанашырлығын танытып отыр. Қоғам еріктілері жер-жерлерде қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, көпшілік қолдауына зәру отбасыларды өз қамқорлықтарына алды.

Көпшілік орындарда медициналық қорғаныс және залалсыздандыру құралдары таратылды. Қала шекаралары мен елді мекендер арасындағы блок бекеттерде тәулік бойы кезекшілікте тұрған медицина мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскерилерге ыстық тамақтар ұйымдастырып, ауыз сумен қамтыды.

Сыртпен қарым-қатынасы үзіліп, карантинге жабылған тұрғын үй кешендері мен тұтас шағын аудандарда тұрғындар еңсесін тік ұстап, Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шырқады, еліміздегі бірқатар өнер ұжымдары онлайн-режимдегі концерттер ұйымдастырып, халқымыз бұл қиындықтан мойымай өтетіндігін паш етті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде қалыптасып отырған жағдай оңай емес екендігін атап өтіп, осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығатынымызды жеткізді. «Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», - деп нықтап айтты.

Береке-бірлігіміз сыналатын мұндай қиындықтар рухымызды шыңдап, жігерлендіреді.

Біз, Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері қоғам тұрақтылығы сыналар мұндай шақта елдігіміздің іргесін бекемдеуге қызмет етуге дайын екендігін жеткіземін.

Тахиржан Хакимбеков,

Шымкент қалалық өзбек ЭҚБ төрағасы


1991 жылдан бері елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын жарастыру бағытында қолға алынған игі бастамалардың дұрыстығын бүгінгі мақаласында өзек еткен Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік жылдары әрдайым халықпен ой бөлісіп келгенін жеткізді.
ҚР Тұңғыш Президенті бүкіл жер-жаһан алаңдап, ұлт саулығы сынға түскен кезде баршамызды сабырға шақырып, өзінің тілеулес екендігін жеткізді. Аты жаман вирусқа қарсы бүкіл адамзаттың ақыл-ойы бір мақсатқа жұмылып, тынбай ем іздеп жатқанына тоқталды.
Қазақстан індетті тізгіндеу мақсатында алғашқы елдердің қатарында қауіпсіздікті қолға алып, сақтандыру шараларын уақытылы жүргізді. Жүйелі жұмыстың арқасында коронавирустың кеңінен таралуына жол берілмеді. Ахуал күн сайын бақыланып, жағдайды оңалту бағытында көп жұмыс атқарылды. Сондықтан жер-жерлерде жүргізіліп жатқан кешенді іс-шараларға бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн, деді. Н.Назарбаев бүкіл әлемді жайлаған пандемияның дағдарыс туғызып, қозғалысты шектегенін айтты.

Ассамблея мүшесі ретінде бүгінгі мақаладан түйгенім мынадай. Біз бір болсақ, жұдырықтай жұмыла білсек, барлық қиындықты еңсереміз. Ол үшін ел билігі белгілеген талап-межелерді сақтап, тәртіпке бас игеніміз абзал. Біз бос байбаламмен емес, шамамыз жетсе, осындай қиын шақта көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға тиіспіз және өзіміздің, отбасымыз бен қоғам мүшелерінің өміріне жіті жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
Ең бастысы – төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп жүрген азаматтардың сын-ескертуіне құлақ асып, қиын шақта тонның ішкі бауындай болған берекелі бірлігімізді байқатып, ірілігімізді көрсетуге міндеттіміз.

Латипша Асанов,
Шымкент қаласы түрік ЭҚО төрағасы

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнап «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Елбасы халықты сабырлы болуға, мәселеге байыппен қарауға шақырды.

Еліміз қашанда көршілес елдермен, алыс-жақын шет мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болып, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясатты ұстанды. Татулық пен бірліктің арқасында көп қиындықты жеңіп, жетістікке жеттік.

Жұқпалы індеттен бүкіл әлем әбігерге түсті. Экономикалық дағдарыс орнады, кәсіпорындар жабылып, көлік қозғалысы шектеліп, шекараларға шектеу қойылып, елдер арасындағы алыс-беріс, байланыс үзілді. Міне осындай қиын кезеңде елдігіміз сыналу үстінде. Елбасы өз мақаласында бір-біріне «санкциялық соғыс» жариялаған елдер бүгін бір-біріне көмек көрсетіп жатқанын айтады. Расымен, адамзат баласы бұл қиындықты тек ауызбіршілікпен, темірдей тәртіппен жеңуге болатынын ұғынды.

Десек те, елдегі қиын-қыстау кезді пайдаланатын арам пиғылды адамдар да, өкінішке орай, бар. Олар ел арасына іріткі салып, адамдарды арандатып, бір-біріне айдап салуды мақсат етеді. Ел болашағына зиян келтіреді. Қоғамды құлдыратады. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы ел азаматтарын бірлік пен татулыққа шақырады, арандатушылардың арбауына түспеуге үндейді. Ол үшін әр адам аса сауатты, білімді, парасатты болумен қатар өзіне сабыр мен төзімді серік етуі керек.

Мақалада сонымен қатар ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 млрд АҚШ доллары барын айтып, оны үнемді, дұрыс жұмсасақ бұл кезеңнен де қиналмай өтеміз деді. Ата заңымыздың бірінші бабында «Мемлекеттің бірінші байлығы - адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Еліміз басты байлық - адам өмірін арашалап алу үшін қолдан келген бар шараны жасауда. Ол үшін бізде білікті маман, озық технология, материалдық ресурс, азық-түлік бар. Тек сабыр сақтасақ, біріге әрекет етсек, еңсені түсірмей елге демеу болсақ - бәрін жеңеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген нақыл сөзімен ұлтымызды ұйымшыл болуға, белгіленген тәртіпті бұзбауға шақырды. Иә, ел тағдыры, халқымыздың амандығы әрқайсымыздың қолымызда. Ендеше, тәртіп сақтайық, мамандардың кеңесіне құлақ түрейік, сабыр мен төзімді серік етейік.

Махметғали Сарыбеков,

Жамбыл облысы ҚХА жанындағы

ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы

Ерлік пен елдік те сын сағатта танылған. Бүгінгі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемия жөнінде бөлісе келе Елбасы елді сабырлылыққа, бірлікке шақырды. Елбасымыз айтқан халқымыздың табандылығына, ерік жігері мен даналығына деген сенімділік қазіргі қиын жағдайға төтеп беретініне күмән тудырмайды.

Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген қанатты сөзін мысалға келтіріп, Ел президенті енгізген сақтық шараларына бағынып, елімізді, тума-туысымызды аман сақтап қалу өз қолымызда екенін ескертті.

Сонымен қатар әлемді жайлаған дағдарыстан халқымызды аман-есен алып шығуға мемлекетіміздің мүмкіншілігі мол екенін, азық-түлік тапшылығы болмайтынын баса айтты.

Әсіресе осындай сын сағатта халықтың бос дақпыртқа, арандатушылық жел сөзге сенбеулерін, оның орнына бір-бірлеріне бауырмалдық танытуға баса назар аударды.

Төле би бабамыздың «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ» деген нақыл сөзін тілге тиек ете отырып, бұл қиындықтан да бірлік пен келісімнің арқасында аман өтетінімізді, басты мақсат – ұлтаралық келісім мен ішкі ұлттық бірлікті сақтау деп тағы да баса айтты.

Осы мақсатта БҚО ҚХА-да көптеген ізгі іс-шаралар ұйымдастырып, осы бр қиын кезеңде ел бірлігіне өздерінің қомақты үлесін қосуда.

Ұлбазар Нұрмаханова,

БҚО Татуласу орталығының медиаторы


Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлт денсаулығына алаңдап, қазақсандықтарға «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты жүрекжарды мақаласын арнады. Онда Елбасы қазіргі уақытта коронавирус пандемиясының бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп, әлемді әбігерге салып, ұлтымыздың денсаулығына елеулі қауіп төнген уақытта халқымен бірге екенін тағы да дәлелдеді.

Осыдан отыз жыл бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Тағдыр тарихын тасқа қашап жазған қазақ елі небір алмағайып заманды бастан өткерді. Бұл қиын кезеңде де ұнжырғамызды түсірмей, еңсемізді биік ұстап, қазақтың басынан өтетін бұл да бір уақытша кезең екенін түсініп, ертеңімізге зор сеніммен қадам басуымыз қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев бірлік пен татулық, рухани келісім мен өзара түсіністік сынды құндылықтар әрқашан біздің басты байлығымыз болып қала беретінін тіле тиек етті. Өйткені, бірлік пен тұрақтылық орнаған қоғамда игі жұмыстар жүйелі түрде өз кезеңімен жүзеге аса береді. «Ынтымақ болмай іс оңбас» деген бабамыздан сөз қалған.

Шындығында, бүгінгідей аяқ астынан туындап, әлем жұртын әбігерге салған індет кезінде береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Елбасы, әсіресе Тәуелсіздікпен бірге дүние есігін ашқан жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын туған халқын қауіп-қатерден аман алып қалуға жұмсайтындығына зор сенім білдіретінін жеткізді.

Біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белгіленген тәртіпке бағынып, мол жауапкершілік танытсақ, бұл кезеңнен де тайсалмай өтетінімізге сенімім мол.

Асқар Ханов,

БҚО Мичурин ауылдық округінің

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халқымызды ынтымаққа, бір-бірімізге қамқор болуға үндейді. Мақалада, ең біріншіден, халықтың денсаулығы мен аман-саулығы және әр адам өмірінің құндылығын бағалау арқылы жетістікке жететіндігіне баса назар аударылған.

Елбасы атап өткендей, қоғам осы ынтымақты бағытынан танбай, үрейге жол бермеуі қажет. Әр отбасында жеке бастың тазалығы мен қауіпсіздігінің ережелері мүлтіксіз орындалғаны абзал. Әсіресе, егде жастағы қарияларға бұл күнде қамқорлық еселене түскені жөн. Себебі олар қазір басты қауіп тобында. Қарттарға жақсылық жасап, қамқорлыққа бөлеу біздің халқымыздың табиғатына тән қасиет.

Елбасының бүгінгі мақаласы елге үлкен үміт, сенім береді. Елдің басына төнген түрлі қатерлі зауалдарда халқымыз әрдайым бірлік-берекесі, кең пейілі арқылы жеңіске жетіп отырғаны айқын. Бұл жолы да осылай боларына сенім артамын.

Қахар Дадашев,

Қызылорда облыстық өзбек

этномәдени бірлестігінің жетекшісі


Елімізге наурыз айында келіп жеткен індет барша халықты дүрліктірді. Қазіргі таңда азаматтардың, әсіресе аналардың ойында тек бір сұрақ: «Бұл індеттен қашан құтыламыз?». Коронавирус дүние жүзін жайлап барады. Оны жұқтырғандар саны да күннен-күнге артуда. Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә Назарбаевтың осы індетке байланысты «Ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» атты жолдауы, пандемиямен оның салдарына тиісті жауап беру мақсатында күш біріктіріп, сол індетке бірге қарсы тұрып, сақтануға халыққа күш жігер беретін, уақытында жарияланған үндеу.

«Мәңгілік ел» болуымыз үшін әрбір жеке тұлға өздерін күтіп, індетке мойынсымай, бірігіп күресіп, бірге шығуымыз керек деген ойдамын.

Үйде отырайық, сақтық шараларын қолданайық, қашықтықтан қарым қатынас жасап, білім көтеруге, ауламызды, үйімізді тазартуға, істелмеген істерімізді бітіруге, нан пісіріп, құрақ құрауға, мақала жазып, ғылыми жұмыстарымызды аяқтауға мүміндік барын ұмытпайық. Бос отырмай, өзіңе, отбасыңа, қоғамға пайда келтірейік дегім келеді. Елімізде амандық, тыныштық, келісім, бірлік болсын!

Шалқыма Құрманалина,

БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы

Кейін қарай