Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2017

989

Этностардың облыстық форумы

Петропавлда С. Мұқанов атындағы қазақ драма театрында облыс әкімінің қатысуымен этностардың Алғыс айту күніне арналған «Қазақ жерінің жылуы» атты облыстық форумы өтті.

2016 жылғы 14 қаңтарда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен елімізде жаңа мереке – Алғыс айту күнін құрды, осыдан кейін ол Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызда атап өтілуде. Алғыс айту күнін мерекелеуді Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерейтойлы сессиясында ұсынды.

Мерекелік концерт басталардың алдында күту залында қаладағы шебер әйелдердің және «Солнечный дом» интернаты тәрбиеленушілерінің сәндік-қолданбалы өнерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қонақтарды СҚО ҚХА жастар қанатының ұлттық костюмдер киген мүшелері қарсы алды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов шеберлермен танысып, олардың бұйымдарын қызыға қарады.

Өңір басшысы іс-шараны азаматтарды құттықтау сөздерімен және бейбітшілік пен келісім үшін мемлекетімізге алғыс айтумен ашты:

- Біздің бірлігіміз – бұл Елбасымыздың баға жетпес еңбегі мен үлесі. Халықтың ынтымақтастығы, бірлігі мен достығы символына айналған Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі орасан зор. Аймағымыздың республикадағы ең көп ұлтты өңір болғанын мақтан тұтамыз. Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жылдан жылға бейбітшілік пен келісімді, халық бірлігін сақтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

«Видергебурт» неміс этномәдени орталығының төрайымы Эльвира Ковзель, кәріс этномәдени орталығының төрағасы Евгений Хан және шешен-ингуш орталығының төрағасы Саип Байдуев жұртшылықты мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысына және қазақ халқына бейбіт өмір үшін, олардың ата-бабаларына қиын кезеңде қол ұшын бергеніне алғыс сөздерін жаудырды.

«Біз осы жерді ғасырлар бойы мекен еткен тұрғылықты халықтың қонақжайлығы мен кішіпейілдігін ұмытпағанымыз хақ. 30-жылдары ашаршылық пен жоқшылыққа ұшыраған қазақтар бізбен соңғы нанымен бөлісті. Осында қоныстанған барша этностар қазақ халқының ұлы ерлігін ризашылықпен жадында сақтайды. Бүгін біз бір-бірімізге бейбітшілік пен келісімде өмір сүргеніміз үшін алғыс айтамыз, - деді Саип Байдуев.

Концерт облыстық ҚХА мен қаланың шығармашылық ұжымдарының күшімен қойылды. Соңында «Черный бриллиант» вокалды үштігі қазақ тілінде «Тек алға» әнін орындады.

Алғыс айту күні – Мәңгілік Ел жалпыұлттық патриоттық актісінің арқауы. Бүгін бәріміз бірге табыстарымызға қуанып, қиын сәттерде бір-бірімізді қолдаймыз. Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде Болашағы біртұтас ұлт қалыптасады.

Кейін қарай