Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Мамыр, 2016

1125

Индияға шақырту алды

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның аймақтық құрылымдарына, сонымен қатар білім беру орталықтарына деген халықаралық қызығушылық жылдан жылға артып келеді. 24 мамыр күні Жамбыл облысына М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің шақыртуымен келген Индияның ұлттық кадет корпусының бір топ делегация мүшелерін «Қоғамдық келісім» КММ құшақ жая қарсы алды. 12 мүшеден құралған топтағы болашақ офицерлерді артиллерия полковнигі Лахбиндер Синг Лиддер, ТарМу-дің әскери кадерасының аға оқытушысы, подполковник Ұлықбек Жұмабеков ілестіріп жүр. Қонақтарды дәстүрлі «шашумен» күтіп алған кезде, жас офицерлердің таң қалысында шек болмады. «Қоғамдық келісім» КММ –дегі мұражайға кірген кезде, қонақтарымыз өздерін өзгеше әлемге кіргендей сезініп, әдістемелік бөлімнің әдіскері Дарья Бурмакинаға сұрақтарды жаудыра бастады. Мұражайдағы әр этномәдени бірлестіктердің дайындаған стенділерін тамашалады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған әрбір іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілі өз үлесін қосуға дайын екендігін айтып өтті мұражайдың таныстырушысы.

«Біздер, әскери адамдармыз, шынына келсек, мұндай қонақжайлылықты күтпеп едік. Сіздер бізге көрсеткен осындай халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім көңілге тек жақсылық нышанын ұялатады екен, – деп көңіл толқытарлық сезіммен атап өтті подполковник Сингх. – Біздер сіздердің осындай тамаша елдеріңізде болып, оның көпжылдық тарихымен, ұлттық мәдениетімен таныстық. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ақпарат біздің жастарымыз үшін бағалы. Өздеріңізге білдірген алғысымыз ретінде Сіздерді достарымыз және құрметті қонақтарымыз ретінде Индияға шақырамыз. Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық, кәсіби қызығушылық ретінде ғана емес, жәй ғана қарапайым халықтың адами және мәдени қарым қатынасының куәсі болсақ деген ойдамыз. Сіздерге үлкен алғыс!.

Мұражайдағы арнайы «Құрметті қонақтардың тілек кітабына» подполковник Лахбиндер Синг Лиддер өзінің тілектерін жазып жатқанда, басшыларының мұндай жақсы сөздеріне жас офицерлер де қосылып, алғыстарын білдіріп жатты.

Кездесу соңында мерекелік концерттік бағдарламамен қоса қонақтарға Д.Ивановтың «Сказание о Таразе» кітабы мен  Жамбыл облысының фотоальбомы да табыс етілді. Ұжымдық суретке түсіп болғаннан кейін индияның жас әскерилер делегациясы қаламыздың ерекше тарихи жерлерін аралауға жолға шықты.          

   

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі

Кейін қарай