Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Мамыр, 2020

1086

Исмаил Хаджимуратов: «Қарашай-Балқар халқына пана болған қазақтарға алғысымыз шексіз»

Менің өзім қуғын-сүргінді, зобалаңды көрген жоқпын. Анам қарашай Шидакова Муслимат Хажымұратқызы 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударғаны жайлы жиі айтатын. Анам жер аударғанда 19-жаста екен, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті.

«Шырт ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятып, үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицермен автомат асынған төрт солдаттар қоршап алған. Айтылған талаптары – ең керекті заттарды алу. Бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша станциясына, (қазіргі Черкесск қаласы) жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып белгісіз жаққа ала жөнелді. Ер азаматтар соғысқа кеткен, қарттармен, жас балалар, сәбилер жолды көтере алмай өліп жатты, төрт тәулік есікті ашпай жүріп келіп Волга өзенінің көпіріне келгенде есікті ашқанда вагондағы бірталай адам лап ете кірген таза ауадан есінен танып құлап түсті. Қайтыс болғандарды бұрышқа бірінің үстіне бірін жинап қойған еді, өзіміз жерлейміз деп соларды түсіріп алды. Есіктер жабылған сәтте поезд жүрмей жатып әскерлер мүрделерді аяқ-қолынан ұстап Волга суына лақтырды. Шулап жылаған халық жақындарынан осылай айрылып кете барды. Неткен қасірет.

Тағыда 3-4 күн жүріп, Жамбыл ауданы Жетітөбе станциясына әкелді, сол жерден Қазақстан деген елді білмейтін, қазақ деген ұлтты білмейтін қарашайларды қазақтар өгіз арбамен, есек арбамен, түйе арбамен күтіп, үйлеріне бөліп кіргізіп алды. Бізге пана болған қоржын тамы бар Әпсейіт пен Әзімкүл деген кісілер еді, Әпсейіт соғыста, Әзімкүл 3-4 жасар ұлы Омарсейітпен біз әкем Хажымұрат, анам Хұраймат інілерім Оқап, Мұса, сіңілім Саният сол үйді паналап бір нанды бөліп жеп, бір қазаннан ас ішіп есмізді жиғанша бірге тұрдық. Омарсейіт әкесін аңсай ма, әйтеуір әкем Хажымұраттың қойнына жататын. Міне. қарашайлар елге көшкенде сол кісілер маған төркін болды. Әпсейіт соғыстан аман оралды, ал Омарсейіт өмір бойы жөні бойынша мені жеңге демей «әпке» деп өтті. Не деген дарқандық?!

Қазақ халқы өздері аш отырып, соңғы нанын бізбен бөліскені не деген қайырымдылық десейші?! Халық қайырымдылықты алғыс айтсын деп жасамайды, кең даласындай құшағы бар, көңілдері мейірімге толы, қиындық көргендерге қамқорлық жасау бұлардың ата-бабасының қанында бар. Оларға қандай алғыс айтсаң да аздық етеді. Алғыстың ең жақсысы – жақсы азамат болыңдар, жақсы оқыңдар, адал еңбек етіңдер, қиянат жасамаңдар, еліңді, жеріңді, халқыңды сүйіңдер, үйлі болып жақсы ұрпақ өсіріңдер, міне сол қазақ елі үшін рахметің болады!» - деп айтушы еді.

Анамның өмірінің 19 жылы Кавказ елінде, қалған 70 жылын Шоқай аулында еңбек етіп өткізген. Еңбегі еленген анам Еңбек Қызыл Ту, В.И.Лениннің 100-жылдық, 1941-1945 жылғы тыл ардагері, Еңбек ардагері медальдарымен марапатталды. Өз бауырында өсірген 7 ұл-қыздан 34 немере, 12 шөбере көріп 89 жасында бақилық болды. Бізде сол ана аманатына адалдық жасап жетеуміз де жоғары оқу орнын бітіріп хал-қадірімізше еңбек еттік.

«Өткенге көз салмай, болашақты бағдарлай алмассың» - дейді емес пе? Сол өткен жайлы кей мәліметтерді айта кетейін.

Ең масқарасы – депортация жасағанын білмей соғыстан азап шегіп жаралы болып әскерден ауылына оралған қарашайларды үйлеріне кіріп алған жергілікті тұрғындар (грузии, свандар) жылы қарсы алып түнде өлтіріп үстіне шоқпыт киімдер кигізіп «бандит, сатқындар» деп НКВД-ға тапсырып, сол үшін әжептәуір ақшалай сыйлық алып тұрған, осының бәрі ащы болса да шындық еді.

Соғысқа дейін қарашайлықтар 80 мыдай еді. Оның 15 мыңы соғысқа кетті, 2 мыңы әскери еңбекке алынды. Қалған 63 мыңының - 20 мыңдайы жолда қырылып, аштықтан өлді, олардың көбі бала-шаға мен қарттар еді.

Бір мысал айта кетейін. Анам отырған вагондағы Байдымат пен Супият есімді қос қыздың әжесі, анасы мен жеті бауыры аштықтан өлген. Ал аман қалған қыздарды қазақтар асырап алып күйеуге ұзатты. Байдымат 5-6 ұл қыз, Супият 9-ұл қыз өсіріп қазақ елін Отаным деп, өсіп-өнді. Тағы бір жетім қалған қарашайлық Хамзатов Шонай еңбек ардагері, ұзақ жыл Жамбыл облысы Пионер қой савхозында еңбек еткен, 6 айлық сәби кезінде анасынан, 8 бауырынан айрылды.

Тірі куәгерлердің не түрлі жан түршігерлік әңгімелерін естідік. Жолда азап вагонында төрт баланың анасы жан тапсырған, қажет жерге жеткен соң төрт баланы бір жертөлеге орналастырған адамдар оларды ұмыт қалдырады, ертесіне есіне түсіп келгенде ең кішісін құшағына алып, суыққа қатып өлген інілеріне қарап отырған ересегі «тыныш, олар ұйықтап жатыр», - деп, өзі де ұзамай жан тапсырыпты. Кейбір отбасылардан бірде-бір адам қалмады. Қазақ елі барынша көмегін аямады, жетім қалғандарды асырап алып, кейбіріне қазақша есім берді.

Осы Тараз қаласында өмір сүрген қызмет еткен, елге танымал болған Жетігенов Тілепалды, Нұртаев Аллаберген ағаларымыз қарашай боп туып, қазақ болып өмірден озды, артында ұл-қыздары өніп-өсіп жатыр.

1941-1945 жылғы соғыс жылдарында қарашай ұлтынан 15 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды, соның екеуі екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына қол жеткізген. Соның бірі танкі бригадасының командирі Днепрді қорғаушы Харун Богатырев, екіншісі аңызға айналған Белоруссияның Могилевщина орманындағы даңқты партизан полкінің командирі Осман Касаев.

Дәл осы уақытта Кеңес Одағының екі мәрте батыры Осман Касаевтың анасы азап вагонында аштықтан өлді, басқаларының аналары, әкелері, бауырлары, балалары жер аударылып, аштықтан, аурудан, суықтан қырылып жатты. Неткен қатігездік?! Үш қарашай әскері Мәскеуде 9 мамыр Жеңіс парадына қатысып, сол жерден тұтқындалып Қазақстанға жер аударылды. Арнайы комендатурада жүріп, қазақ жеріне келген қарашай-балқар халқы бел шешпей еңбек етті, соның нәтижесі Жамбыл облысынан екі қарашай қызы Кеңес Одағының Еңбек ері алтын жұлдызын алды. Олар қант қызылшасын өсіруде әлемдік рекорд жасаған қарашай қыздары Шидакова Патия мен Курджиева Нурзуля еді. 1957 жылғы 9 қаңтардағы КСРО-ның үкімі бойынша Қарашай-Балқар автономиясы қалпына келтіріліп, отандарына оралуға жол ашылды. Қарашай елі өз Отанына 14 жылдан соң оралды, біразы осында қалды, аралас некелер болды, қазақтармен құда болды, қазақ көршілерін, достарын қимады еңбек етті, ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанды өз Отаным деп өсіп-өніп жатыр.

Қазақстан Парламентінің Сенаты болған, Тараз қаласының құрметті азаматы марқұм Арғынбай Бекбосынов ағамыз: "Менің балалық шағым соғыс кезіне тап болды, Суханбай ауылында жер ауып келген қарашай ұл-қыздармен бірге оқып дос болдым, олар кейін еліне кетті. Арада бірнеше жылдар өткен соң бір демалыста Киславодскі шипажайында демалып жатқанымда, Айвазов деген досым үйіне әкетіп екі-үш күн жібермей қонақ етті», - дегені бар еді.

Қазақ халқынан көрген жақсылық, қамқорлық, мейірбандылық, қонақ жайлылықты бәрін сіздерден үйрендік, бойымызға сіңірдік біз қарашай елі осыларды ұл-қыздарымызға мұра етіп өсиет етіп айтып отырамыз. Қазақ халқына осыдан артық қандай баға берерсің. Өмірден өтседе аманат еткен анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызының атынан, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қарашай-Балқар Этносының атынан қазақ еліне, қазақ халқына бас иіп рахмет айтамын. Зобалаң күндер оралмасқа кетсін халқымыз аман, жұртымыз тыныш бейқұт заманда жасай беріңіздер деп тілеймін.

Исмаил Хаджимуратов, Жамбыл облыстық

Қарашай-Балқар этномәдени орталығының өкілі,

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі

Кейін қарай