Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Ақпан, 2015

1003

Кәріс Жаңа жылы – Сольналь

2015 ж. 18 ақпан күні сағ. 14.30да Орал қаласындағы ЖОББ №7 мектебінің акт.залында Батыс Қазақстан облысы Кәріс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен корейлер диаспорасының өкілдері ай күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа жыл – Сольналь мерекесін атап өтті. Мерекелік шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды.

Кәрістер биылғы жылы Сольнальды 19 ақпанда тойлады. Корей жерінде табиғаттың қайта жанданып, бүршік атып, қаһарлы қыстан кейін келген көктем мерекесінде үлкенге құрмет көрсетіп, жастар сыйластығын білдіруге барады. Қариялар өз кезегінде жас буынға баталарын беріп, ата-бабалар әруағын еске алады. Бұл күнді қуанышты өткізу алдағы жыл бойы осындай күймен өткізуге тең дейтін кәрістер Сольнальды барынша кең ауқымды тойлауға тырысады. Ұлттар мен ұлыстардың бірлігі жарасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұрып жатқан халықтардың бір-бірімен аралас-құралас болып, ұлттық мерекелері мен тойларын бірге тойлауына себепші. Осының бір мысалы ретінде Батыс Қазақстан облыстық Корей этномәдени бірлестігімен ұйымдастырылған мерекеде қатысқысы келетін барлық адамға мүмкіндік жасалғанын айтуға болады. Мерекелік шараға облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері, БҚО әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өкілдері және бірқатар этномәдени бірлестік басшылары келіп қатысты. Бір атаның баласындай болған өңірдегі бірнеше ұлт өкілдері бас қосқан мейрамда жас буын балдырғандар өз өнерлерін паш етті. Орал қаласының жалпы білім беретін №7 мектебінде ұйымдастырылған мерекелік шара мемлекеттік, ресми және корей тілдерінде ашылып жүргізілді. Аталмыш шараның осы мектепте өтуіне БҚО Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пактың сөзінше, 2014 жылы алғаш болып облыс бойынша құрылған ұлтаралық «Достық» клубының (КИД) белсенді жұмысы мұрындық болды. Оған қоса, аталмыш мектептің өзінде 30 дан астам корей ұлтының балалары білім алуда. Қызықты да, түрлі түске боялған мерекелік кеш барасында осы клуб мүшелерімен корей ұлттық билері орындалып, әндері шырқалды. Жиналғандарды Корей этномәдени бірлестігінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Тё құттықтап, өз сөзінде әр халықтың жаңа жылы түрлі уақытта болғанымен, мағынасы бір екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ мерекеде кәріс ұлттарының өкілдері бір-біріне деген жылы тілектерін білдірді. Олар «Көп ұлтты қазақ елінде тек татулық пен бірлік, бейбітшілік жасасын», - деп тарасты.

Кейін қарай