Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Мамыр, 2016

862

Көшетауда Н.Назарбаевқа арналған фильмнің көрсетілімі өтті

Көкшетауда  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің премьерасы өтті. Премьераны тамашалауға Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, мемлекеттік қызметшілер,  облысқа танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен студенттер келді.

Кинолента ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильм режиссері – РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі, «Белая гвардия», «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский роман» картиналарын жасаған Сергей Снежкин.

Фильмде Кеңес Одағының ыдырауы, тәуелсіз мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның құрылуы, жалпы 1984-1991 жылдардағы кезең қамтылған. Фильмнің сюжеті бойынша ағылшын жазушысы Джереми Вильсон ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, оның өмірбаяны туралы жазуға ниетті екендігін айтады, алайда жоспарланған сұхбат журналист пен Мемлекет басшысының тәуелсіз мемлекет тарихы толқынындағы ұзақ сапарына ұласады. Олар сайын далада да, қар басқан шыңдарда да, қонақжай киіз үйде де болады, оқиға желісі 2015 жылдан 1950,1989, 1986, 1991 жылдарға ойысады. Еліміз картасындағы әрбір жер Президент өмірбаянының парағындай. Журналист Нұрсұлтан Назарбаев әңгімелеген әр оқиғаның ортасынан табылады. Ертесіне Президент Алматыдағы сапарын әрі сұхбатын аяқтайды. Вильсон мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдаған және Тәуелсіз Қазақстан үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алған залда қоштасады.

Фильмде Мемлекет басшысының естеліктерінен эпизодтар пайдаланылған. Аталған картина Қазақстанда, Ресейде, Алматы мен Алматы облысында, Астана мен Қарағандыда, Мәскеу мен Санкт-Петербургте түсірілген.

Фильмде 70-тен астам нысан бар, Кремль, Ресейдегі «Националь» қонақүйі, Қазақстандағы, соның ішінде Қарағандыдағы Кеншілер сарайы, 1989 жылғы шахтерлер ереуілі, Ақмола облысындағы Астрахань ауданының егін даласы, КПСС ОК-нің Бас хатшысы М.Горбачевтің Целиноград облысына сапары қамтылған.

Басты рөлді – жас қазақ актері Берік Айтжанов сомдаса, сонымен қатар фильмге Алтынай Нөгербек, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Даиров, Жанель Мақажанова, Динара Бақтыбаева, Карлығаш Мұхамеджанова  сынды өнерпаздар түскен.

Көкшетаулықтар фильмнің премьерасына көптеп жиналып, жақсы әсер алып шықты.

   

«Қоғамдық келісім»

 мекемесінің баспасөз орталығы

Кейін қарай