Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қараша, 2020

1132

«Келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жарияласақ»

2020 жылғы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің халықаралық қатынастар факультетінің 4- курс студенті, «Оберег» украиндар қоғамының жастар қанатының мүшесі Юлия Лагуткина «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын толық қолдап, өзі толық орындап жүргенін айтып өтті.

Ю.Н.Лагуткина 1999 жылы 23 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Лавровка ауылында дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті. Ұлты -орыс. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

- Аты-жөнім – Юлия Лагуткина. 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келгенін.

Менің замандастарым – тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұрпақтары. Әлеуметтанушылар бізді «Z буыны» деп атайды.

Яғни технологияның тілін меңгерген бүгінгінің жастары. Менің қатарластарым ғылым мен техникада жаңалықтар ашып, әлемге таныла бастады. Биологиялық медицинаны жетілдіріп, робот құрылғыларын ойлап табуда ешбір мемлекеттің жастарынан кем түспейді. Нұрсұлтан Әбішұлы, «Z буынының» қалыптасып, дамуы үшін біздің елімізде шын мәнінде барлық жағдай жасалған. Соның арқасында, мен Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін алтын белгімен бітірдім. Қазір мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студентімін. Әдетте Солтүстік Қазақстанның тұрғындары қазақша сөйлемейді деген стереотип қалыптасқан. Бірақ олай емес. Бұл сөздерді сіздердің алдарыңызда қазақша сөйлеп тұрған мен жоққа шығара аламын.

Орыс және ағылшын тілдерін де жетік білемін, қытай тілін үйреніп жатырмын. «Үш тұғырлы тіл» бағдарламаңызды толығымен орындадым деп ойлаймын. Мен 10 жыл бойы орыс мектебінде оқыдым. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді ауылдағы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Құсайынова Жанар Ғазизқызы оятты.

Ол кісі сабақ үстінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзіңізді жиі қайталап айтатын.
Кішкентай кезімнен сіздің алдыңызда қазақша сөйлесем деп армандаушы едім, сол мүмкіндік бүгін туғанына ерекше бақыттымын.
Қазір кейбір жастар жайлы жерді шетелден іздейді. 2014 жылы менің туған ағам да Ресейге көшіп кетті. Мен мектепті бітірген кезде қасына алғысы келіп, Томскіге оқуға шақырды. Алайда мен бармадым. Өйткені менің Туған Жерім – Қазақстан! Өз Отанымда тұлға ретінде қалыптасып, еліме титтей де болса пайдамды тигізгім келеді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру» тапсырмаңызды да – мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастары күнделікті жүзеге асырып жатыр.Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын бір жыл ішінде төрт мәрте өткізді. Ал жақында Алматы қаласында Ассамблеяның Қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресі өтті.

Сол жиында жазушы Смағұл Елубай ағамыз: «Біз Герольд Бельгерді қазақша сөйлегені үшін құрметтеп, бауырымыздай жақсы көрдік.

Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отырған сіздер де енді маған бауырсыздар» деді. Осы сөз бізді одан сайын жігерлендірді. Сондықтан келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жарияласақ!

Тіл мәселесін тек мемлекетке жүктеп отырмай, барлық азаматты атсалысуға шақырамын. Ендігі жерде Елбасымыз айтқандай «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс»!

Кейін қарай