Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қаңтар, 2022

826

ҚХА мүшелері халықты бірлікке шақырады

Елімізде орын алған жағдайға байланысты Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері халықты бірлікке, сабырлыққа шақырады.

Құрметті отандастар, кешегі өткен оқиғалар әрбір қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Әсіресе, бейбіт митингіне шыққандарды арбап әкеткен, террорлық, лаңкестік әрекеттерімен мемлекетіміздегі тыныштықты бұзып, халықты үркітіп-қорқытып мемлекетке қауіп келтірген содырлар орта және кіші кәсіппен айналысып жүрген азаматтарымызды көп шығынға батырды. Біз ҚХА мүшелері осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысының саясатын қолдап, провокацияға берілмеуге шақырдық. Әрине, бұл көңілсіз оқиға біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып, 31 шы жылдың алғашқы күндері тарихқа қара әріппен жазылатын күн болды. Мен ҚХА Кеңес мүшесі ретінде Мемлекет басшысының саясатын толығымен қолдап бүгінгі күнде мемлекетті басу үшін жасалған лаңкестік әрекеттерге негативпен қараймыз. Халқына қызмет еткен полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, шын мәнінде өздерінің патриоттық сезімдерін көрсеткендеріне куә болдық. Ол батырларды біз ұмытпаймыз.

Икрам Хашимжанов,

Түркістан облысындағы Өзбек мәдени орталығының төрағасы

***

Құрметті жерлестер! Еліміз бұл күндері өз тарихындағы ауыр кезеңді бастан өткеруде. Қаншама бейбіт тұрғындар, тәртіп сақшылары, әскери қызметшілер қаза тапты. Бейбіт митингілерді пайдаланып ланкестер қасақана шабуыл жасады. Бұл біздің тәуелсіздігімізге көз тіккен, арандатушылардың әрекеті екені айтпаса да түсінікті. Тек, әттеген-ай, соларға біраз азаматтар еріп кетті. Лаңкестік әрекеттерді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қастандық жасаушылар алдын ала жоспарлаған. Татулығымыздан айырып, алауыздық тудырып, үрей туғызуға жол беомейміз. Біз үшін еліміздің ұлттық бірлігі мен тәуелсіздігінен маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлының дер кезінде жолдаған үндеуі мен жедел шараларын қолдаймыз. Мен өз замандастарыма, жерлестеріме сын сағатта бірге болуға шақырамын. Әрдайым Қазақстанымды мақтан етемін, Мен өз елімді ерекше сүйетін, құрметтейтін азаматпын.

Юрий Михуля
Қарағанды облыстық "Ассамблея жастары" ұйымының мүшесі

***

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барлық азаматтарды сабырлылыққа шақырамын. Арандатушылыққа ілесіп кетпей, елдің қамы үшін бейбіт өмір мен ауызбіршілікті сақтайық! Қазақстанның және жастардың болашағы үшін қойылған талаптарды сақтайық! Бетегең кетсе бел қалар, берекең кетсе нең қалар, деген. Біздің берекемізді қашырып, мамыражай халқымыздың шырқын бұзған кім? Бұны құзырлы ұйымдар анықтайды. Ал біз, қазақстандықтар, Мемлекет басшысын қолдап, барымызды сақтайық бауырлар! Менің ұлтым басқа болса да, қазақ елі менің жерім, ал қазақ халқы менің бауырым. Іргеміз сөгілмесін. Құр сөзбен, жалаң ұранмен емес, елдігімізді ынтымақпен көрсетейік.

Мердан Атамұрат
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны, меценат, түркімен этномәдени бірлестігінің өкілі

***

Құрметті отандастар! Жамбыл облысы «Манас-Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшелері елімізде болған ахуалға байланысты барша бақилық болған әскерилердің және бейбіт тұрғындардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады.

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда бейбітшілік пен өзара келісімде 140 этника мен 40-тан аса конфесиия өмір сүруде. Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің бір дастарханда бас қосуы. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын!

Мендибаев Алмазбек,
Жамбыл облысы «Манас-ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы

***

"Аяғы жаман төрді былғайды, ауызы жаман елді былғайды". Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді деп бабаларымыз айтпақшы, еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын! Біз, Жамбыл облысының "Әулие Ата" атындағы Қазақ мәдени орталығы ел іргесі бүтін, тыныштығы берік болуы үшін барша қазақстандықтарды бір шаңырақтың астында ешқандай ұлтқа, нәсілге, дінге бөлінбестен байырғыдан келе жатқан бірлігіміз бен бейбіт өмірімізді қызғыштай сақтауға шақырамыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айгүл Кабиева,

"Әулие Ата" атындағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы орынбасары


Кейін қарай