Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Қазан, 2017

872

ҚХА ТӨРАҒАСЫ Д.МЫҢБАЙДЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбайдың жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болып, Достық үйінде кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Алтай Көлгінов, этномәдени бірлестік басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашып, мейманға қош келдіңіз айтқан облыс басшысы 90-нан аса этнос тұратын Ақ Жайық өңірлік ассамблеясында 127 мүше, 20 мыңнан аса белсенді, 52 этномәдени орталық барын, ассамблеяның 52 мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаты болып табылатынын айтты. Былтыр Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс орталығында ашылған Достық үйінде барлық этномәдени орталық пен облыстық ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері үшін қажет жағдайдың бәрі жасалған.

Биыл ассамблея «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеуде. Бағдарламаның алты бағыты бойынша 20-дан астам жоба дайындалып, жүзеге асырылды. Ассамблеяда  жұмыс тобы құрылып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша үміткерлер іріктелді. Жұмыс нәтижесінде 305 үміткердің кандидатурасы республикалық комиссияға жолданды.

Өз кезегінде сөз алған Дархан Мыңбай БҚО-ға шақырып, мұндағы ассамблея жұмысымен танысуға барынша жағдай жасап, қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

- Елбасының рухани жаңғыру бағытындағы мақаласының мәні тереңде. Оған біз жете мән беруіміз керек. Ол бір-екі жылға арналған бағдарлама емес. Сол себепті санға емес, сапаға назар аударатын уақыт жетті. Енді дөңгелек үстел, түрлі жиналысты азайтып, сапалы, көпшілік үшін пайдалы іс-шараларды ұйымдастыруымыз қажет.

Жалпы Ассамблея жұмысында батысқазақстандықтар белсенділігімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта осы межеден табылады деп ойлаймын, - дей келе Дархан Қамзабекұлы Ассамблея алында тұрған міндет-мақсаттарды айтып өтті.

Елбасының мақаласынан кейін ассамблея жұмысында да біраз өзгеріс болып, қайта жаңғыруда. Бұл — уақыт талабы. Аталмыш бағдарлама арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы біздің алдымызға нақты міндеттер қойылып отыр. Соған орай осы бағдарлама шеңберінде өткізілетін іс-шаралар жоспары жасақталды. Жыл соңына дейін 583 іс-шара өткізу жоспарланды. Соның 20-сының республикалық маңызы бар. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсемен бекітілген шаралар Батыс Қазақстан облысында да ұйымдастырылмақшы. Олардың ішінде «Қазақстанның 7 кереметі», «Асыл ұрпақ», «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» сияқты іс-шаралар бар.

Жалпы, осы бағдарлама аясында өткізілетін барлық іс-шараны біз сапалы өткізуге мән беруіміз керек. Себебі, бұл жұмыстар әкімдердің рейтингісіне және өңірлерде жүзеге асып жатқан өзге де жұмыстарға әсер ететін болады. ҚХА-ның ХХV сессиясында Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге назар аударғаны белгілі. Яғни бізге тек дөңгелек үстел емес, нақты нәтиже беретін заман талабына сай өзге шараларды да ұйымдастыруды  қолға алуымыз керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар бір-екі жылдың көлемін емес, болашақты қамтитынын бәріміз түсінуге тиістіміз. Соған байланысты қоғамдық сананы жаңғырту бағытында  өңірде атқарылатын жұмыстар жөнінде 2018-2020 жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын дайындау қажет. Онда «Туған жер», көп балалы жанұяларға қолдау, отбасы институтын нығайту, «Қазақстанның 100 жаңа есімі», латын әліпбиіне көшу сынды жобалары міндетті түрде көрініс беруі тиіс. Осынау жұмыстарға этномәдени орталықтар бір кісідей тартылып, бұл жобалардың әрқайсысының мән-мағынасын көпшілікке түсіндіруге атсалысқандары жөн, — деген Дархан Қамзабекұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Ассамблея туралы» заңды жетілдіру қажеттілігіне де тоқталды. Сол себепті ҚХА батысқазақстандықтардан да ассамблея жұмысын жаңа арнаға тоғыстыруға мүмкіндік беретін ұсыныс-пікірлер күтеді.

Жиында этномәдени орталықтардың басшылары мен облыстық ассамблеядағы құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері өз жұмыстары туралы айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Басқосудан кейін Д.Мыңбай қаладағы «Стекло-Сервис», Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы секілді кәсіпорындарда болып, ондағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарымен танысты.

Дата события ассамблеи: 03.10.2017

Кейін қарай