Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Сәуір, 2016

698

ҚХА – теория мен тәжірибедегі жаңа міндеттер

Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының «ҚХА – теория мен тәжірибедегі жаңа міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, «Қарағанды облысы білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен колледж директорлары қатысты.

Дөңгелек үстелде білім саласындағы өткір проблемалар қарастырылды. Атап айтсақ, «ЖОО-колледж-мектеп»: жас мамандардың әлеуметтік бағдары» атты саяси-қоғамдық «көпір» ұйымдастыру мәселелері талқыға түсті. Әсіресе, колледждердің білім деңгейі көптеген сұрақтарды туындатты. Халық арасында колледждердің дәріс беру жүйесі артта қалған деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Осы жиынға келген аталмыш мекемелердің директорлары бұл жөнінде өз пікірлерін бүгіп қалмады. Әсіресе, орта мамандандырылған оқу орындары жыл сайын студенттер санын толтыра алмай келетіні анықталды. Оның негізгі себебі – колледждер бұрынғы сұранысты жоғалтты.

Ең алдымен, атқарушы билікпен тығыз әрекеттестік жоқ: бітірген түлектердің біліктілігін арттыруға және жұмысқа орналасуға арналған бағдарламалар қарастырылмаған, материалдық-техникалық демеу көрсетілмейді, насихаттық жұмыстар жеткіліксіз. Ерекше атап өтетін жай, колледж оқушыларына қарағанда университет студенттерінің стипендияларының айтарлықтай көптігі және тәуір жабдықталған жатақханада тұрулары да әсер етеді. Үшіншіден, орта мамандандырылған оқу орындарының барлық салада үнемі екінші деңгейдегі мекемелердің қатарына койылуы. Нұсқап айтса, колледж оқушылары жоғары оқу орындарының спартакиадаларына қатыстырылмайды, оқытушылар халықаралық  сыйлықтар аламыз деп үміттене алмайды. Бұл аспектілердің бәрі осы оқу ошақтарының мәртебесіне тікелей теріс әсер етіп жатқаны алаңдататын жағдай екені ескертілді. 

Жиын барысында колледждерді мемлекеттік, жекеменшік деп бөлмей, екі тарапқа да біркелкі қарым-қатынас қалыптастыруды, кемсітушілік көрсетілмей, насихаттық жұмыстарды қарқындату алдағы уақытқа қойылған негізгі міндет болды. Заманауи қоғамда бәсекеге сай білім саласының қалыптасуы мен дамуы – мемлекеттің берік іргесі іспеттес. «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлттық жоспарының да көздеген мақсаттарының бірі осы. «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы» идеясын іске асыруда білікті маман даярлау уақыт сұранысы екені тағы бар.

Бұдан бөлек, студенттердің шетелде білім алуға деген сұранысы жыл сайын артып келе жатқаны отырыс қатысушыларын ерекше алаңдатты. Білім саласындағы мамандардың айтуынша, аталмыш үрдіс білікті мамандарды жоғалтуға әкеп соқтыруы мүмкін, себебі, қазірдің өзінде, өзге мемлекеттерде білім алып жатқан қазақстандықтардың елге оралуы сиреген.

Облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, экология ғылымдарының докторы, «Видергебурт» неміс орталығы» облыстық қоғамының төрағасы В. Кист: «Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп. ХХ ғасыр білім мен ғылым ғасыры болды. Адамзаттың моральдық және материалдық капиталына айналды. «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы» идеясын дамыту мақсатында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Адамзат дамуының ерекше мүмкіндігі және еңбек қоғамында білім мен біліктіліктің абыройын арттыру керек» деп айрықша айқындап өтті. Осы міндеттерді мінсіз атқаруға дайын болу керек», - деп ойын білдірді.

Пікірталас алаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар аудиториясымен тығыз қарым-қатынасты нығайтып, болашақ кәсіби маман даярлауда түлектердің сапалы білім жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау жолдары қарастырылды. Бұл тарапта мемлекеттік құрылымдар, бизнес, ағарту ұйымдары, этномәдени бірлестіктер күштерін жұмылдыру маңызды екені баса айтылды.

   

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

Кейін қарай