Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Қыркүйек, 2015

1090

Хан ордасы тігілген тарихи мекен

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» атты экспедициясы 14 қыркүйек күні Көкшетау қаласына келіп жетті. 

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» атты экспедициясы 14 қыркүйек күні Көкшетау қаласына келіп жетті.

Қалаға кіре берістегі қаланың іргетасы қаланған тарихи күн көрсетілген ескерткішке аялдаған соң облыс орталығындағы Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәлліп Әпжаппаров басқарып отырған ұжыммен және студенттермен кездесу ұйымдастырылды.

Тарих ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ әдістемелік қамсыздандыру және ғылыми сараптамалық қолдау қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов экспедицияның ғылым мен білім үшін, еліміздің қоғамдық саяси өмірі үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен басталған экспедиция төрт бағытта жүріп жатыр. Еліміздің бірлігін, дамуын насихаттау жолында да жұмыстар жүргізіп келеміз. Сонымен қатар  бұл ішкі туризмді дамыту, еліміздің бай тарихын, мәдениетін одан әрі зерттеу, зерделеу мақсатында өткізіліп отырған іс-шара» деп атап өтті ол.   

Экспедиция аясында өтіп жатқан «Теңдесіз сый» акциясы аясында университет кітапханасына кітаптар сыйға тартылды. Облыс орталығында орналасқан Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым еткеннен кейін делегациялық топ Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Мектеп оқушылары алдында ғалымдар Отанды қалай сүюге болады, елге тұтқа болған азаматтар кімдер, мәңгілік ел идеясы ұғымын  толығырақ түсіндіріп берді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тарихшылармен фотосуретке түсті.

Қазақ географиялық қоғамының өкілі Мағжан Сағымбаев 380 күн ішінде жер шарын велосипедпен жүріп өткен. Ол: «Мен осы саяхат арқылы саламатты өмір салтын насихаттағым келді. Жастар спортпен айналысса екен, велосипед тепсе екен дегім келді. Саяхат барысында басқа елдердің салт-дәстүрлерімен таныстым, тілдерін үйрендім. Жүрген жерімде Қазақстан жайлы, қазақтың салт-дәстүрі, тілі, мәдениеті, ұлттық тағамы жайлы әңгімеледім» - деді өз сөзінде М.Сағымбаев.

Жазушы Әміржан Әлпейісов «Қазақ жастарының тәуелсіздікке қосқан үлесі» деген тақырыпта баяндама жасады. Кеңес үкіметі кезінде алыс, жақын шет елдерде оқыған қазақ жастары ұйымдастырған қозғалыстар жайлы баяндады. Болашақ үшін күрескен «Жас тұлпар» қозғалысының мүшелері туралы кеңінен әңгімеледі. Оқушылар кездесуде қазақ хандығының құрылу тарихы, қазақ батырлары, билері мен сұлтандары жайлы тың деректермен танысып, тарихтың ақтаңдақ беттеріндегі мол ақпаратпен қанықты.

Экспедиция мүшелері Ақмола облысының өлкетану мұражайында өңірдегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлермен танысты. Олар: 18-19 ғасырда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған ыдыс-аяқтар мен сауыт-саймандар. Абылай ханның, Уәли сұлтанның жеке қару жарақтары, киім-кешектерін көріп, тамашалады.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 

Кейін қарай